тарих театр

Облыстық ғылыми-әдістемелік орталығында «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Азаппен өткен өмір-ай!» атты драмалық қойылымының тұсаукесері өтті. Қойылым Алаш көсемдерінің бірі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қуғынға ұшырағаннан кейін оның жары Александраның (Бәдрисафа) басынан өткен өмірінен сыр шертеді.

IMG_7655

-Бұрын ешқандай сахналарда сомдалмаған жастар өзінің қызығушылығымен, әуесқойлығымен ынтасымен бүгін «Азаппен өткен өмір-ай!» атты драмалық қойылымды ақтаулық көрерменге ұсынбақшы. Қойылымға дайындық кезінде ескі киімдерді табу, актерлерге грим жасау жағы қиындық туғызды. Өйткені бізде кәсіби грим жасайтын адам болған жоқ, өзіміз ізденіп, үйрендік. Жалпы біздің партияда жастар қанаты Алаш бағытында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Партияның бір ұстанымы Алаш бағыты болғаннан кейін Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, М. Шоқай сияқты алаш арыстарын насихаттап, олардың елге жасаған еңбектерін жас ұрпаққа көрсетудеміз. Қойылымның Форт-Шевченкода өткен тұсаукесеріне белгілі драматург, жазушы, сценарий авторы Өтен Ахмет және Астанадан арнайы келген белгілі алаштанушы, әлихантанушы ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлұлы қатысып, жоғары бағаларын берді. Және бұл қойылымды Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театрына қоюды ұсынды. Бұйыртса, сәуір айының ортасында Астана қаласына жол жүреміз,-деген Бәдрисафаның қарт кезін сомдаушы Әлия Исаева бұған дейін қойылымның тұсаукесері мұнайшылар қаласы Жаңаөзен мен Форт-Шевченкода өткенін айтты.

IMG_7698Қойылымда адалдық, шынайы сезім, сағыныш, күдік әдемі оқиға желісімен бейнеленген. Қанша қиындық көрсе де, соңғы демі қалғанша шыдап баққан орыс ұлтының қызы Александра өзінің адал жары Ахмет Байтұрсынұлына деген махаббаты арқылы қазақтың тілін, салт-дәстүрін де қабылдап, ислам дінін ұстанады. Есімін қазақшалап Бәдрисафа деп те өзгертеді. Өткен ғасырдың боямасыз шындығы мен негізсіз айыптаулардың куәгері болған қойылымды талантты жастардың жоғары деңгейде сомдауы көпшіліктің көңілін босатып, көздеріне еріксіз жас алғызды.

-Кіршіксіз сезім мен адалдықты бейнелеген қойылым маған қатты ұнады. Қойылымның тұсаукесерінің өтетіні жайында әлеуметтік желіден көріп, арнайы келген болатынмын. Шынын айтайын, актерлік білім жоқ, студент жастардың қойылымды мұндай жоғары деңгейде сомдайды деп күтпеген едім. Еріксіз көзімізге жас алып, жылап та алдым. Өте сәтті шыққан қойылым, осындай тарихи қойылымдар көп сахналанса, Алаш көсемдерінің өмірі халыққа көп насихатталып, көрсетілсе деген тілегім бар,-дейді ақтаулық көрермен Бақыт Ізбаева.

Қойылымдағы кейіпкерлерді өлкедегі колледж студенттері мен мектеп оқушылары сахналады. Ахмет Байтұрсынұлын «Ақ жол-жастар» жастар қанатының белсенді мүшесі, Маңғыстау энергетикалық колледжінің 2 курс студенті Ғазиз Ізтұрғанов, Бәдрисафаның жас кезін Маңғыстау гуманитарлық колледжінің 1 курс студенті Нұргүл Бектұрсынова, татар байы Садықты №28 орта мектептің 11 сынып оқушысы Төлеби Маханбет, полицейді Болашақ колледжінің 2 курс студенті Сәкен Оңғаров, Перизатты Маңғыстау гуманитарлық колледжінің 1 курс студенті Гүлжайна Бақытжанова, атсызды Болашақ колледжінің 2 курс студенті Рамазан Тансықбаев, Қапизаны Маңғыстау гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті Гүлмайса Шаңбаева, көрші әйелді №23 орта мектептің 10 сынып оқушысы Гүлшат Нұрмұханова, бейтаныс жанды Маңғыстау энергетикалық колледжінің 1 курс студенті Сәбит Құдайбергенов шебер сомдады. Қойылымның сценарийін жазған Өтен Ахмет болса, идея авторы және қоюшы режиссері Әлия Исаева, қоюшы суретшісі Талғат Мамаев.

Венера МИРЛАН