Жаңаөзен спорт

       Таяуда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында 1998 жылы туылған және одан да кіші жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Батыс Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл жарысқа Жаңаөзен спортшыларын ауыр атлетиканың қыр-сырына үйретіп, машықтаған бапкерлері Әділмағамбет Жаңбыров пен Тимур Жаңбыров алып барды.

        Чемпионатта жас ауыр атлетшілер Маңғыстаудың намысын қорғап, 5 топтың ішінен жоғары спорттық қабілетімен көзге түсіп, командалық есепте жүлделі ІІ-орынға ие болды. Жеке есепте чемпиондар мен жүлдегерлер қатарында жаңаөзендік спортшылар да аз болған жоқ. 34 келі салмақ дәрежесінде шыққан Қожа Нағымжан, 38 келі салмақты Абылай Майлыбай, 42 келі салмақты Қуаныш Айтбек, 50 келі салмақты Райбек Мәденов және Нұрсат Көбиев ІІІ-орын еншіледі. Ал 30 келі салмақта сынға түскен Айдос Абдуқалық қоссайыс көрсеткіші бойынша 45 келіні көтеріп, ІІ-орынды иеленіп, күміс медальді қанжығасына байлады. Күмістен медаль таққандар қатарынан 69 келі салмақты Мейірман Талғат, Бегалы Жегенбаев, 85 келі салмақты Мәжил Қазақ және +85 келі салмақты Бердіқожа Санатыллаев көрінді.

          56 келі салмақта және +85 келі салмақта өнер көрсеткен Бауыржан Мергенбаев пен Ерлан Алдаберген жеңіс тұғырынан көрініп, аймақ мәртебесін асқақтатты. Бауыржан қоссайыс көрсеткіші бойынша 145 келіні бағындырса, Ерлан 265 келіні еңсерді.

Ханым ҚУАТ