Өткен сәрсенбіде «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалы  төрағасының  бастауыш партия ұйымдарымен ( БПҰ) кездесу жиыны өтті. Жиынға  «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңес бюросы, БПҰ төрағалары мен хатшылары қатысты.Отырысты партия төрағасы, аудан әкімі Ә.Дауылбаев жүргізіп, партияның ағымдағы жылда атқарған істеріне тоқталды.

Күн тәртібі бойынша, партия жарнасының 2016 жылғы есебі туралы жасаған  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Құрал Фариданың баяндамасы тыңдалды.Баяндамаға байланысты аудан көлеміндегі барлық бастауыш пария ұйымдарына жарналарды  толық жинауға тапсырма берілді.Партиялық жарналарды  толық жинап, өз ісін уақытылы тиянақты орындап отырған Жетібай ауылындағы № 10 БПҰ төрағасы,  аудандық мәслихат депутаты  Есболай Есенқосовқа  және Құланды ауылының БПҰ төрағасына  аудан басшысы  алғыс білдірді. Расында, партия қаражатының басым бөлігі жарналардан құралады. Бірақ әрбір партия мүшесінен ай сайын алынатын жарна көп емес, айтуға тұрмайтын тиын-тебен сияқты көрінгенімен, ол да қаражат.Тамшыдан теңіз құралады емес пе?

Негізінен, партия мүшелері партиялық жарналарды ай сайын мынадай мөлшерде төлейді екен:

— Еңбекке жарамды жастағы жұмыс істейтін азаматтар – Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 1% және партия мүшесінің қалауы бойынша одан да жоғары;

— студенттер, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тыңдаушылары – Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 0,1% және партия мүшесінің өз қалауы бойынша одан да жоғары.

— Зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыс істемейтіндер, сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыстағы тұлғалар мүшелік партиялық жарналарды төлеуден босатылады.

Осы себептермен және партия мүшесінің жұмыстан шығу, ауысу не көшіп кетуі салдарынан кейбір жарна уақытылы төленбей немесе базадағы тізім жаңартылмай қалуы мүмкін.

Осыған байланысты, аудан көлеміндегі барлық партия мүшелерінің тізімі жаңартылып, есеп-қисабы жасалған көрінеді.

Бұдан соң алда 10 қарашада өтетін есептік-сайлау конференциясына дайындық жұмыстары жөнінде баяндама тыңдалды. Аталған шара бойынша дайындық жұмыстары пысықталып,делегаттар тізімі бекітілгені айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Партия төрағасы барлық партия мүшелеріне, бастауыш партия ұйымдарына тапсырмалар бере отырып, алдағы атқаратын істеріне сәттілік тілеп, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне белсене араласуға, жалпы аудан көлемінде атқарылатын іс-шараларды ауызбіршілікте тиянақты атқаруға шақырды. Иә, ел бірлігінің, ел игілігінің мүддесі үшін атқарылатын әр істе көшбасшы партия ұстанған саясаттың маңызды үлесі бар.Бастауыш партия ұйымдары қоғамдағы қозғаушы күш, белсенді ұйым. Ел көшін бастаған партияның әр бір мүшесі – өз Отаны үшін адал қызмет атқаратын патриот болуы керек.

Шынар КЕНДІН


img_2910