Қазақ әйелі бағзыдан ерлерімен бірге даланы қорғаған, ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен. Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін — әйел, келін, ана. «Отан — отбасынан басталады» деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Қаламыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандыларды марапаттау, сый-құрмет көрсету кеші өтті. 

Алтын құрсақ аналарымыздың жолын жалғастырып келе жатқан жас аналарға барлық мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Жанға дауа болар – дәрігер, ұрпақ тәрбиелеген – ұстаз, ел экономикасын еселеп жүрген – кәсіпкер, өндірісте – инженер, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер апалармен қатар, қоғам өмірінің барлық саласында жүрген қыз-келіншектер Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Қар астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенде жер-дүниені бусандырған көктемнің алғашқы хабаршысындай боп келген мейрам қаламыздағы «Мұнайшы» мәдениет үйінде өтті. Мерекеге жиылған әйелдер қауымы, қала басшылығы жиылған соң сахнаға жас бишілер тобы шығып «Көктем вальсі» композициясын орындады. Кештің алғашқы құттықтау сөзі Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаевқа берілді.

— Өмірдегі бар жақсылық ана есімімен тікелей байланысты. Сондықтан, бұл мереке бізге ыстық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» – деп атап көрсетуі әйел-азаматтың қоғамдағы ерекше орнын білдіреді. Биылғы жылда Елордамыздың 20 жылдығы, облыс орталығы Ақтау қаласының 55 жылдығы және Жаңаөзен қаласының 50 жылдығын атап өтпекпіз. Осы сәтті пайдалана отырып, әйелдер қауымының әрқайсысына өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі мен адал қызметтері үшін үлкен алғысымды білдіремін,деп Жаңаөзен қаласының әкімі ақ тілегін жеткізді.

Бүгінде қаламызда мемлекеттік-әкімшілік қызметте жүрген қыз-келіншектеріміздің үлесі 71,2 %, білім беру мен медицина салаларында 87 %, жеке бизнесте 46,6 % құраса, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның құрылымдық бөлімешелерінде 20,2 % қыз-келіншектер абыройлы еңбек етіп келеді. Күні кеше Елбасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының отырысында ірі көлемдегі жобаларды іске асыру арқылы бірлігімізді одан әрі нығайту мақсатында 5 әлеуметтік бастаманы жариялады. Олар халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының үкіметіне «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын ұсынды. 25 АЕК-тен төмен еңбекақы алатын қызметшілердің салықтық жүктемесін 1 пайызға  төмендетуді, ЖОО-да техникалық мамандықтарды даярлау үшін қосымша 20 000 мемлекеттік грантты бөлуді, мемлекеттік серіктестік әріптестік арқылы студенттерді қолжетімді жатақханамен қамтамасыз етуді, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға шағын несие беруді қосымша 20 млрд теңгеге арттырды. Елбасын жариялаған 5 әлеуметтік бастама бірінші кезекте Қазақстан халқының, оның ішінде әйел қауымының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Мереке қарсаңында қаламыздың түрлі саласында елеулі еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосқан аяулы жандарды марапаттауға кезек берілді. 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің алғысымен «Тазалық» МКК №3 санитарлық тазалау цехының басшысы Қадиша Төлесінова, Рахат ауылы әкімі аппаратының бас маманы Сәнімхан Көшербаева, «Өзенинвест» МКК орталық зертханасының 4 дәрежелі лаборанты Ізбибі Сарыбаева, Жаңаөзен қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, офицер Гүлжамал Әділбекова, «Өзенэнергосервис» МКК материалдық-техникалық жабдықтау, құрылыс және әкімшілік-шаруашылық қызметінің тазалаушысы Сәнім Қантанова, «Өзенжылу» МКК жылу-энергетикалық орталығының қызмет үйлестірушісі Ақжібек Иламанова, Теңге ауылы әкімінің аппараты ММ-нің бас маманы Жаңагүл Құсбекова, №4 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Тілеубаева, Жаңаөзен қаласы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басмаманы Лаура Чаканова, «Атамұра» мәдениет үйінің директоры Гүлжан Жүгенбаева, Жаңаөзен қалалық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Арай Отарбаева марапатталды. ҚР Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №638 Жарлығына сәйкес алты бала өсіріп тәрбиелегені үшін Базаргүл Бекімова «Күміс алқамен» марапатталып, қала әкімімен естелік суретке түсті. Оларды құттықтауға сахна төріне халықтық «Керуен» тобы шығып, «Қазақ қыздары» әнін орындады. Кішкентай бөбектерге де кезек беріліп, олардың орындауындағы «Мама» әніне көрермен сүйсінді.

Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ел болашағын сыйлайтын әйел, келін, ана. Ұлттың асыл қасиеттері ана сүтінен балаға дариды. Ер азаматты үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараған. Қандай құрмет көрсетсе де аздық етпейтін нәзік жандыларды құттықтауға сахна төріне ҚР Президенті оркесторының жетекші әншісі Досымжан Таңатаров шақырылды.

— «Наурыз» мерекесі қарсаңында Самарқанның көк тасы жібиді деген сөз бар, ал 8 наурыз күні жігіттердің жүрегі еріп, жомарттық танытады. Мұңайғанда да, шаттанып марқайғанда да, көңіліміз көкке көтеріліп жерге түскенде де ер-азаматының қасында жүретін сырлас та, мұңдас та әйел екенін білеміз, — деп эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаров ақ тілегін арнап, ән салды.

Бүгінгі күні де мемлекетіміз бен Елбасы ана мен балаға деген қамқорлығын аяған емес. Елімізде әйел-ананың әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін көтеруге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте, жаңадан ашылып жатқан емханалар, балапан бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп жатқан балабақшаларды ерекше атап өтсек болады. Аз қамтылған отбасыларына, кәмелетке толмаған балалары үшін, 1 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақының жылдан-жылға өсуі, арнайы зейнетақы тағайындау және медициналық қызмет сапасының артуы ең әуелі осы нәзік жандыларға жасалып жатқан игі істер. Арнайы шақырылған Бауыржан Исаев, Тоқтар Серіков, Ғазизхан Шекербеков пен Өктем Алтаевтар кештің сәнін одан әрі кіргізе түсті.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА