Өткен жылдың соңында, жаңа жылға санаулы күн қалғанда маңғыстаулық теміржолшы темір жолдағы аса көлемді зардапқа соқтыруы мүмкін қауіптің алдын алып қалған еді. Қызметтегі қырағылығымен өзгелерге өнеге бола білген жұмысшының еңбегін бағалаған теміржол компаниясы басшылығы оны «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Ол — Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету бөліміндегі аға вагон қараушы Ерлан Ереков. Ерлан 2017 жылға санаулы күндер қалғанда Маңғыстау станциясына аялдаған пойыздың №74875758/271 жүк вагонының бүйірлік рамасынан ұзындығы 120 миллиметрлік сынықты анықтаған болатын. Бұл оның жұмыс тәжірибесіндегі және Маңғыстау станциясында бүйірлік рамасынан анықталған аса үлкен әрі бірінші жарық. Оған дейін де бірнеше кемшіліктерді — 42080036 замоктың щипінің ақауын, сондай-ақ 61782702, 12937 сақтандырғыштарының сынғанын, 95049060 автотіркегіш корпусындағы жарықшаны тапқан. Бұлардың әрқайсы сырткөзге кішігірім жарық не тесік, сынық болуы мүмкін. Бірақ кіші болса да үлкен «жаумен» парапар.  Егер сол ақаулар вагонниктің назарынан қалыс қалып, пойыз сонымен жолға шықса, арты не болары белгісіз. Сондықтан вагон қараушылардың өз ісіне байыпен қарап, ұқыптылық танытуы  — көп нәрсені шешеді. Кейіпкеріміздің өмірін осындай жауапты мамандықпен байланыстырғанына 16 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде міндетіне адал, кәсіби борышына берік вагон қараушылардан атанып та үлгерген. Өзі Жетісайдың тумасы. 1996 жылы оңтүстіктің мектебінен түлеп ұшқан жас болашағын батыстан іздеп жолға шығады. Маңғыстаудағы политехникалық колледжге оқуға түседі, программист мамандығын алады. Жастайынан шаруағы бейім өскен жігіт жақындарының қолқалауымен саусақтың ұшымен жан бағатын дипломын қол күшін көп жұмсайтын жұмысқа айырбастайды. Депо шаруашылығына слесарь болып орналасып, еңбекте жүріп әскер қатарына алынады. Борышын ішкі әскерде, абақты күзетінде өтейді. Әскерден кейін теміржолға қайта оралады. 2006 жылы, компрессор ашылған тұста сығымдағыш қондырғысының машинисі болады. Соңғы 5-6 жылдан бері VII разрядты аға вагон қараушы. Отбасында сүйікті жар. Қос ұл мен қыздың әкесі. Өмірлік серігі Бағдагүл де  теміржолшы. Жүк қабылдап, жөнелтушы. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Биыл олардың шаңырақ көтергеніне — 11 жыл. Содан бері жұптары жазылмаған жұбайлардың  тағдырын тоғыстырған теміржол. Ерлі-зайыптылардың бірі кезектен үйге келсе, екіншісі кетіп бара жатады. Үйде бір-бірін көрмейтін  кездері көп болады.Еңбегімен ерекшеленген Ерлан— Мамандыққа келгенге дейін саладан мүлде хабарсыз болдым. Темір жолдан алыс ауылда тұрдым.  «Ұстазы мықтының — ұстанымы мықты», демекші, жұмысқа кіріп, өз ісіне шебер кісілердің арасына түстім. Жәнібек Мұқашев,  Берік Имашев, Қайрат Асанов деген вагон қараушылардың қасында тәжірибе жинадым. Көз ілеспес миллиметрлермен жұмыс білмегенге қиынның қиыны. Түнгі кезекшіліктің де жүгі өзіне жараса. Бірақ бағым бар екен, бұлардың бәрінің сынынан өткендермен жұмыста жолдас болу — тез ширатты. Бізде бір қателік біріншісі һәм соңғысы болуы мүмкін. Соның салдарынан өміріңмен қоштасуың ғажап емес.

Теміржолшылар да жартылай әскерилер. Бұл мамандықты игеруіме әскерге барғанның, оның ішінде абақты күзетінде болудың пайдасы көп тиді. Ол жақта екі жыл қарумен, қырағы күзетте тұрсам, жұмысқа келіп автоматты балғаға ауыстырдым. Қазір басты қаруым  —  балға, көз бен құлақ. Десе де әлі сол күзет, тек  теміржол қауіпсіздігінің «күзетіндемін», — дейді Е.Әшірбайүлы.

Шахида ЖҰМАН