Кеше Ақкетікке Ақтаудан бір топ қонақ келді. Олар облыстағы украин диаспорасының өкілдері – украиндардың ұлттық орталығының мүшелері екен. Топты орталық жетекшісі Андрей Сторожук бастап келіпті. Оларды Мұражай кешенінің директоры Ерлан Елмұханбетов пен мұражай қызметкерлері, жастар өкілдері қарсы алды.

— Осыдан 155 жыл бұрын, 1861 жылдың 21 мамырында украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченко Петербург қаласынан өзінің туған жері, Канев қаласындағы қазір «Шевченко тауы» деп аталатын биікке әкелініп қайта жерленген болатын. Сөйтіп,

Көміңдер мені өлген соң,

Сүйікті туған елімде.

Қазылсын қабірім кең байтақ,

Украинаның жерінде, деп өлең қып жазып кеткен өсиеті орындалды. Бұл күн біздің халқымыз үшін Тарасты еске алу күні болып аталып өтіледі, -дейді Андрей Сторожук.

Уақытында осы жерге айдалып келіп, біраз атақты өлеңдері мен суреттері өмірге келген Маңғыстауға Шевченконың да, украиндардың да өкпесі жоқ шығар. Шевченконың әлемдегі ең алғашқы бюсті осы жерде, әлем бойынша екінші мұражайы осы жерде, әлемдегі Шевченко аты берілген алғашқы қала осы жерде. Әлі күнге дейін Қазақстан мен Украина арасында мәдени байланыстардың алтын тіні осы жер арқылы өтіп жатыр. Украинаның азаттығы үшін жанын берген сан мыңдаған қазақтың атына бір қала тұрмақ, хутордың атын сұрамасақ та, осы қаланың атынан айрылар емеспіз. «Басыңа пана болар бір талы жоқ, қарғыс атқан өңір» деп кеткен осы өңірде ол шаншыған бір көшетті мың тал қылып, саялы баққа айналдырған Сатанғұл атаның атын айтпасақ та, Тарастың атын әспеттеп келеміз. Халқымыздың кең пейіл, дархандығында шек жоқ шығар.

Ақтаудан келген қонақтар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шевченко есімін, оны еске түсірер әрбір затты қастерлеп сақтап келе жатқан Ақкетік тұрғындарына алғысын айтты. Мұражай қызметкерлерінің күшімен Шевченко туындыларының шағын көрмесі ұйымдастырылды. Оның өлеңдерін жас маңғыстаулықтар қазақша, украинша, орысша жатқа айтып, ақынның өзіне жүрекжарды өлеңдер шығарып оқыды. Ал диаспора өкілдері «Червоны калины» фольклорлық ансамблінің орындауында украин әндерін орындады. Мұражайды аралап көріп, қолтаңба қалдырды. Ескерткіш сыйлықтар алмасып, бірге суретке түсті.

— Ақкетік Маңғыстауда тұратын украиндар үшін өзінің кіші отаны сияқты. Біздің ақынымыздың басқан ізі, ұстаған затына дейін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан сіздерге алғысымыз шексіз, -деді кетерінде қонақтар.

Тарас Шевченконы еске алды

Анар РАХИМБЕКОВА