«Елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы,
жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті
арашалаған Қазы,озбырлықтан обал мен сауапты
арашалаған Пірадар. Әлсізге Медет, Күштіге
Айбар, зарыққанға Жебеу, торыққанға Демеу,
асқанға Тосқан, сасқанға Сая,ұрпаққа Ұстаз,
ұлысқа Ұран, ел Иесі, жер Киесі – Пір Бекет».

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Соңғы кездері баспасөз беттері мен кітаптарда Пір Бекет атамыздың Көк асасы жәйлі біраз әңгімелер айтылды. Әсіресе, Көк асаның ата ұрпақтарына қалай дарығаны, сақталуы туралы сол айтылған әңгімелердің қисындысы да, қисынсызы да жеткілікті деп есептеймін. Әрине, 200 жылдан астам бұрынғы оқиғаларды ешкім көзімен көріп, құлағымен естімеген. Яғни, нақты жазба дерек, жеткілікті дәлел жоқ. Бәрі де атадан балаға, бірден-бірге ауызша айтылған әңгімелер арқылы жеткен болжамдар мен қиялдар. Ауыздан-ауызға жеткен аңыз-әңгімелердің бірі дұрыс, бірі бұрыс болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан тікелей ата-бабаларымыз арқылы бізге жеткен мына бір әңгімелерді көпшілік ортасына салғым келеді. Өйткені мен де Бекет атаның кенже баласы Бәйтеліден тараған алтыншы ұрпағымын.

Ертеде Адайдың Мұңалындағы Әли ауылының бір жігіті көтерілмелі сырқатқа шалдығыпты. Күннен-күнге ауруы асқынып, байлап бағуға мәжбүр болыпты. Перзентінің ахуалына шыдай алмаған әке жетегіне бір жорға алып Бекеттің ауылына жол тартады. Барса ата ауылында екен. Жолаушының жағдайын айтқызбай-ақ біліп отырған Бекет: «Бара алмаспын, басым ауырып, көңіл-қошым болмай отыр» дейді. Енді не істерін білмеген әлгі кісі:

— Онда сен барасың ба? Астыңа судай жорға мінгізіп, алақаныма салып әлпештеп апарып-әкелемін, — дейді далада ойнап жүрген 7-8 жасар Бәйтеліге.

— Егер әкем ұлықсат етсе барайын, — деп жас бала ықыластанып, лып ете қалады. Әрине, әкесі рұқсат етеді.

Сөйтіп әлгі кісі Бекет атадан рұқсат алып Бәйтеліні ертіп ауылына қайтады. Судай ағып тұрған жорға тақымға тигесін бала көңіл шаттана түседі. Ағызып келе жатқан жорғаның үстінде Бәйтелінің мойнына асып алған әкесінің Көк асасы бейне көк найза сияқты елестейді.

Құдайдың құдіреті ме, әкесінің қасиеті ме, әлде Көк асаның киесі ме әйтеуір байлауда арпалысып жатқан жігіт сырқатынан айығып, орнынан тұрып, бұлар келгенде көпшілікпен бірге шәй ішіп отырады. Бәйтелі болса сол үйдің өзі қатарлы балаларымен ойынға араласып кетеді. Қолына Көк асаны сүйретіп шапқылап ойнап жүр. Осы кезде ең үлкен ағасы Жайлау келіп қалады. Көк асаны қолынан жұлып алып, кенже інісі Бәйтеліні ұрып-ұрып ауылға алып қайтады. Бәйтелінің ауылға келгесінде өксігі басылмайды.

— Баланы қатты ұрған екенсің. Абайласаң болмай ма? – деп ата Жайлауға ескерту жасап. — Ал жарайды ендеше, жүрген жеріңнен не көріп келдің? Соны айтшы.

— Сұрасаңыз, айтайын әке, — дейді Жайлау. – Мына балаң, Бәйтеліні айтам, Көк асаны топыраққа былғап ойнап жүр екен. Екінші балаңыз Тоғайдың үйінде қазан қайнап жатыр. Бірақ қып-қызыл қан ағып жатыр. (Ол кезде Тоғай Шопан ата, Оғыланды жақтағы Бал әулиенің айналасында отырған көрінеді). Ал Байнияз бен Қодар қала шығамын деп келіп, мешітті қашап салған қара балтаны түрікмендерге сатып келіпті. Енді қара балтаны таба алмайсың, кетті.

— Балам, бәрін көріп келген екенсің. Саған енді Ақмешіт пен Құран кітапты берейін. Сол сенің еншің болсын, — дейді Жайлауға. – Тоғай тұра тұрсын. Оның қазанының қаны кетіп, тазарсын. Байғұс өзі кедейлеу еді. Байқамай ұрлық малдың етін сатып алыпты-ау. Қазаннан ағып жатқан сол еттің қаны ғой. Сол етті алмағанда да бала-шағасы аштан өлмес еді. Ал Бәйтелі бала болса да асаны асынып қалды ғой. Сол үшін асаны Бәйтеліге берейін. Байнияз бен Қодар өздерінің қара күшімен күндерін көрсін Қара балтаны түрікмендерге сатып жібергені үшін. Оның енді табылмайтынын сен де біліп тұрсың, мен де біліп тұрмын. Енді қайтсеңде оны түрікмен бермейді.

Міне, Көк аса Бәйтелі ұрпақтарына осылай бұйырған. Бәйтеліден үш бала туылады. Әймембет, Күлмембет, Қадірберді деген. Көк асаны осы үш баланың қайсысы болса да алсын деген екен берегірек келгесін Бәйтелінің өзі. Сонда үлкені Әймембет «Көк асаны мен алмаймын, қорқамын. Өйткені жұмыс барысында анау-мынау шикіліктер араласып кететін жағдай болады» депті. Олай дейтін себебі, Әймембет болыс болған екен. Биліктегі кісінің қолы адал болмайтыны белгілі ғой. Қадірберді «Мен де алмаймын. Алдымда ағам тұрғанда асаны мен қалай аламын?» деген соң Күлмембетке беріп кеткен екен.

Күлмембеттің Самалық, Мұрын, Сырым деген үш баласы болған. Сырым үйленбей тұрып қайтыс болып кетеді. Мұрын көріпкел, әулие болған. Ол өз күнін өзі көрді ғой депті. Самалықтың әйелі о дүниелік болып кетеді. Содан кейін Самалық Сырымның жесірімен бас қосады. Сосын Самалықта сақталсын деген ұйғарым жасалады. Самалықтан Жортығұл, Жантұрған, Қойбағар, Салықбай деген төрт бала тарайды. Жантұрғаннан да, Салықбайдан да орын жоқ.

Жортығұлдан Сали мақсым туылады. Аяпберген деген осы Салидың баласы. Мұны жұрт кіші Аяпберген дейді. Бұл Аяпберген — Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Батыр елдімекеніне төрт-бес жылдықта Түрікменстандағы Марыдан көшіп келген Бердіханның әкесі. Бекет атаның атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі Көк асасы осы Бердіханның қолында.

Ал біздер Қойбағардан тараймыз.

Самалықтың төрт баласының кенжесі Салықбай. «Қазақта кенже ұл шаңырақ иесі атанған. Сондықтан атаның Көк асасы маған тиесілі, асаны мен аламын» — деген Салықбай. Сонда Самалық «Менің әйелім ерте өліп қалды. Сөйтіп Сырымның айттырулы келіншегіне үйлендім. Сондықтан аса Жортығұлға тиесілі. Өйткені ол менің тұңғышым болғанымен Сырымның келіншегінен туылды. Яғни, Сырымның баласы есеп» депті. Жұрттың жыңғыл десе қырғын деп жүргені осы болар.

Жалпы Бекет ата өзі көзі тірісінде Балықшының шебер ұстасына төрт аса жасатып қойған деседі. Оны ел арасында болып жататын атыс-шабыс, таусылмайтын дау-жанжал, шешілмейтін қиын түйіндерді жылдам және оңтайлы шешу үшін пайдаланған көрінеді. Пайдаланғанда қарапайым халыққа зардабын тигізгендерге, өзінің көңілі қалаған жандарға тарту етеді екен. Ол төрт асаны да шиге орап, жеке қоймасында сақтайтын болған.

Бекет атаның апасы Әлімге тұрмысқа шыққан. Сол апасының балаларын, яғни жиендерін Ақмешітте өзі оқытып сауаттандырған. Бірде сол апасы келіп «Бекетжан, жиендерің оқуын бітірді. Енді ауылға қайтармайсың ба?» депті. «Өзің келдің ғой, асығып отырмын. Рұқсат беремін» депті Бекет. «Онда жиендеріңе не бересің?» депті апамыз. «Жиендеріме өзі тауып алса, берейін деп қойған затым бар» депті ата. Сонда екі жиеннің кішісі аса таяқты тауып әкеліпті. Тауып әкелген асаны сол жиеніне сыйлапты. Бекет атаның асасы Әлімге осылай бұйырыпты.

Екінші асаны атты казак босқан уақытта соларға беріпті. Бір кездері Адай мен Табын жауласыпты. Екі елдің алакөздігі одан әрі ушығып кетпесін деп үшінші асаны Табындарға тарту етіпті. Осы асаны өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Табынның белгілі-белгілі ақсақалдарынан сұрастырып көріп едім, ешқайсысы білмейді. Ал төртінші асаны атаның кімге бергенінен ешкім хабарсыз. Демек төртінші асадан дерек жоқ.

Ал енді Бекет атаның Құраны мен Ақмешітті тұңғыш ұлы Жайлауға еншілегеніне келейік. Осы Құран — қазір Жаңаөзен қаласында, Жайлаудың Түрікменбай деген ұрпағында. Түрікменбайдың кәрі әкесі Жамансұпы күшті әулие, білгір құмалақшы-балгер болған кісі.

Ертеде Қырықмылтық Спан би-болыс бәйгеге ат қосатын болыпты. Биге бір бала келіп «Ысеке, осы бәйгеге Қосқұлақтар да «Пұшық атын» қосатын құсайды. Бәйгеде сол «Пұшық ат» озады екен деп жатыр» дейді. «Оны кім айтты саған?» дейді ала көзімен ата қараған Спан би жұлып алғандай. «Жаман сұпы айтты, бал ашыпты» деп жұрт шуласып жүр» деп әлгі бала жерге қарапты. «Жамансұпы оттапты. Менің үш «Қара қасқа» атымның алдына әлге дейін қазақ, түрікменнің аты түсіп көрген жоқ» дейді болыс айғайлап. Осы сөзді құлағы шалып қалған Жамансұпы: «Әй, Спан, сен не деп тұрсың? Ертең бәйгеде көрерсің нәтижесін. Біздің «Пұшық ат» озып, сенің «Қара қасқаң» қалады. Оған бола даурықпай-ақ қой» дейді. Сонда Жамансұпының отырған жерінде аспанға қара бұлт үйіріліп, сіркіреп жаңбыр жауған екен деседі білетіндер.

Ертеңіне аламан бәйге басталады. Қызық көруге келген жұрттың есеп-кисабы белгісіз. Халықтың қиқу салғанына делебесі қозған жүйріктер топтан озып суырылып шыға берді. Шапқанда шаң ілеспейтін жануарлар ауыздықпен алысып, табан жолға тарысып келеді. «Пұшық ат» та, «Қара қасқа» да алдыңғы қатарда көрінеді. Көрерменнің қиқуы күшейген. Өйткені мәре сызығының жолы бірте-бірте қысқарып келеді. Ең бірінші келе жатқан Спанның «Қара қасқасы». Осыған көңілі көтеріліп, масаттанып тұрған Спанды көзі шалып қалған Жамансұпы: «Маған неге өтірік айтасың, Бекет? «Пұшық ат» қалып қойып, «Қара қасқа» озып келе жатыр. Бәйге сызығына аз қалды» депті.

Кенет «Қара қасқаның» алдыңғы аяғы оқпанға кіріп кетіп, үстіндегі бәйге бала анадай жерге ұшып түсіпті. Ізінде құйрық тістесіп келе жатқан «Пұшық ат» алға түсіп, мәре сызығынан бірінші болып өтіпті. Содан кейін Спан би бәйгеге ат қосуды біржолата қойыпты деседі бізге жеткен аңыз-әңгімелер.

Жамансұпының тұқымы Түрікменстанның Ташауыз облысындағы Октябрь (қазіргі Түрікменбашы) ауданында отырады. 1966 жылы аяқ астынан ауырып қалдым. Ол кезде қазіргідей емес, көлік жоқ. 20-30 шақырым жерлерге жаяу кете беруші едік. Сол сияқты таң саз бере ауылдан шығып, жаяулап сәске түстің кезінде жеттім. Барсам Жамансұпының баласы, яғни Дүйсехан молда ағамыз ақ көйлек, ақ дамбалмен сыртта дәрет алып жүр екен. «Ауырып келе жатыр екенсің, шәй-тамағыңды ішіп ал да Күміс апаңа кет. (Күміс – Қосаяқ Бегей, белгілі сынықшы-емші Аяғанның кемпірі, өзі Бекет атаның шөбересі). Сол Күміске барсаң жазыласың» деді мен отырар-отырмастан.

Сөйтіп намаздыгерде Күміс апамыздың үйіне жеттім. «Аяған жездемізге түнеуге келе жатырмын» деп апамызға жөнімді айттым. «Жоқ, бармай-ақ қой. Осы жерде болады» деді Күміс апамыз. Сөйтіп мені төсекке жатқызып, түтін түтетіп қойды. Сосын қайынатасы Қыдыршаның төрде ілулі тұрған қамшысын «Біссімілла» деп алып, үш рет сипады. Содан аяқ-қолымның сырқырауы да, асқазанымның ауырғаны да сап тыйылып, бойымдағы сырқатымнан құлан таза айығып, алды-артыма қарамай кеттім.
Менің әуелгі барғаным Дүйсехан молда болатын. Оның әкесі жоғарыда айтқан Жамансұпы құмалақшы. Жамансұпының әкесі Доснияз. Доснияз Жайлаудың баласы. Жайлау екібастан Ақмешіт пен Қара құранды еншіге алған Бекет атаның тұңғыш ұлы. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осы Құран қазір Дүйсекеханның баласы Түрікменбайда. Түрікменбай бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласында тұрады.

Бұл қасиетті Құранның беттері қазіргі кітаптардың беті сияқты мыжырылып, жиырылмайды. Ел басына күн туған шақтарда осы ұрпақ көптеген қиыншылықтарға ұшыраса да қазіргі дәуірге аман жеткізді. Ұрпақ қандай қиындықтар көрсе де Құранды сақтады. Бекет атаның аялы алақаны тиген қасиетті Құран өзінің киесімен осы ұрпақты да қастерлей қорғады.

Айтпақшы, баяғы қуғын-сүргін заманында Ата ұрпақтары да Бесқала өңіріне ауа көшті. Ташауыз облысына барған кезде бұлардың да жартусыз жүгін аударыстырып, төңкерістіріп, түк қалдырмай тексереді. Төрде тұрған қара сандықты да тінтеді. Ішіндегі мұқияттап оралған затты күдіктене тексереді. Үйдің адамдары демдерін ішінен алып, түрлері бозарып, түстері қашып, тым-тырым бола қалады. Барлық орауды жаздырса ішінен Қара Құран шыға келеді.

— Яшуллы, бұл кімнің Құраны? – деп сұрайды.

— Бекет атаның Құраны, — дейді үй иесі тамағы құрғап, дауысы әрең шығып.

— Кешіріңіз, яшуллы, — деп қарулы күзет басшысы Құранды маңдайына тигізіп, орнына жәйлап қойып, үйден шығып кетіпті. Содан қайтып бұл үй адамдарын қайта мазаламапты. Асылы түрікмен халқы әулие-әмбиелерді, қожа, молда, ишандарды төбесіне қойып құрметтейді. Сондықтан Бекет ата ұрпақтарының көпшілігі баяғы аласапыран замандарда Бесқала жағына, Ташауыз облысына қоныс аударған. Негізінде түрікмендер — сертке берік, мәрт халық.

Бекет атаның қара Құранын Жайлаудың өзінен соңғы ұрпақтары осылай сақтаған.

Міне, Пір Бекет атамыздың киелі Көк асасы да, өзі оқып, сауат ашқан Құраны да қазақ елінің тәуелсіздігінің арқасында Атамекенге қайта оралды. Қасиетті құралдар Қазақстанның тыныштығын қорғауға, киелі мекен Маңғыстаудың байлығы артып, гүлденіп, ұрпақтарының дендері сау болып, бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешулеріне әлі де болса шапағаты мен шарапаты тиеді ғой деп ойлаймын.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Елімізді, халқымызды көздінің көзінен, тілдінің тілінен, көре алмайтын дұшпандардың әртүрлі алыпқашпа сөздерінен сақтағай! Бекет ата туралы түрлі өсек-аяң сөздер айтып жүрген әртүрлі ағым өкілдерін ниетінен тапсын деймін. Жалпы адамгершілігі мол, иманы жолдас болып жүрген барша жанға Бекет атам жар болғай!

Аяу БЕРІКБАЙҰЛЫ,
Бекет атаның алтыншы ұрпағы.
Маңғыстау облысы,
Мұнайлы ауданы,
Қызылтөбе поселкесі