Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыс орталығындағы «Достық үйінде» «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен «Бір тағдыр, бір Отан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

img_2149

Басқосуда Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле Жақаева этносаралық татулық пен іскер әйелдердің өзара байланысы туралы әсерлі әңгімеледі.

-Биылғы жыл Қазақстан республикасының Парламенті мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлаулары өткен жыл. Ең бастысы — үстіміздегі жылы Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Қазір ел болып өткеніміз бен бүгінімізді саралап, кемел келешекке көз тігіп отырмыз. Қантөгіссіз келген Тәуелсіздік—біздің ең басты құндылығымыз, байлығымыз,-деді Сәуле Бердіханқызы.-Қазір жер бетінде не болмай жатыр, нені көрмей отырмыз. Ғаламдық дағдарыстар мен текетірестер, қантөгістер арасынан сыналап өтіп келеміз. Құдайым қазақ еліне жамандық көрсетпесін, деп тілейді үлкен де, кіші де. Ал ол үшін өзіміздің де еңбектенуіміз қажет. Тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына бәріміздің атсалысуымыз керек. Елбасымыз айтқандай, «қазір біздің еліміздің беріктігі, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсіп жатыр. Біздің міндетіміз — елді сақтау, Егемендікті нығайту және Ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу. Біз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Біз оған қасқайып қарсы тұруға тиіспіз!». Ал ол үшін тағы да Елбасымыз үнемі және талмай айтып келе жатқан бірлік пен келісім, этносаралық татулық пен келісімді қорғау — біздің басты мақсатымыз болмақ. Қандай партия болмасын, қандай ұйым, қай депутат болмасын, оларда бір мақсат — елдің тұтастығын сақтау. Біздің бәріміздің жұтып отырған ауамыз, ішіп отырған суымыз, жеріміз, көліміз — бәрі ортақ. Президентіміздің сөзімен айтсам, бізді тоғыстырған бір Отан, бір тағдыр. Біз көп ұлтты халықпыз. Біздің қауымдастықта да түрлі ұлт өкілдері бар. Тіл мен дәстүрдің әр түрлілігіне қарамай, бір мақсатта жұмылып жатырмыз. Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы — еліміздің әр аймағындағы білікті де беделді, танымал әйелдердің қоғамы. Біздің міндетіміз — «Көптің көзіне түсу, маңызды болу, демек, кәсіпқой және көшбасшы болу». Ал ұстанымымыз — «Жинала білу—бастамасы, бірге болу — ілгерілеу, бірге жұмыс істеу — жетістікке жету». Қазір біздің қауымдастықта 200-ге жуық мүше бар. Бұрын тек Ақтау қаласын қамтысақ, бүгінде барлық аудан, селолардан филиалдар ашып жатырмыз. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Бану Ғаниқызымен, комиссия хатшысы Сара Төлегенқызымен және аудан, қалалардағы осы комиссиялар төрағаларымен бірлесе отырып, әр ауданда жұмыстарымызды бастадық. Ұлты кім болғанына қарамастан, аналардың табиғаты бір, мақсат-мүддесі де бір. Әр ана өз перзентінің қамын қамдаса, бәріміз бірлесіп, Отан-ананың, оның болашақ резерві — балаларымызды қолдау мен қорғау бағытында жұмыстанамыз. Біздің қауымдастықта 16 секция жұмыс жасайтын болады. Соның бірі — «Әйел және келісім» секциясы.

Дөңгелек үстел басында осетин диаспорасы «Алан» қоғамдық қорының төрайымы, Ақтау қаласы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының үйлестірушісі Фатима Биркле алдағы атқарылар шаралар, өзі жетекшілік ететін  — «Әйел және келісім» секциясы туралы айтты.

Бақосуда сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты Ахмет Мурадов облыстық және қалалық іскер әйелдер қауымдастықтарында жүзеге асырылып жатқан шараларға көңілі толатындығын білдіріп, өз ой-пікірін айтты. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

img_2139

img_2113