Маңғыстау өңірінде тағы бір жаңа имандылық үйі бой көтерді. Маусым айының 3-інде жұма күні Тұщықұдық ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жиынға облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, облыс имамы Смайыл Сейтбеков, Маңғыстау ауданы әкімі Жармағамбет Айтуаров қатысты. Рақымбек Маршалұлы облыс әкімінің халықты құттықтаған және игі іске ат салысқан барша азаматтарға алғысын айтқан құттықтау хатын оқып беріп, ізгілік пен қайырымдылықтың ғасырлар бойы жасайтынын айтты. Мұнан кейін сөз алған өкіл имам С.Сейтбеков Маңғыстау өңіріндегі мешіттердің көбейіп келе жатқандығын, бұл — алдымен мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатса, екіншіден, Ислам дінінің өркен жайып келе жатқандығының көрінісі екенін жеткізді.

Жиында мешіт салу ісінде өзгеге үлгі көрсеткен, жаңа мешіттің бой көтеруіне себепші болған Тұщықұдық ауылының тұрғыны Бейсенбек Нұржігітке Алғыс хат тапсырылды.
20 соттық жерден орын алған 200 адамға арналған жаңа мешіттің іші замануи талапқа сай салынған, яғни, әйелдер мен ерлер залы, сауат ашу курсына арналған сынып, имам бөлмесі бар.
3 мың жарым тұрғыны бар Тұщықұдық ауылын қуанышқа бөлеген шарада ауыл адамдарына ас берілді, спорттық ойындардан жарыс өткізіліп, ел -жұрт мәре -сәре болды.
Қос мұнаралы жаңа нысанның лентасын ауылдың ең қарт ақсақалы мен өлкеге белгілі азамат, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбі Әріпов қиып, имандылық ордасының іші мұсылман жамағатына толуына тілек білдірді.
Мешіт ішіне енген қонақтар мен ауыл тұрғындарына өкіл имам С.Сейтбеков рамазан айы жайында уағыз айтып, сол күнгі жұма намазын өткізді.

Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

14

10

4

13