Жуырда Алматы қаласындағы жоғары шеберлік спорт мектебінде джиу-джитсудан Қазақстан кубогына қатысқан Мұнайлылық Әлия Тлепова әлем чемпионатына жолдама алды.

Әлия 13 жасынан бастап Маңғыстау ауылының балалар және жасөспірім спорт мектебінде дзюдоға қатысып, бапкер  Бекболат Алдабергеновтен тәлім алады. Тынымсыз еңбектің арқасында дзюдодан аудандық, облыстық жарыстарға қатысады. Жүлделі орындар алып,  болашағы зор спортшы екенін кішкентайынан дәлелдей білді. Өзін күн санап шыңдай түскен Әлия 2016 жылдан бастап Болат Дюсенбиевтің джиу-джитсу тобына ауысады. Спортқа  деген қызығушылығының арқасында джиу-джитсудан да өткен жарыстың бірнеше дүркін чемпионы атанды.

Әлия өткен жылы да Қазақстан чемпионатынан әлемдік жарысқа жолдама алып, алайда Түркмен елінде өтетін бәсекеге шекарадағы қиындықтарға байланысты қатыса алмайды. Сонда да қайсар мінезді қазақ қызы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, тағы да бақ сынады. 62 келі салмақта 326 спортшының ішінен үздік шығып, алтын медальды жеңіп алды.

Әлия 17-18-наурыз күні  Греция қаласында Қазақ елінің намысын қорғайды. Жеңіспен орал, Әлия!

Гүлнәр Бекқалиқызы