Облыс  орталығындағы «Ақтау» сауда-ойын сауық  кешенінде соғыс және  тыл  ардагерлеріне   арналған   мерекелік   жиын  болып  өтті.  Мұнайлы  ауданында   тұратын  35-тен   астам  ардақты  жандар  ақ  дастархан басына  жиналып, естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа бата-тілектерін арнады.

Шараның  басты    мақсаты – өмір   өткелдерінен  ерен  еңбегі,  қаһарман  ерліктерінің   арқасында  аман  өтіп, соғыс сұрапылымен қаймықпай   күрескен    ардагерлерді   мереке  қарсаңында  ұлықтап,  оларға құрмет  көрсету.  Ұйымдастырушылар   абзал  жандарды  құттықтап, ақшалай  әрі  азық-түлікпен  көмек  көрсетті.  Ақ  дастархан  басында  ас беріп,  көңілді  ән-күйге  бөледі.

— Жылдағы  дәстүр  бойынша, Ұлы  Жеңіс  күніне  орай  соғыс  және  тыл   ардагерлеріне  құрмет  көрсетіп  жатырмыз.  Биыл  Мұнайлы ауданында  тұратын  35  соғыс және тыл ардагерін шақырдық. Мерекелік   жиынды  ұйымдастыруға  аудан  әкімшілігі,  кәсіпкерлер мен  сауда  кешендері  мен  орталықтар   атсалысып отыр. Ардагерлерге  ауырмай-сырқамай  жүре  беріңіздер, жас  ұрпақтың болашағы  үшін  еткен  еңбектеріңіз  бен  ерліктеріңізге  бас  иеміз дегім келеді. Қазынамыз – қарттар  әрқашан аман болсын  деп тілеймін!- дейді  шараның  ұйымдастырушысы,  облыстық мәслихаттың  депутаты  А.Салманов.

Неміс   басқыншыларымен   соғыста   сан  азапты  бастан  өткеріп,   қолға  қару   алып,  елі  мен  жерін  қорғап  қалған  ардагерлердің  қатары  жыл санап  азайып  келеді.  Ерлер жағы  қан  майданда  қаһармандық  танытса,    елде  қалған    жас-кәрі,  бала-шаға,  әйел-қыздар  тылда еңбек етті. Мұнайлы ауданында  3  соғыс ардагері, 80 тыл ардагері өмір сүреді. Олардың бірқатары   денсаулықтарына  байланысты  мерекелік  шараға келе алмады. Ал, соғыс  даласында  даңқты батырлармен бірге өз Отанын қорғап қалғандардың  бірі – соғыс  ардагері Абдулла  Утаев. 1923  жылы  Маңғыстау өңірінде өмірге келген ол соғыста украин жерінде болған. Бірнеше рет жаумен қақтығыста жарақат алып, ажал аузынан қалса да, сұрапыл шайқастарға қатысқан. Польша жерін азат етуге араласқан ол аяқ-қолы жараланып, елге аман оралған

— Соғыста көрген  қиыншылық  пен  азапты аз уақытта  айтып  тауысу мүмкін емес. Ол бір зұлматты  кез еді ғой. Бірде  қоршауда қалып, сонда  жарақаттандым.  Аяқ-қолыма  оқ  тиіп,  қатты  жараландым.  Сол бір сұм соғысты жаным сыздамай, жүрегім мұздамай еске ала алмаймын,-дейді соғыс ардагері А.Утаев.

Жастығына қарамай, еңбек араласып, қара жұмыс жасағандардың бірі Жұмахан  Қарабаев.  Жас  бозбаланың   бал  балалығы  соғысқа  тап  келіп, небір қиыншылықты бастан кешірген.

— Бізді ардагер деп аялап шақырып, үлкен  құрмет  көрсетіп  жатқан азаматтарға   алғысым   шексіз. 9 мамыр мерекесі құтты болсын! Бүгінгі  шара  өте  жақсы  өтуде.1941 жылы соғыс басталғанда мен небәрі 10 жаста едім. ккөп қиыншылық көрдім, бірақ, соғыс біткесін бәрі орнына келе бастады. Міне, енді бүгінгі күнге шүкіршілік етемін. Жас ұрпақ аман болып, болашақтары жарқын болғай,-дейді еңбек ардагері Ж.Қарабаев.     

Мерекелік дастарханның құрметті қонақтарының бірі – сексеннің сеңгіріне шыққан Балапан Зейнешова. Қанды  жылдардың  куәгері  «Ұлы Отан үшін болған соғыс ерке  балалық  пен  жалындаған  жастықтан  ерте  айырып, қаншама ұл-қызды  уақытынан  бұрын   есейтіп  жіберді», — дейді.

— Соғысқа бармасам  да, аш-жалаңаш  болдым. Көрмеген қиындығым жоқ десем де болады. Бірақ, отты жылдардан аман қалғасын, өсіп, жетілдім. Өмірге 11 бала әкелдім. Барлығы да азамат болып, еліне қызмет  етіп  жүр,-дейді ол.

Мерекелік шара барысында ұйымдастырушылар тарапынан  абзал жандарға сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, Қызылтөбе елдімекені мен Маңғыстау  кентінде тұратын 35 мүжәлсіз  отбасына  азық-түлік  қоржындары  жіберілді.

ардагер 2

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген автор