Өңірлік табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастыруымен жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері арасында экологиялық жобалар пилоттық конкурсы өткізілді.

Сайыста қоршаған ортаны қорғау, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, табиғат аясын ластаудың алдын алу, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша шәкірттердің ғылыми-зерттеу жобалары мен оқу-танымдық ізденіс жұмыстары эколог-мамандар мен ғалым-ұстаздар назарына ұсынылды. Байқау барысында өңірдің әр түкпірінен 40-қа жуық талапты студент төрт тақырып бойынша бәсекеге түсті. Алдымен «қалдықтардың екінші өмірі» атты кезеңде тапқыр әрі табанды жастар қаптама, қорап, қатырма қағаз, әйнек сынды қалдықтардан тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындап, қолдану құпияларымен бөлісті. Мәселен, пластик бөтелкелерден жуынатын бөлме терезелеріне арналған пердешелер әзірлеу, шыны тәрелкелер мен кәрлен ыдыстарға айшықты ою, бедерлі бейне, сан реңкті сурет салу арқылы кәдесыйлар мен базарлықтар дайындау, шыны құтыны құлпыртып аквариумға айналдыру, бөлмені ерекше әрлендіретін шамдар әзірлеу жолдары баяндалды. Ерекше көзге түсіп, қазылар алқасы мен көрерменнің зор қызығушылығын тудырған дүние алюминий сымдарды өзара жалғау арқылы сан түрлі шаш үлгісін әрлеу мен әсемдеуге арналған әшекей бұйымдар, меруерт тәждер, әдемі сырғалар еді.

«Сиқырлы қол» номинациясы бойынша Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенті, болашақ эколог Жайна Есенбаева күн сәулесін шағылыстыру арқылы пластик құбырларды жылыту жобасын таныстырды. Оның ойынша, кен үйінділері, өнеркәсіп тастандылары, күл-қоқыстар мен қалдықтар, шөп-шаламдарға қоршаған ортаны ластаушы заттар ретінде қарау жөнсіз. Себебі олар құнды шикізат көздеріне жатады. Оларды сақтау, өңдеу мен зиянсыз түрге айналдыруға мол қаражат, энергия қуаты мен уақыт қажет-ақ.

«Менің жұмысыма дискілер мен пластик бөтелкелер қолданылады. Ең алдымен күн сәулесін шағылыстыратын дискілерді бір жаққа жинап, бөтелкелерді қара түске боядым. Себебі, қара түс жылу тартады әрі сақтайды. Бөтелкелерді біріне-біріне жалғап, құбыр жасадым. Екінші реттік өңделмейтін пластик бөтелкелерді күн сәулесіне шағылыстыру арқылы бөлмелер мен демалыс орындарын жылытуды ұсынамын», — дейді Жайна.

«Таза қала сенен басталады» атты әлеуметтік жарнамалар конкурсында студенттер бейнебаяндар мен көрнекі ақпарат құралдарын қолдану арқылы қоршаған ортану қорғау, қала тазалығын сақтауға үгіт-насихат жүргізу жолдарымен бөлісті. «Болашағы қалдықсыз Маңғыстау» кезеңінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі көтерілді. Мәселен, Әсел Бекболат қатты тұрмыстық қалдықтарды рекультивациялау жобасын ұсынып, зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

«Өз ізденісімді тұжырымдай келе, өңір аумағын қалдықтан арылту жолында үш тәжірибені іске асыруымыз қажет деп шештім. Ең алдымен, халықтың экологиялық білімін жетілдіру. Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, осы мақсатта түрлі жиындар мен ғылыми конференциялар, семинар-тренингтер ұйымдастыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, қоқыстарды сұрыптау қажет. Бір жәшікке салынған қоқыс-қалдықтарды өңдеу қиынға соғады әрі мүмкін емес. Өңдеу үшін қоқыстар түріне байланысты 3 жәшікке орналастырылады. 1-жәшік қағаз қоқыстары, 2-сі шыны, ал 3-сі пластик әрі полиэтилен қоқыстарына арналуы тиіс. Үшіншіден, сұрыпталған тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстарды өңдейтін полигон алаңы ашылуы тиіс. Ескере кетейін, 60 кг қағаз қоқыстан 150 дәптер шығаруға болады», — дейді Әсел Бекболат.

Байқау барысында түрлі қызықты жобалар мен терең ізденіс нәтижелері, зерттеу қорытындылары сөз болды. Студенттердің терең білімі, зор ізденімпаздығы, табанды еңбегі әрі тапқырлығы жоғары бағаланып, жағымды лебіздер айтылды.

Голрох Жеменей