Биылғы көлік және байланыс қызметкерлері күні маңғыстаулық теміржолшылар үшін жылдағыдан ерекше болды. Төл мерекесімен бірге Маңғыстау темір жол бөлімшесінің 10 жылдығын тойлады.

Қос мейрамның құрметіне дүркірете ұйымдастырылған салтанатты шараға аймақтың түкпір-түкпірінен келген сала майталмандары мен жігерлі жастары, ел жақсылары, билік басшылары, бәрі де қатысты. Жиылған жұртшылықты Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжимеден Ғұбашов, Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев, салада ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп жүрген ардагерлер — Қожахмет Уәзір, Табылды Әміров,  Бекқожа Сәмиев, Мұрат Сариев құттықтау сөз сөйлеп, табыс тіледі. Бұл күні өңірдегі Құрметті теміржолшылармен саны тағы да артты. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітов, Маңғыстау жол дистанциясының №3 өндірістік телімінің бастығы Тұтқабай Оңғаров атаулы белгінің иегері атанды. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі Бейнеу станциясы техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Наргүл Оразбаева мен Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Ғабит Жұмасеитов ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Алғысын алды. Зейнеткер, Құрметті теміржолшы Едіге Сақып пен Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі статистика бөлімінің бастығы Лидия Сналбекова, Өзен станциясының аға тауар кассирі Жансұлу Қосбатырова, Вагон пайдалану депосының Бейнеу  станциясы бойынша вагондарды қараушысы Дүйсенбай Сатқанов, Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының электромонтері Ислам Кармысов, Жол бөлімінің бөлім бастығы Мұрат Умарбаев, Өндірістік техникалық бөлімінің бөлім бастығы Шамшадин Нұрмағамбетке «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің, Бейнеу станциясының пойыз қабылдаушысы Берік Байдоллаевқа «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президентінің Құрмет Грамотасы табысталды. Вагон пайдалану депосының Маңғыстау станциясы бойынша вагондарды жөндеп қараушысы Айбек Иреев, Маңғыстау  жол дистанциясының жол диспетчері Жаңыл Бактыгереева «Кәсібі бойынша үздік», Локомотив пайдалану депосының еңбекті ұйымдастыру және нормалау бойынша  жетекші инженері Аманбек Бинеубаев пен Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің бас есепшісі Гүлмира Қойшекенова «Үздік маман» атанды. «Маңғыстау жүк тасымалы» бөлімшесінің Шетпе тауар кассирі Тыныштық Қалиева,  Локомотив пайдалану депосының 1-сыныпты тепловоз машинисі Қосай Байғандиев, Маңғыстау жол дистанциясының №2 өндірістік телімнің бастығы Қабыл Зайыров «Адал еңбегі үшін» медалін төсіне тақты.

Сондай-ақ бірқатар сала қызметкерлері Қазақстан теміржолы кәсіби одағының  25 жылдығына орай Кәсіподақ төрағасының «Құрмет Грамотасына», «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының, Маңғыстау облысы әкімінің, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі    қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ-нің, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия аудандары әкімінің Алғысына ие болды. Түбектің шойын жол шаруашылығына елеулі еңбегі сіңген тағы біраз ардагерлер мен жұмысшы қызметкерлерге Қазақстан теміржолы кәсіби одағының 25 жылдығына және Маңғыстау темір жол бөлімшесінің 10 жылдығына шығарылған мерекелік медаль берілді. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры бөлімшенің дамуына қосқан үлесі үшін Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаевқа да мерейтойлық төсбелгіні табыстады. Сондай-ақ кәсіподақтың 25 жылдығына өткізілген  шағын-футболдан республикалық турнирде I орын алғаны үшін Маңғыстау теміржолшылар командасы кубок, Алғыс, сыйақымен, ұлттық компанияның ұйымдастыруымен Бурабай қаласында болған «Сен болмасаң Кім?» жастар лагерінде «ҚТЖ СТАР» атты жанды дауыста ән айту конкурсында бас жүлдені жеңген Маңғыстау станциясының жүктерді қабылдап тапсырушысы Ержан Ниязқулов және теміржолшылардан құралған ерлер, әйелдерден құралған түрлі спорт командалары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ресми жиынан кейін келген қонақтар 10 жылдық белесті бағындырған мекеменің өз алдына шаңырақ көтеруіне атсалысқан азаматтардың құрметіне бөлімше ғимараты алдынан бой көтерген тұғыртастың шымылдығын түрді. Ескерткіштің алдында естелік суретке түсіп, өткен күндердің беттерін қайта парақтады. Басқосу соңы темір жолға өмір жолын жалғаған жандарға арналған мерекелік дастарқан басындағы көңілді отырысқа жалғасты. Жастық шақтың жалынымен темір жолда туған «Машинист» әнін, артта қалған жұмыс жылдарын еске салар қызықты оқиғалар мен өзге де әндерді айтып, мәз-мейрам болды.

—  Жұмысты 18 жаста Ганюшкин станциясының кезекшісі ретінде бастадым. 8 жылдан соң техникалық орталығына басшы етіп қойды. Міне, бүгін ол күндерге де 41 жыл. Соңғы 10 жылым өңірлік статистика бөлімінде өтіпті. Құрметті теміржолшы атанған ағам Таңатар Жұмағазиевке қызығып, жұмысқа келгенім кеше ғана сияқты еді. Зейнетке шықтым. Тағы бірер күндерден құрметті еңбек демалысына кетемін. Бірақ қиймайсың. Ғұмырымның ең жақсы сәттері осында қалып барады…,-дейді бұл күні жетістіктерінің саны бірден үш марапат — «ҚТЖ» ҰК» АҚ Президентінің Құрмет Грамотасы, «Маңғыстау темір жолынна — 10 жыл» медалі және «Қазақстан теміржолшылар Кәсіби одағына — 25 жыл» төсбелгісімен арта түскен Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі статистика бөлімінің бастығы Лидия Сналбекова.

Шахида ЖҰМАН