60 жылдық мерейтойға орай жасалып жатқан жұмыстар легімен танысу үшін жұма күні Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев пен қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай Қызылсай ауылына барды. Алдымен С.Бегендікұлы атындағы №4 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесінде болып, одан кейін орыс әулие қорымының сыртын қоршау жұмыстарын  көрді.

Қызылсай ауылында орналасқан «СтройПластАқтау» ЖШС — гипс және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын кәсіпорын. 2018 жылы жеке кәсіпкер Серікбол Боранқұлов ашқан зауытта бүгінде 10 адам еңбек етеді. Сапар барысында қала әкімі аталған зауыт жұмысымен де танысты.

— Өнімді дүкендерге, базардағы құрылыс нүктелеріне және Ақтау қаласына жіберіп отырмыз. Сұраныс жақсы. Мейрамханалар ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына алып жатыр. Шикізат өзіміздің карьерлерден жеткізіледі, — деген зауыт иесі С.Боранқұлов алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейтіп, жұмысшы санын кем дегенде 30-40 адамға дейін көбейтпек ниетте екенін айтты.

Сондай-ақ кәсіпкер Жаңаөзен қаласының әкіміне зауыт жұмысына керек қаржыны банктен несиеге алғанын, қазір 16 пайызбен үстеме төлеп отырғандығын айтып, мемлекеттен шығынды субсидиялауға көмек сұрады. Ә.Дауылбаев мәселені жан-жақты қарастыруға уәде берді.

60 жылдықтың аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ең ауқымдысы – Қызылсайдың тарихынан сыр шертетін стелла құрылысы. Ауыл кіреберісінде бой көтеріп жатқан нысанның құрылысы бүгінде қарқынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаздың аяғына дейін толықтай бітуі тиіс. Бірқатар нысандарды аралаған Әділбек Дауылбаев ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайы туралы да ақпараттар алып, алдағы уақытқа жоспарлар жасақталатынын жеткізді.

Айжан НАСЫРОВА