Көрнекі сурет сайттың архивінен

Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастарға мемлекеттік қолдау жеткілікті. Олардың арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес пен кәсіпкерлік негіздерін тегін үйрететін «Бастау — Бизнес» жобасының орны бөлек. Бейнеу ауданымыздағы кәсіпкер жастардың көпшілігі — осы бағдарлама бойынша білім алғандар. Олардың бірі — аудан орталығындағы «Пудра» сұлулық салонының меңгерушісі Айгерім Оңғарбаева.

Арманы асқақ Айгерім

— Өркениетті қоғамға қажетті техник-бағдарламашы және қаржыгерлік мамандықтарын иеленіп, жергілікті билікте қызмет жасап жүргенімде атқарған қызметіме көңілім толмайтын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сәби күтімімен үйде отырғанымда ғаламтордағы мастер-класс беттеріне ден қойып, сол арқылы шеберлікке жету сырларын өз бетімше үйренуге кірістім. Аңсаған арманыма жету үшін Ақтаудағы косметика бойынша арнаулы курста оқып, өзіме әбден ұнаған осы қызметке бет бұрдым. Кем-кемнен мені тұрақты түрде іздеп келушілер көбейді. Кәсіпкер болайын деген оймен 2018 жылы күзде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының «Бастау — Бизнес» бағдарламасы бойынша курсты аяқтап, жобамды сәтті қорғап, сертификатқа ие болдым. Былтырғы жылдың қараша айында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аталған микроқаржылық қолдау қорынан жеңілдік пен 3 миллион теңге көлемінде несие алып, қазіргі ғимаратты қажетті заманау жабдықтармен жабдықтап, «Пудра» сұлулық студиясын аштым, — дейді Айгерім бұл салаға қалай келгенін білуге қызыққанымызда. Әйел-қыздардың табиғат сыйлаған сұлулығын үстейтін салондар көп, нәзік жандылар шеберлерді талғаммен таңдайды.

Сондықтан Айгерімнің өзі де, студияда бірге қызмет жасайтын әріптестері Жанбибі Шаяхметова мен Махаббат Таджибаевалар да — ғаламтор мен әлеуметтік желілерді ақтарып,шеберлікті жетілдіру үстінде ізденісте. Студияда нәзікжандыларға негізінен макияж және перманентті татуаж (өз тілімізде айтсақ, бетті әрлеу, қас-кірпікті әдемілеу) қызметтері көрсетіледі. Бұл үшін гиппеаллергиялық косметикалық өнімдерді Ақтаудағы лицензиясы бар, сенімділік шарттарын бұзбайтын сауда нүктесінен сатып алады. Ізденістің арқасында шеберлігі артып, тұрақты тұтынушылары да көбейіп келеді. Табыс қомақты. Ай сайын несие қайтарымына төлейтін 60 мың теңгені, келісім-шарт бойынша қызмет жасап жүрген екі шебер қыздың айлығын, басқа да әртүрлі шығындарды шегергенде жеке кәсіпкердің таза пайдасы орта есеппен 150-200 мың теңгеден кем түскен емес.

— Біздің кәсіпкерлік нысанымыздың «Сұлулық салоны» деп емес, «Сұлулық студиясы» деп аталуының да өзіндік себебі бар, — дейді Айгерім. — Қыздардың арасында сұлулық шеберлері болуға қызығушылар көп. Мен қысқа мерзімді ақылы курс ашып, жетістіктерім мен шеберлігімді осындай сіңлілеріме үйретіп жүрмін. Осыған байланысты сұлулық салоны студия деп аталады. Менің ұстаздық етуіммен шеберлікке жаттығып, өз қызметтерін бастаған бірнеше шеберлер Шетпе, Бейнеу сұлулық салондарында қызмет жасап, шеберліктерімен көзге түсіп жүр.

Жүрек қалауымен таңдаған кәсібін дөңгелетіп жүрген Айгерімнің арманы асқақ, ол кәсіпкерлік аясын әлі де кеңейтуді көздейді. «Өзің қалаған іспен айналысуға мүмкіндік берген заманымыз қандай тамаша. Қараңызшы, биылғы Жастар жылында жігіттер мен қыздарға қаншама мүмкіндіктер жасалып жатыр. Ауданымызда бұрыннан жүзеге асырылып жүрген «Бастау — Бизнес» бағдарламасы бар. Ал биылғы «Жас проджект» жобасы аясында кәсіпкерлікке батыл қадам басқан жалынды жастар легі көңілімді сүйсінтеді. Бұл — экономикамызға жаңа қарқын беретін жас толқын. Іргелі, игілікті істерге, іскерлікке бастайтын заманда кәсіпкерлік пен бизнеске араласып, биік белестерді бағындырғанға не жетсін», — дейді Айгерім Оңғарбаева.

Ия, Айгерімнің арманы асқақ.

Қартбай НАЗАРҰЛЫ