Байрақты бәсекелерде адуынды былғары қолғап иелеріне дес бермеген  Берік пен Әділбек есімі елге елеулі екені рас. Рио төрінде жеңіс тұғырына көтерілген, Олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері  Әділбек пен аса шапшаң, шымыр да ширақ, саңлақ спортшы Беріктің бәсекесінде  барша қазақ жұрты қос батырдың тілеуін тілеп, тақымын қысып көгілдір экранға көз тіккен еді. Бүгінде халықтың батыр ұлдарын жас ұрпақ үлгі тұтып, мақтан етеді.  Табанды еңбек, қажыр-қайрат, ерік-жігер, зор ықылас жемісін татып,  жетістікке жеткен  жеңімпаздар  рухына  сүйсінеді,  ерлігіне еліктейді. Әлеуметтік желі, басылым беттерінен бөлек шынайы өмірде жүздесіп, қолтаңбасын алуға асығатын, көкейінде жүрген сауалын қоюға ынтық жанкүйер жастар жетерлік.

Осыны аңғарған «Жас Отан» жастар қанаты спортшылар мен орта арнаулы оқу ордасы студенттері, мектеп шәкірттері әрі белсенді жастардың кездесуін ұйымдастырды. «Достық үйінің кең залында саңлақ былғары қолғап шеберлері мен жастар жүздесіп, жылы лебіз, зор құрмет, мадақ пен мақтауға толы жайлы көңіл-күй орнады. Жастар тарапынан Берік пен Әділбектің өмір жолы, балалық шағы, спортқа деген сүйіспеншілігі, жетістіктер және жеке өмірі жайлы сауалдар толастамады. Берік те, Әділбек те кез келген сауалға шын ықылас, түзу ниетімен толық жауап беріп, ағалық пейілін танытты. Жастар мен жасөсіпірімдерге салауатты өмір салтын ұстану, ізгі адамгершілік қасиетті бойға сіңіру, жаман әдеттерден аулақ болу жөнінде ақыл-кеңес берді. Зор еңбек, шынайы сенім, талап-талпыныс нәтижесінде кез келген биіктен көріну, кез келген кедергіні кесіп өту мүмкін екендігін тілге тиек етті. Қоғамдағы белсенді жастарды ел болашағына балаған Әділбек «Жас отандықтар» қатарынан көрінуге қарсы еместігін жеткізді. Жиын соңында қос спортшыға «Жас қанат» жастар ұйымы мен «Жас Отан» жастар қанаты тарапынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Голрох Жеменей