Ұстаз, бес-ақ әріптен құралған бұл сөздің қадір-қасиеті мен оның тұлғасына артылатын ауырлықтың жанында «бес батпан жүк те»  жел ұшырған қаңбақтай. Тіпті, мұны салыстырып, сараптап, көтерер жүгін түгендеп жатуға да келмес. Өйткені, бұл дүниенің бар жақсысы адамзат игілігі үшін жаратылды және әр мемлекеттің бас байлығы да сол адамзат. Ал әрбір елдегі аталған байлықтың қадірін асырып, қазынасын құндандыра түсетін де, осы арқылы елін өркениетке бастайтын да ол ұстаз. Дегенмен, бұл атты арқалап, артындағы жүгін мандытып көтере алмай, көптің көлеңкесінде жүргендер де жоқ деуге болмас. Яғни, сөз зергерлері айтпақшы: Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күншуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы. Ендеше, өзгенің бақытын аялау жолында өз уақытын аямау кім-кімнің де қолынан келе бермесі анық. Бұл туралы осы қиын да қастерлі кәсіптің сан салалы соқпағынан 40 жылға жуық  жүріп келе жатқан, жанұясындағы оқытушылар әулетінің негізін қалаушы ұстаз Ерғали Құрашевпен осы тұрғыда сөйлескен едік.

Әулетте бас-аяғы 44 жылдың ішінде 9 адам осы кәсіпті меңгеріпті. Оны отбасына келген келіндер де толықтырып, саладағы еңбек өтілі 280 жылға жуықтапты. Осынша еңбек жылында бір ғана Құрашевтер жанұясы қанша баланың білім мен өмірге бағыт-бағдар алуына ықпалын тигізген. Тигізіп те келеді. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, физика, химия, биология, дене шынықтыру, технология пәні және бастауыш сынып мұғалімдері бар. Ендігі  буын да тағы бірер жылдан бірнеше пәнді меңгеріп, алдыңғы көштің артынан ілесетін болса, әулеттің өзі бір мектептің маманын құрауға жарап қалатындай. Бір шаңырақтан осынша бірдей мамандық иелерінің шығуы таңқаларлық емес пе?!    

img_2924

 − Ерғали Өтесбайұлы, мұның қандай өзіндік сыры бар?

 − Ауылда, қарапайым шаруа жанұясында туылған 8 баланың алтауының мұғалім мамандығына бет бұруына ең басты себепкер ол біздің анамыз марқұм Ұлым Думақызы. Әкеміз Өтесбай да мектепте көлік жүргізуші болып еңбек етті. Сол маңдай терінің арқасында бізді ер жеткізді. Соның да ықпалы болған шығар. Онан қалса 1970 жылдары біз туып-өскен Жармыш ауылы мектебінің атағы бүкіл облысқа әйгілі еді. Әрі отбасында 5 ұл, 3 қыздың үлкені болғасын алдағы керуен қайдан жүрсе, артындағы да содан жүреді дегендей. Ал менің оқытушы болып қалыптасуыма анамның «Балам, баламен жұмыс қай уақытта да өлмейтін әрі абыройлы жұмыс» деген бірауыз ақылы түрткі болды. Ол уақытта мұғалім мәртебесі қазіргіден әлдеқайда жоғары. Ауылда болсын, кез келген ортада жұрт құрметтеп төрге шығаратын аса сыйлы адамның бірі еді. Сондықтан да жастайынан қиындықпен өскен шешеміз өзі жарқырап жүрмесе де біздің болашағымыздың жарқырауын қалады және соған қарай бағыттады. Сегізіміз де мектепте  жақсы оқып, жоғары білім алдық. Оның үстіне аядай ауылда «пәленшенің балалары мектепте үздік» деген үлкен мақтаныш саналатын, бас қосылған жерде мадақталатын. Ауылға белгілі  Ырзахановтар, Ешмановтар әулеті мен біздің жанұямыз да осы қатарда айтылатын. Біз де осыған сай болуға тырыстық. Өзім мектепті аяқтап, 1971 жылы Гурьев педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түстім. Қарындасым Жапырақ физика факультетін таңдады, қазір Ақтау политехникалық колледжінде сабақ береді. О дүниелік болған інілерім Жанғали физика, Молдағали дене шынықтыру пәнінің мұғалімі еді. Жанғали кейіннен Жаңаөзен қаласындағы мәдениет бөлімін басқарған. Кіші қарындастарым Алмажан мен Набат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы. Қазір Шетпе ауылындағы №2, №6 орта мектепте жұмыс жасайды. Қуанышқали мен Молдабегіміз ғана өзге салада. Есесіне 3-еуіміздің келіншегіміз де оқытушы. Өмірлік серігім Момын Даулеттегі №4 мектепте технология, Жанғали мен Молдағалидің әйелдері Ұлжан мен Бағдагүл физика пәні мен бастауыш сынып мұғалімі..

Перзенттерімнен қазір екі балам «МАЭК» Казатомпром  АҚ-та, біреуі теміржолда. Қыздарым Гүлзира физика, Венера мен Әсел химия-биология пәні бойынша білім беруде. Тұңғышымыз Абылай отбасымызды тағы бір білім саласының маманымен толықтырды, зайыбы Ақкүміс қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, үлкен немереміз Ақжүністің де арманы ағылшын тілі пәнінен мұғалім болу.

−  Бәлкім заман талабы, бәлкім қызығуына байланысты шығар, әке жолын қыздарыңыз ғана жалғапты…

−  Иә, бізден 3 ұл, 3 қыз педагог шықтық. Оған сол замандаңғы оқытушы беделінің рөлі орасан. Өзім химия-биология пәні мұғалімі Төрәлі Озғанбаев, математик ағайымыз Ораз Теленгенов, директорымыз Бекқожа Еділхановты үлгі тұтып, соларға еліктедім. Олардың өз ісіне берілгені былай тұрсын, адами қасиеті, айналасындағылармен мәмілесі, көзқарасы бөлек әңгіме. Сыныбымыздан 6 оқушының сол кісілердің мамандығына баруының сыры да сонда жатса керек. Ал қазір ше, мектепте орта деңгейде оқығандар, өзге оқу орындарына балы жетпегендер де педагогикалық институтқа түсіп жатады. Оларды 4 жыл бойына оқытып, білім беретін жоғары оқу орындарының барлығы бірдей сапалы кадр дайындауда деп тағы айта алмайсың. Соның арқасында өз пәнін жетік білмейтіндер мамандықтың қадірін қашыруда. Әрі оқытушылар қауымында ерлердің саны күрт азайып, әйел-қыздар көбейді. Ер балалар көп жағдайда оларға бағынбай да жатады. Тәртіп болмаған жерде білім беру де қиындайды.

Оқушының алдында оқытушының беделін түсіретін тағы бір жағдай қазір мектеп балалары ұстазынан жақсы киінеді. Мұғалімнің орта деңгейдегі еңбекақысы бұған жетпейді. Өндірісте көлік жүргізушінің өзі таңын мектепте атырып, күнін мектепте батыратын сол оқытушыдан жоғары жалақы алады. Талапты, оқуға озат ер балалардың салаға келе бермеуінің бір ұшы соған да саяды. Біздің мектепте де мұғалімдерден 10 шақты ер азаматты кездестіресіз.

Әрине, жұмыс сұрап келетін ер мұғалімдер де кездеседі. Оларды қуана қабылдағың келгенімен қарапайым арызды дұрыс жаза алмай жатады. Баланың болашағын ондай «маман» қолына қалай сеніп тапсырасын?!

Ал ұлдарымның біздің емес, өзге салаға кетуіне соған қарай бейімділіктері себеп болды.  Яғни, кім-кімде көтере алатын шоқпарын ғана асынғаны жөн.

−  Дегенмен, сіз осынша машақаты мол жұмысты таңдадыңыз және одан табан аудармай келесіз. Осы аралықта өзге кәсіппен айналысу ойы болмады ма, кешегі тоқсаныншы жылдардың тоқырауында көпшілік саудаға, өзге салаларға кетіп жатқанда…

−  Бізде бір ғана – ыстығына күйіп, суығына тоңып тұрсаң да таңдаған жолыңнан таймау мақсаты тұрды. Сол уақыттарда мен мектеп басқаратынмын, 8 айлап жалақы алмастан жұмыс жасадық. Әйеліміз екеуіміздің басқа табыс көзіміз жоқ. Жеуге нан таппай көршілерден сұраған күндеріміз де болды. Мұның ешқайсысы да алған бағытымыздан айныта алмады. Күнкөріс қиындап тұрған сондай сәтте «Қаражанбасмұнай» кәсіпорнынан жұмысқа ұсыныс та түскен еді.

Ол кездерде бүгінгідей білім беруді жеңілдететін сан түрлі технология да, мүмкіндік те шектеулі. Қазір білім беру үдерісінің тиімділігін арттыратун неше түрлі аудио, бейне таспа дейсіз бе, интерактивті тақта, барлығы да бар. Мамандардың баспаналы болу жағы да қарастырылған. Кембридж әдісі, «Өрлеу», басқа да курстармен біліктілікті де, айлық ақыны жоғарылатуға  болады. Әйтсе де білім алуға жасалған соншалық жағдаяттарға қарамастан қазіргі оқушыларының көбінде түсіндірген тақырыбыңды шын мәнінде ұғып, миға құйып алу сирек. Жаман әдеті − тестен өту үшін уақытша жаттандылыққа бейімделіп барады. Ондай дүние баста мәңгілік тұрақтап қалмайды.

− Еңбек жолыңызды қай жерден бастап едіңіз?

−Жоғары оқу орнын бітіре сала 1976-77 оқу жылында Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылындағы «1-ші май» сегізжылдық мектебіне жұмысқа келдім. 1977-78  оқу жылында Жармыш орта мектебіне қабылданып, өз пәнім бойынша 1984 жылға дейін еңбек еттім. 1984-85 оқу маусымында Онды орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып ауыстым. Содан кейін осы мектептің, Дәулет ауылындағы №19 білім ордасының, Қызылтөбедегі  №18 мектептің директоры, Ақтау қаласындағы №20 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, Дәулет мектебінде мұғалім болдым. 2011 жылы Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында салынған жаңа білім ордасына басшы болып тағайындалып, кәсібімді жалғастыру үстіндемін.

 −  Мұғалім болу балалық шағыңыздың арманы ма? Ұстаз болмасаңыз  қандай мамандықты таңдар едіңіз?

−  Дәрігер. Осы салаға ерекше ықласты болғандықтан  Ақтөбедегі медициналық оқу орнына бағыттама алғанмын. Бірақ, анамның айтуымен таңдаған жолымда да кем болмадым. Өз деңгейінде меңгеріп, өзгелерді де меңгертіп келемін. Балалықтың балғын кезінің қиялы ұшқыр, арманы асқақ еді. Әлімбай деген ұстазымыздың сабағына қызығып ғарышкер болуды, ғарышты зерттеуді аңсайтынмын. Бертін келе, бәрі де өзгерді.

−  Сізді сабақ барысындағы ешқандай қимыл-қозғалысқа жол бермейді деп естідік, бұл сіздің өзіндік әдісіңіз бе? Оны ескірді деп ойламайсыз ба?

− Қазір оқу процесінде біраз әдістер қолданылады, бірақ қай-қайсы болса да мәселе онда емес, сол арқылы баланың білімді қалай қабылдауында. Мен ұстанған әдістен кейінгі өмірлерінде көрген пайдасын көп шәкірттерім әліге дейін айтады. Бұл жерде бар тиімділік оқушыға білімді сабақ барысында меңгерте алдың ба, жоқ па сонда. Ал ондай, 45 минутта қамтылған бар білімді сол жердің өзінде құйып алатындар әр сыныпта санаулы ғана. Мұндай  оқушыдан сол нәрсені қай уақытта сұрасаң да мүдірмейді. Сондықтан осыған жұмыстанамын. Кейбір пәндерге қызығушылығы мүлде жоқ, керісінше кейбірлерін жақсы ұғатындар да, мінезі қиын балалар да кездеседі. Олармен жеке сөйлесіп, өзге пәндерге де қызығушылығын оятып, қажеттілігін түсіндіремін.

− 960 орындық мектепті басқарып, 177 адамның қызметін үйлестіріп отыр екенсіз. Олармен қалай жұмыс жасайсыз?

− 31 жасымда 1984-85 оқу жылында Онды орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Онда мұғалімдердің көбі менен үлкен, көпті көрген аға-апаларым. Лауазымым үлкен деп олардан өзімді алға қоймадым, сыйластық, түсіністікпен, үлкенге ізет, кішіге құрметпен осы күнге жеттім. Ал енді өзім өзгелерге ағалық ақыл айтатын жасқа келіп, мамандарымның жеке қасиеттері мен кемшіліктері болса жеке сөйлесіп, жөнге салып отырамын.

−  Сіздің көзқарасыңыз бойынша мұғалім қандай қасиетке ие?

−   Кең пейілді, ұстамды, өз мамандығын терең білетін және оны сүйетін, өмір талабына сай ағымдағы өзгерістер мен жаңалықтармен таныс және оны бағамдай алатын адам. Жүріс тұрысы, сырт көрінісі, сөйлеген сөзімен де шәкіртке үлгі болатын, тұлғасына көз тойып, көңіл қуанатын жан. Мейлі оның еңбек өтілі бәленбай жыл бола берсін, әрбір сабаққа дайындалмай келмеуі, оқушы алдындағы жауапкершілікті сезіне білуі тиіс. Баламен, ата-анасымен де тіл табысып, қарым-қатынас орната алуы қажет. Өкінішке орай, осы үштікті нығайтуға көп мұғалімдер шорқақтау. Жақында бір сынып жетекшісі «Сабаққа дұрыс мән бермейсің, киімің үтіктеусіз, жуынбай келесің деп үнемі ескерту жасайтын оқушымның үйіне барсам, тұрмыс жағдайлары өте нашар екен» дейді. Міне, олардың осындай жағдайымен таныспаған сынып жетекшісі бала жанын қайдан түсінсін.

Сыр бөліскенің үшін рахмет!

Ерғали ағамен әңгіме кезінде келіні Ақкүміс Есбергенованы да сөзге тартқан едік:

− Келін болып түскенімде үлкен енемнің көзі тірі болатын. Оны балапанын мәпелеп, өз өмірін аямайтын нағыз әйелдің символы деп білетінмін. Атамыз сол кісі мен нағашы және өз әжесінің тәрбиесін де бірдей көреді. Өмірдің ащы кезеңінің дәмін татқан атасы Құраш еңбекқорлығы мен егіншілігінің арқасында ауылына сыйлы жан болған деседі. Ағалары Жұмаш, Сенбай және үлкен ұлы Сисенбай төртеуі  Ұлы Отан соғысына қатысады. Екі ағасы хабарсыз кетіп, өзі жараланып елге оралады. Бейбіт күннің қадірін білер Құраш атамыз Жармыш ауылының іргесіндегі Қаратаудың Сарқауақ деген жерінен бұлақ қазып, егін салумен айналысыпты. «Құраш бұлақ» аталып кеткен сол бұлақ әлі де бар.

Сондықтан болар, сондай еңбекқор, мейірімді жандардың қолында өскен атамыз, оның өмірлік таңдаған серігі енеміз де қарапайым, сабырлы адамдар.  Өте қонақжай, ешкімді жатсынбай  бауырына басып, қолдарынан келген көмегін аямай, әрқашан қолұшын созуға дайын тұрады. Бұл әулетке келін болып қиналмадым, өз туған ұямда алған тәрбием мен өнегем  осы шаңырақта  одан да шыңдала түсті.

Бала тәрбиесіне қатысты, отбасылық құндылықтарды қастерлеуге байланысты ақыл-кеңестерін үнемі санамызға сіңіріп отырады.

Көп  білмейтін қырлары да жоқ емес. Домбыра, баянда жақсы ойнайды. Халық әндерін, Шәмшінің әндерін шебер орындайды, ағаштан түрлі  бұйымдар жасап, сурет салады. Егін егіп, гүл өсіреді. Соның арқасында үйімізде түрлі гүлдер қысын-жазы көрікке бөлесе, жаз бойына өз бақшамыздан көкөнісін пайдаланамыз. Бұрындары мектепте өткізетін ашық сабақтарыма арналған  көрнекіліктерді өзі дайындап  беретін. Онды ауыл мектебі музейінде жасаған ағаш бұйымдары әліге дейін тұрған болуы керек.

Енем бұл әулетке 23 жасында келіп, екі ата мен екі енеге қызмет етіп, 8 жыл бірге тұрыпты. Негізгі мамандығы тігінші, Атырау облысында оқыған. Онды ауылында Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп ашылып, безендіру үшін жіберілген тігіншіні технология пәні мұғалімі етіп алып қалады. Содан 27 жылдан бері осы салады еңбек етіп келеді. Зейнетке шықса да үйде қарап отырғанды сүймейді, әлі жұмысын жалғастыруда.  Іс тіккенді жақсы көреді. Өз енесінен көрген қамқорлығын бізге беруге асығады, жұмыс жасауымызға қолдау көрсетумен келеді.

Шахида Жұман