Аружан Сағынғали

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен осымен төртінші рет өтіп отырған «Аялаған Астана»  ән байқауында өзінің кең диапазонымен әділ қазылар мен көрермендерді тәнті еткен жерлесіміз Аружан Сағынғалиева «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының арнайы жүлдесімен оралды. Астанадан өнер көрсетіп елге бүгін ғана оралған жерлесіміз Аружанға телефон соққанымызда:

-Бұл байқаудан жаңа достар таптым. Астана қашан да әдемі қала. Маған қатты ұнайды. Астана күніне ұйымдастырылған бұл байқау үшін жақсылап дайындалдым. Ақтаудағы Айда Байгелова ұстазыма алғысымды айтамын. Ол кісі мені дайындап, бәйгеге қосса, байқау барысында Наталья Дмитревна оркестрмен дайындық жүргізді. Мүмкіндіктеріміз бен дарынымызды көрсететін байқауларға қатысқан маған ұнайды. Бұл байқауда «Өмірім-әнім» атты әнді орындадым,-дейді Аружан өзінің байқаудан алған әсерімен бөлісе.

Былтыр өткен I Халықаралық «BАLA TURKVIZYON» ән байқауында өзін танытып үлгерген Аружан Сағынғалидың репертуарында он бестен аса ән бар. Кәмшат Жолдыбаевамен дайындық жүргізген Аружанның арманы асқақ. Былтыр газетімізге арнайы берген сұқбатында Роза Рымбаева сияқты әнші болуды армандайтынын айтқан Аружанға  «арман адастырмайды» демекпіз. Өнерге құлшынып тұрған жас дарынның ата-анасы да, әжесі де тілеуін тілеп отыр. Бұл жолы да сапардан оралысымен тағы бір Халықаралық байқауға қызу дайындықты бастайтынын айтқан Аружанға біз тек сәттілік тілейміз!

Милана Елеусінова

Суреттер Аружан Сағынғали анасының Фейсбук парақшасынан алынды