«Nomad explorer» экспедициясының Маңғыстаудағы сапары бүгін аяқталып жатыр. Сол себепті Маңғыстау облысы әкімдігінде «Үстірт құпиясы» сапарына қатысқан 230-дан аса саяхатшымен  қоштасу кеші өтті. 1400 шақырымды жүріп өткен алып экспедицияның жұмысы Маңғыстау үшін қаншалықты маңызды? Саяхатшылар Маңғыстаудың экологиясы, туризмі туралы не дейді? Киелі өлкеден алған әсерлері қандай? Шөлейтті далада саяхат құрудың қиыншылықтары қандай?  Бұл кездесуде осы сұрақтар туралы кеңірек айтылды. Осылайша, әкімдік пен саяхатшылар арасында бейресми отырыс өтті.  

Қай жерге барсақ та, жанымызда су тасушы машина жүріп отырды

Маңғыстау – Республикада  ішкі туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Өйткені бұл өлке рухани бай, қасиетті мекендердің бірі.

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)Ұзақ сапар болғаннан кейін қиындық кездеспей тұрмайды. Мәселен, басқа аймақтарда жер-жерде өзен-көл кездесе кетеді. Ал мұнда шөлейтті аймақ болған соң, жанымызда су тасушы машина (водовоз) жүріп отырды. Бұл дегеніңіз, саяхат үшін – үлкен мүмкіндік. Сол қиындықтарды болдырмас үшін жан-жақты қолдау білдіргеніне Маңғыстау облысы әкімдігіне барлық сапарластарымның атынан алғыс білдіремін, – дейді  “Nomad explorer”  экспедициясының жетекшісі Марғұлан Сейсембаев.

 "Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)– «Nomad Explorer» экспедициясы Маңғыстауға қадам басқаннан-ақ қуана қабылдадық. Өйткені, елдің байлығы – мұнай емес, елдің байлығы –  кіндік қанымыз тамған туған жер. Бұл экспедиция Маңғыстаудай киелі өлкеге аяқ басқаны орынды деп ойлаймын. Сіздер  қысқа уақыт ішінде қаншама елге барып, жерін көріп, көріп қана қоймай, бүкіл әлемге танытып, насихаттап жүрсіздер. Сапар сәтті болғаны жүздеріңізден белгілі. Ауыр жол болса да, жақсы әсер алып, рухани толығып келген боларсыздар. Бекет ата жер асты мешітінің өзі неге тұрады? Біздің өлкеде өткізген әрбір сағат есіңізде қалар деген ойдамын!» – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

–  Бір аптадан аса уақытқа созылған экспедицияның нәтижесін айтпай кетуге болмайды. Маңғыстаудың табиғатын дүние жүзіне таныту осындай шаралардан бастау алуы тиіс. Табиғаттың жаратқан дүниесі адамның қолынан ешқашан келмейді. Осы бар байлығымызды көрсете алмай келеміз, бұл – біздің ең басты кемшілігіміз. Ал экспедицияның ең биік мақсаты да осы.   Алдыңызда отырған саяхатшылардың бәрі де – Маңғыстау елшілері. Олар Маңғыстау туралы жақсы әсерлерін жазып, керемет табиғатын сурет және видеомен бөлісетін болады», — деген сенім білдірді Марғұлан Сейсембаев.  

Маңғыстау табиғатын көргенде, саяхатшылар көзіне жас алды

Марғұлан Сейсембаевтың айтуынша, Бозжыраға келгенде бірнеше адам көзіне жас алыпты.  «Мұндай табиғатты көрген де, көрмеген де арманда!  Біз Қазақстанда осынша жыл өмір сүріп, мұндай табиғатты қалайша көрмедік? Босқа өмір сүргендейміз», — деді олар.

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)— Маңғыстаудың әрбір табиғи жерін көрген сайын, «Бұл шын мәнінде Қазақстан ба?» деп ойладым. Тәжірибеде еліміздің барлық қалаларында болғанмен, қала сыртынан шықпаған екем. Бұл сапардан соң елімізге, қасиетті жерімізге деген махаббатым артты», — дейді экспедиция мүшесі, әйгілі скрипкашы Гаухар Мырзабекова.

1956 жылы дүниеге келген әрі педагог-профессор әрі  скрипкашы Гаухар Мырзабекова мұндай саяхат әрбір қазақстандық үшін, жалпы қоғам үшін керек екендігін қадап айтты. Ел танып, жер көрудің рахаты да, ләззаты да осында. Табиғаттан күш-қуат, шабыт алу керек деген ойын да жасырмады.

Бұл экспедицияға Республикаға белгілі қоғам қайраткерлері, билік өкілдері, сондай-ақ, Ресейден, Қырғызстаннан және де өзге көршілес мемлекеттен келген жас азаматтар да қосылды. Ал Маңғыстау өлкесінен гид ретінде белгілі геолог Бекболат Төлегенұлы бастаған жастар бекітілген.

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)«Маңғыстау – жай келіп, көріп қана кететін жер емес, тарихтың бір тамыры басталған жер.  Біз қайда жүрсек те, Маңғыстаудың тылсым табиғатын қуана еске алып, жер-жерге насихаттайтын боламыз», — дейді Марғұлан Сейсембаев. Айта кетейік, «Nomad Explorer» экспедициясы Маңғыстау өңірін 8 тәулік бойы аралаған. Былтыр бір апта бойы Ұлытау мекеніне сапар шеккен «Nomad Explorer» биыл біздің өлкеге табан тірепті. Саяхатшылар тарих қолымен қашалған табиғи мүсіндерді тамашалап, киелі орындарды аралап, зиярат-қорымдарда түнеді. Түбекті мекен еткен аң-құс, жәндік, өсімдік түрлерін зерттеп, қажетті мағлұмат жинақтады.

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында туған ел, туған жер туралы керемет ой қозғалды. Қазақтың сары даласын аралаған сайын адамның бойына патриоттық сезім ұялайды. Маңғыстаудың тылсым табиғаты, тау-тасы, құмы – мен сияқты келген барлық қатысушыларға ерекше әсер етті. Біз өзімізге үлкен жаңалық ашқандай болдық. Шөлейтті далада жүріп-ақ, көп сырға қанық болдық, — дейді «Nomad Explorer» ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қайсар Тұрсынғожа.

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)Ендеше, алдағы уақытта сурет, видео, фильм сияқты өнімдер арқылы экспедиция жемісін көретін боламыз.

 Айгүл ДӘДЕН

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

"Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО) "Nomad explorer» Маңғыстаудағы экспедициясын аяқтады (ФОТО)