танымдық-зияткерлік сайыс

Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы №4 мектепте «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар» тақырыбында танымдық-зияткерлік сайыс өтті. Бұл —жоғары сыныптар оқушыларына дінді тереңдетіп түсіндіру үшін қолға алынған жаңа жоба.

«Ойыннан — білімге!» атты танымдық-зияткерлік ойыны ретінде өткен сайыс барысында оқушыларға Қазақстанның сәулет ескерткіштері мен тарихына, дәстүріне қатысты сауалдар қойылып, тың ақпараттар берілді.

— Деструктивті ағымдардың басты нысаны жастар екендігі белгілі, — деді дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының» ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жұлдыз Аталықова. — Олар жас буынға жат діни идеологияны насихаттап, төл тарих пен дәстүрді жеккөрінішті етуде. Діни ағымдарға қарсы күресте жастар сияқты күш-қуаты мол әлеуметтік топтың мүмкіндігін пайдаланудың өз уақытында мемлекетіміз үшін пайдасы орасан болары анық. Ол үшін еліміздің кез-келген жас азаматы халқының бай тарихынан, ғибраты мол рухани қазынасынан сусындағаны жөн. Біздің басты мақсатымыз — жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесіне салғырт қарамай, осы бағыттағы жастардың бүгінгі проблемаларын жан-жақты зерттеп, олардың өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін жетілдіру, елдің тарихын, дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу.

Тағы оқыңыздар: Бауырлас елдерден қалмайық

Сайысқа қатысқан 10 команда арасынан 1-орын №28 орта мектептің «Болашақ» командасына берілді. Ал 2-орын №11 мамандандырылған физика математика мектебінің «Маната» командасына, 3-орын мамандандырылған экономикалық лицейдің «Жалын» командасына бұйырды. Жүлделі орынға ие болған топтар енді облыстық сайыста бақ сынамақ.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА