Бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрған көпұлтты мемлекетіміз сындарлы кезеңде сырттан келген өзге ұлттарды бауырына басып, қанатының астына алды. Бейбітшіліктің белдеуі болған бірлігі бекем елімізде тарих толқынында тоғысқан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында ынтымақтастықта тату- тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ұлан- ғайыр сайын дала төсінде қоныстанған Қазақ елінен пана тауып, пейілі кең де дархан көңіл қазақтармен бірге бауырлас болып кеткен ұлттар ынтымақтың ыстық алауы жанып, тұрақтылықтың туы тігілген Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуге белсене араласып жүр.

Бүгінгідей бейбіт өмірге арқау болған Ассамблея тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір этнос өкілдерін «Мәңгілік ел» идеясының аясына топтастырды. Байтақ Отаннан бақытын тапқан өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруге құштар, үйреніп-білуге қызығушылығы басым. Тәрбие басы саналатын балабақшалардағы бүлдіршіндер, білім мен тәрбие егіз өрілетін мектеп қабырғасындағы оқушылар, орта немесе жоғары оқу орындарында студенттер және әртүрлі салада еңбек ететін өзге ұлт өкілдері арасында өткен сайыстар мен түрлі додалардан қазақ тілін қандай деңгейде меңгергендігін көріп, біліп жүрміз. Ақтау қаласындағы политехникалық колледждің 2-курс студенті Севила Гадирова – қазақ тілін құрмет тұтатын жастардың бірі. Ұлты әзірбайжан болса да, бойында қазақылығы басым Севила мемлекеттік тілді кішкентайынан біледі. Бүгінде Ақтау қаласындағы политехникалық колледжде 2- курс оқитын әзірбайжан қызы химик- технолог мамандығын қазақ тілінде игеруде. Ақтау қаласындағы №23 мектепте орысша орта білім алса да, әкесі мен анасының, достарының көмегімен қазақ тілін жетік меңгерді. Севиланың айтуынша, ата- анасы балаларының орта арнаулы білімді қазақ тілінде алғанын қолай көріп, қызының шешіміне қарсылық білдірмепті.

Тіл білгеннің өрісі кең

— Мен Қазақ елінде туып-өстім, осында білім алып жатырмын. Сондықтан да, достықтың алтын бесігіне айналған Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілін білуді парыз деп санаймын. Қазақша білгеннің пайдасы өте зор. Ата-анам да қазақ тілін біледі, сөйлей алады. Әкеме қарағанда, анам мен сіңлім қазақша жақсы сөйлейді. Достарымның ішінде әртүрлі ұлт өкілдері бар. Қазақтың кең қолтығынан пана тапқан түрлі ұлт өкілдерінің береке-бірлігін арттыруға, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға, мәдениеті мен өнерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Колледждегі оқуымды аяқтағаннан кейін, ата-анам құптаса, жоғары білімді қазақ тілінде алғым келеді,-дейді Севила Гадирова.

Болашақ химик-технолог маман қолы қалт еткенде қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, өлеңдер жаттайды екен. Сұрағанымызда, Атамекен,туған жер туралы өлеңдер білетінін жеткізді. 16 жастағы кейіпкеріміз қала, облыс көлемінде ұйымдастырылған сайыстарда бірнеше рет жүлделі орындарды еншілеген.

Қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен пана іздеп келген өзге ұлттар азаттықтың арайланған ақ таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Еліміздің баянды болашағы мен жасампаздықтың жарқын жолында олар да тер төгіп, еселі еңбек пен қажыр-қайратын сарп етті. Өзге ұлт өкілі деп өзегінен теппей бауырына тартқан бауырмашыл халықпен жасасып келе жатқан түрлі этностар Қазақ елін жатсынбай, қазақ ұлтымен сіңісіп, еліміздің кемел келешегіне, болашағына бірге көз тігеп, алға сеніммен қадам басып келеді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ