Гүлсім Рамашева

Бүгін ұлағатты ұстаз Гүлсім Рамашева туралы аз-кем сөз шығарғалы отырмыз. Жанындағыларға жанашырлықпен қарап, айналасына адамшылықтың дәнін сеуіп жүретін бұл жанды мен бұдан жеті жыл бұрын ғана таныдым. Арамызда аттай елу жыл жатса да, қашан көрсең де өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бұрыннан біліс кісіше сөзіңнен сыр тартып, қомқор болып жүргені.

Мағжанның қайбір өлеңінде кезігетін «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» деген сөз тіркесі есіңізде шығар.

Біз де сол кепті кешіп, аспандағы айға ұмтылып, көр­-жерді өлең қылып жүрге­німізде алғаш «талант» деп танып, бауы­рына басып, шығармашылықтың азабы мен ғажабы туралы сөз қозғаған да осы жан. Ана ғасырда қалып қойған ұлы ақын­ның өзін кеше дүниеге келген құрдасымыз сынды «Абай» деп атап жүргенімізбен, жанымыздағыларға «сіз-­бізіміз» таусы­лып көрген жан емеспіз. Сол қалыпқа салып, «апайлап» жүрсем де, ол кісінің болмысын сезінген сайын бір нашар сезім бойымды қуалап жүгіріп өтетіні жасырын емес еді. Аздаған аяушылық сезімі болып бас көтеріп, кейін шын мәніндегі түсініксіз түсінікке ұласып кете барған ішімдегі бұл сұрақ апайды көрген сайын бас көтеретін.

Көмекейімнен әрі аттап баспай жатып алатын осы сұрағымды қанша көрсем де өзіне қоя алмаған екенмін. Шіркін десе­ңізші, адамның ақымақтығында шек бола ма?! Орайы солай десек те, сұрағыма жауап алғаным кеше ғана. Былай болды.

Компьютер алдындағы пернетақтаның әр әріпін аптығып дем жұтқан жанның кейпіне түсіріп, жанымды жеп, сөз шыға­рып отырған адамым аудандық «Нұр Отан» ғимаратында кілең жастың алдын­да толқып сөйлеп отыр екен.

«Менің марқұм әкем өмір бойы түйе баққан кісі еді. Менің мынау ширақтығым, шымырлығым шұбат ішіп өскеннен болар. Мектеп бітірген жылы сол кісі алдыма екі таңдау қойды: мұғалімдік пен дәрігерлік. Сол кезде желдей есіп тұрған «Дәрігерлер тасбақаға тәжірибе жасайды екен» де­генді естіген, солай десек те, тасбақадан өлердей қорқатын мен дәрігерліктен бір ауыз сөзге келмей бас тарттым. Қалған нұсқа жалғыз мұғалімдік болған соң сонау Оралда, Ордада жатсам да, аяғымды сол салаға қарай аттадым. Кейін өстік, же­тілдік дегендей. Соның барлығына куә – осы ел, осы халық. Мен өзімнің еңбек жо­лымды алғаш осында, Баутин атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пән­дерінің мұғалімдігінен бастадым. Маған осы күнге дейін күш беріп келе жатқан­ сол әке алдындағы парыз деп есеп­теймін».

Дәл осы әңгіменің тұсына келе бер­генде, кенет жастардың арасында жүр­ гізушіліктің тізгінін қолына алған қыз апай­ дың керемет әңгімесін бөлді де жіберді. Алайда бөлгеніне өкінген ешкім болмаған секілді. Себебі сол, манағы әңгіме сол кү­ йінде басқа арнада ағып жүре берді.

— Осы мектепте табан аудармай 20 жыл қызмет еттіңіз. Еңбегіңіз еленді де. 1994 жылы бірінші сайланған Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты және сессияның алғашқы хатшысы болып та­ғайындалдыңыз. 1996-­2006 жж. аудандық білім бөлімі жанындағы әдістемелік ка­бинеттің меңгерушісі, директоры бола жүріп, ұстаздардың әдістемесін ұштап, дамытуға септестіңіз. 1989 жылдан бері аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайы­ мысыз. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің құрмет грамотасының, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбөл­гісінің, екі мәрте ҚР Президенті Алғыс хатының, Маңғыстау облысына 40 жыл медалінің, Ыбырай Алтынсарин төсбел­гісінің иегерісіз. Сонымен қатар «Түп­қараған ауданының Құрметті азаматы­сыз». Шәкірттеріңіз ылғи да сіздің ал­дыңыздан өткендеріне мақтанып, айтып жүреді.

— Иә, әрбір марапат пен мадақ менің нәтижелі жұмысыма тыңнан келіп қо­сылған күш­қуат. Менің оқытқан шәкірт­терімнің ішінде небір жақсы мамандық иелері бар. Айтып жүретін шәкіртім­ Әді­лет (бұл жерде филология ғылымда­рының кандидаты, доцент, ғалым Әділет Қабыловты айтып отырса керек­ Е.Д.). Өзім Әбдіраш, Азан секілді үлкен ұс­таздардан оқыдым. Олардың әрбір сөз­дері мен тұлғалары естелік болып дүркін­-дүркін санам түкпірінде жаңғырады да тұрады. Олар секілді мен де ақпаратты алдымен газеттен аламын. Ғаламтор қолдануды меңгерсем де, оның жылдам­дығы мен қорына байланған тиімділігін ескерсем де, уақытымды аяймын.

— Алғаш Маңғыстауға келгенде жер­сінген жоқсыз ба?

— Айта көрме. Менде ондай сезім еш­қашан да болған емес. Құдайға шүкір, жақсы жандар жанды жабырқатқан жоқ. Кейін, осында тұрмысқа шықтым. Ба­лалы, немерелі болдым.

-­ Өзге жерге қоныс аудару туралы ойланбайсыз ба?

— ­Мынандай жасымда қайда барамын (күліп алды). Осыншалықты сұлу мекенді тастап ешқайда да бармақ емеспін. Менің миыма мұндай ой үш ұйықтасам да кіріп­-шыққан емес.

Осылай. Менің осы сәтте көп жерде ұстамайтын ұятым ояна қалды. Менің көмекейімнен әрі аттап баспай жатып алатын сұрақтың жауабын осы жерде алдым. Бәсе деймін. «Бұл кісі осындай білім, осындай тәжірибе, осындай ортаға ұнар тәрбиесімен ауылда қор болып жүрмей, неге кетпейді екен?!» деп ойла­натынмын бұрын. Бәсе деймін, оны осы жерге шегендеп ұстап тұрған махаббат екен ғой. Балалық борыш пен «адал қызметіне жарайын» деген туған жерге сүйіспеншілігі екен.

Мен «Нұр Отан» ғимаратынан шығып бара жаттым. Артымда апайдың сөзін бөліп, сұрақ қойып отырған қыз келеді. «Газетке жазасың ғой, ә?!» дейді. «Кө­реміз» деймін жымиып. Ойыма апайдың кездесу барысында айтқан сөздері орала берді: «Тасбақадан қорқамын»… «Ұстаз­дың еңбегі шәкіртінің еңбегімен баға­ланады»… «Ақпаратты алдымен газеттен аламын»… «Демократияны желеу еткен психикалық ауытқу»…

Ішімнен «Газеттің келесі материалына қай тақырыпты алсам болады екен?» деймін…

Еділбек ДҮЙСЕН