Жылына ел қоймасына мыңдаған тонна «қара алтын» құйып, экономиканы көтеруге айрықша үлес қосып жүрген мұнайшылар аймақта аз емес. Сондай жанның бірі-өңірдегі іргелі кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы-Нұрпейіс Сәрсенбай. Білікті маман биылғы мұнайшылар мерекесінде ҚР Энергетика Министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

2

Нұрпейіс Мизанбайұлы — 1972 жылдың мамырында Маңғыстау ауданының Шебір ауылында Мизанбай мен Тәжіханның шаңырағында дүниеге келген. Алғаш мектеп табалдырығын Шебірдегі сегіз жылдық 1-май мектебінен аттаған. Сегіз жылдық білім алғаннан кейін көрші ауылдағы Тұщықұдық ауылындағы Жаңғабыл орта мектебіне ауысады. Оқуда зерек, алғыр бозбала мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып, түрлі пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанады. Білім ордасын «Үздік бітірген» ол арман қуып, Алматы қаласындағы қазақ политехникалық институтына құжат тапсырып, жоғары оқу орнын мұнай мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын «Қаламқас» кенорнындағы №1 мұнай-газ өндіру цехынан оператор болып бастап, кейін шебер, цехтың инженер-технологы қызметтерін абыроймен атқарады. Жоғары білімді маман бар білгенін аямай ортаға салып, алған білімін пайдаға асырады. Осылайша жақсы жұмысшы ретінде қабырғасы қатайып, тәжірибесі шыңдалады. Араға көп уақыт өтпей №2 цех бастығының орынбасары қызметтіне тағайындалады. Қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман орталық инженерлік-технологиялық қызметіне бөлім басшысы болып ауысады. Еңбекқор жан 2001 жылы №1 мұнай-газ өндіру цехының басшысы болып орналасады. Артылған сенімді ақтап, жүктелген міндетті абыроймен атқара білгендігінің арқасында 2010 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы болып тағайындалады.

06

-Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруың керек. Үйреніп, ізденбей табысқа жету-қазіргі заманда мүмкін емес деп ойлаймын. Қашанда қарамағымдағы жастарға білгенімді үйретіп, тәжірибиеммен бөлісуден еш жалыққан емеспін. Жалпы біздің отбасымызда менің үлкен ағам Дулат та, інім Найман да мұнай саласында еңбек етеді. Әкеміз Мизанбай мектепте ұстаз болып, ұзақ жылдар қызмет етті. Біздің азамат болып қалыптасуымыз, білімді болып ержетуіміз үшін көп еңбектенді,-дейді Нұрпейіс Сәрсенбай.

Бүгінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында 2000 адам табысты еңбек етеді. Мекеме жемісті еңбек етумен бірге өңірдегі түрлі әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп, халықтың тұрмыс-тіршілік жақсартуға, хал-ахуалын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

-Бізде биыл 4 млн. 103 мың тонна мұнай өндіруге жоспар жасақталып, тапсырма берілді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша тапсырманы уақытылы орындап келеміз. Ұжымда жұмысшылардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Мекемеде жұмысшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытында волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақтан, қазақша күрестен түрлі бағытта спорттық жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады,-деді Нұрпейіс Сәрсенбай.

Білікті маман адамдарға көмек қолын созып, қолдау көрсетуден жалыққан емес. Тірлігі тындырымды басшы аймақта самбо, дзюдо күресінің дамуына да зор үлес қосып келеді. Биыл өңірде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирінің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсетіп, балуандардың боз кілемде белдесуіне жағдай жасады. Сонымен қатар, 2014 жылы Ташкентте жастар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионатына облыстың балуандары Бауыржан Сағынғалиұлы мен Ғайса Қалмұхановтың қатысуына демеушілік көмек берді. Үлкендер үмітін ақтап аталмыш жарыстан Бауыржан-чемпион атанса, Ғайса-аса ауыр салмақта үшінші орыннан көрінді.

07

-Өзім спортты жақсы көремін. Жастардың да салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізгенін жөн деп есептеймін. Облыста мықты балуандардың көші қалыптасып, аймақтың атын республикалық, халықаралық жарыстарда шығарғанын қалаймын. Сондықтан да оларға демеушілік көрсетіп, жарыстарға қатысуына жағдай жасап отырсақ, ол азаматтығымыз деп білемін. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді емес пе?! Өңірден Азия, Әлем чемпиондарының шығып жатқаны біздің де абыройымыз,-дейді кейіпкеріміз.

Өз мүддесінен қоғам алдындағы қызметі мен елдің болашағынан жоғары қойып, талмай еңбек еткен мәртебелі мамандығының иесі Нұрпейіс Мизамбайұлы ортасына абыройлы, еліне ардақты жан. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін арда азамат облыстық мәслихаттың 2012 жылы бесінші, 2016 жылы алтыншы шақырылымының депутаты. Халық қалаулысы өңірде шешімін таппаған түйіткілді мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп, аз уақытта біраз жұмыстарды атқарды. Сайлаушыларымен жиі кездесіп, мәселелерімен жақын танысты. Осылайша, Қызан, Шебірде баспанасы жоқ тұрғындардың қоныс тойын тойлауына жәрдемдесті. Шебір, Тұщықұдық ауылдарында жеткіншектердің спортпен айналысуына жағдай жасап, қос ауылда спорт мектебінің пайдалануға берілуіне атсалысты. Сондай-ақ Тұщықұдық, Шебір, Шайыр, Жармыш ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның бой көтеруіне ықпал етті. Шетпе-Қызан тасжолының Шетпе-Тасмұрын бөлігінің қайта құрылымдау жұмыстарының қолға алынуына мұрындық болды. Өңірдегі біршама қорымдарды қоршап жөндеу жұмыстарын қолға алды. Енді жақын күндері Ақшымырау ауылында жаңа спорт кешенін пайдалануға беріп, ауыл жастарының спортпен айналысуына жағдай жасамақ. Мұның барлығы депутат атқарған істердің бір парасы ғана.

Жемісті еңбегімен еленген азамат отбасының да ұйытқысы. Бүгінде жұбайы Ғазиза екеуі Жазира, Әдиқожа, Әмин есімді перзенттерді тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

— Қазақтың батыр тұлғаларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тәрбиенің маңызын ашып көрсеткен. Сондықтан да мен балаларымды тәртіпті болуға тәрбиелеп, сауатты болуға баулимын. Отбасымыздың әке жолымен қаланған өз тәртібі бар, біз соған бағынамыз. Әрдайым әкеміз балаларын: «Өтірік айтпаңдар, әділ болыңдар, алға қойған мақсаттарыңа жету үшін еңбек етіңдер. Мамандықтарыңа адал болыңдар» деп тәрбиеледі. Әкеміздің осы өсиеті әрдайым жадымда,-дейді отбасы тәрбиесі жөнінде кейіпкеріміз.

Тындырымды тірліктер атқара білген кейіпкеріміз Бозащы мұнайының 30 жылдығына орай «Ерен еңбегі» медалімен марапатталған. Биылғы кәсіби мерекеде ҚР Энергетика Министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Венера МИРЛАН

1 ПІІКІР