тоғызқұмалақ

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының жоспарына сәйкес Маңғыстау облыстық тоғызқұмалақ федерациясының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында жарыс өті. Жекелей өткен біріншілікке Ақтау қаласы, Мұнайлы жəне Маңғыстау ауданынан барлығы 24 ойыншы қатысып, бақтарын сынады.

-Біз жақында облыста ұлттық ойынды дәріптеп жүрген бірқатар ұстаздардың басын қосып, семинар-тренинг өткізген болатынбыз. Ондағы мақсатымыз-тоғызқұмалақ спорт түрінен жаттықтырушы, қосымша білім педагогы мен дене тəрбиесі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, білімін шыңдау. Семинарға аймақтан 58 маман қатысып, арнайы республикалық тоғызқұмалақ спорты федерациясының сертификатына ие болды. Өйткені, біздің мектептерімізде оқушылар арасында осы ойын түрін насихаттау, дамыту жақсы жолға қойылып келеді. Өңірімізде мектептерде оқушыларды тоғызқұмалақтан дайындайтын арнайы үйірмелер жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде облыстық, республикалық жарыстарға аймақ атынан қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген ойыншыларымыз да көп. Ал, оларға дәріс беріп жүрген ұстаздардың білімін жетілдіріп отыру-біздің міндетіміз деп білемін. Бүгінгі жарыстың да өз ерекшелігі бар. Біз биыл ұлық мереке тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Сондықтан да тоғызқұмалақ ойынын жанына серік еткен жасөспірімдер арасында тәуелсіздік мерекесіне және айбарлы Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай да жарыс ұйымдастыруды жөн санадық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,-деді облыстың тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Гаухар Жакиева.

02

Адамның ойлау қабілетін дамытып, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал ететін жарыстың қорытындысында жекелей есепте ұлдар арасында 1-орынды Сәбит Беркінбаев (Мұнайлы ауданы) иеленсе, екінші және үшінші орындарды Нұрғазы Əділбай (Ақтау қаласы), Айболат Өмірзақ (Мұнайлы ауданы), Дархан Бурхан (Ақтау қаласы) өзара бөлісті. Қыздар арасынан 1-орын Арайлым Төлеповаға (Ақтау қаласы) бұйырды. Екінші, үшінші орындарға ақтаулық арулар Ақмарал Изтурғанова, Салтанат Құдабаева, Айдана Қаржауова тұрақтады. Сондай-ақ, жарыстың сапалы өтілуіне атсалысқан жəне облыста ұлттық ойынды дамытып жүрген төрешілер мен жаттықтырушылар арнайы спорт басқармасының алғысхатымен марапатталды.

Венера МИРЛАН