Биыл өткен халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша маңғыстаулық төрт дзюдошы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі атанып, қазан айында өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алды. Олардың барлығы да – Маңғыстау облысының «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары.

55 келіде күресетін Бауыржан Нарбаев 2017 жылғы ҚР біріншілігінде, Азия біріншілігінде, Еуропа кубогынде жеңіске жетіп, қазіргі таңда әлемдік рейтингте 4-ші орынға тұрақтады.

Осы мектептің тағы бір шәкірті, 66 келі бойынша күресетін Сұңғат Жұбатқан да әлемдік рейтингте 4-ші орында тұр. Ол – ҚР чемпионы, 2017 жылғы 4-ші жастар ойынының чемпионы, Азия кубогының иегері және Австрияда өткен Еуропа кубогының чемпионы.

«Жас батыр» мектебінің шәкірті Бауыржан Сағынғалиұлы да (66 келі) Қазақстан Біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия кубогының күміс жүлдегері, Еуропа кубогының жеңімпазы атанып, әлемдік рейтингте 21-орын алды.

«Жас батырдың» спортшы қыздары да осал емес. Ақниет Тұрдан қыздар арасында әлемдік рейтингте 34-орында тұр. Ол 63 келі салмақ бойынша ҚР Біріншілігі, 2017 жылғы 4-ші жастар ойындары, Еуропа кубогы мен Азия кубогынде жеңіске жетті.

«Төртеуі де – Ұлттық құраманың мүшелері. Әлем біріншілігінде ұлттық құрамада 7 бала күрессе, солардың төртеуі бір залдан шығуы – үлкен жетістік», – дейді Маңғыстау облысының  «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.

Сәтін салса, Әлем біріншілігіне тағы бір маңғыстаулық спортшы жолдама алуы мүмкін. 60 келі салмақта күресетін Рамазан Мамаев бүгінгі таңда әлемдік рейтингте – 34 орында тұр. Ол ҚР чемпионы, Азия кубогінің чемпионы, Берлинде өткен Еуропа кубогының күміс жүлдегері атанған. Егер қыркүйек айында Польшада өтетін Еуропа кубогы турнирінде жақсы нәтиже көрсетсе, Әлем біріншілігіне қатысуы мүмкін.

Спортшыларды Жомарт Қобыланов, Талған Есекенов, Сергей Волобуев сынды бапкерлер дайындайды.