Өндірісті өлкемізде өткен жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа тұс келген Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығы мерекесі кең көлемде тойланған-ды. Қазыналы өлкеміздің қойнауынан «қара алтынның» тынысы ашылғаннан кейін өндірістің өрісі кеңейіп, ел экономикасы еңсе тіктеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын өлкемізде қазылған ұңғылардан мұнай бұрқағы атқылап, ел экономикасына елеулі өзгеріс енген сәтте жастар мұнайшы болуға бет бұра бастады. Сонау сексенінші жылдары «қара алтын» өндіру ісіне құлшына кіріскен жастардың қатарында Нұрбибі Ертілиева да бар еді.

Өндірістің өтінде ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген Нұрбибі Мұханбетқызы нан зауытында жұмыс жасап жүргенде 20 жасында Жетібай кен орнына ауысып келеді. Алғашында үйренуші болып жұмысқа қабылданған Нұрбибі Қабыл Шақабаев, Нұрбибі Найзабекова, Жеңіс Жалғасов, Юрий Чуйко сынды тәжірибелі мамандардың бағыт- бағдарымен өндірістің қыр- сырына қанығып, білімі мен біліктілігін арттырады. Сөйтіп, адал еңбекке ұмтылдырған ынта-ықыласының, жүктелген жұмысты межелі уақытында орындауының арқасында разряды көтеріліп, мұнайды дайындау және тасымалдау цехына операторлық қызметке ауыстырылады.

–Ұзақ жылдардан бері «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында мұнайды қыздыру пешінде оператор болып еңбек етіп келемін. Негізгі қызметім – мұнайды су мен тұздан айыру. Құбыр бойымен үздіксіз ағатын «қара алтынға» химиялық реагенттер қосылады. Содан кейін мұнай пешке келіп, белгілі бір температурамен қыздырылады. Сол жерде мұнай құрамындағы су мен тұздан ажыратылып, арнайы қазандықтарға жіберіледі. Қасымда бірге жұмыс жасайтын 2 оператормен бірге күніне 4-5 мың тонна мұнайды тазартамыз. Содан кейін өнімдеріміз зертханалық тексеруден өтеді, – деді Нұрбибі Ертілиева.

Маңғыстау мұнайы бастау алған мекенде «қара алтынды» дайындау және тасымалдау цехында инженерден бастап, машинист, электрші, оператор, кезекші сынды 90 мұнайшы маман күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Қазына байлығын халық игілігіне жаратуда табанды, тынымсыз еңбек етіп жүрген аталмыш цех жұмысшыларының 30 пайызы нәзік жандылар екен.

–Бұрын цехтағы мұнайшылардың жартысынан көбі нәзік жандылар болатын. Олардың басым көпшілігі зейнеткерлікке шықты. Соңғы жылдары өндіріс орнынан жас мамандар келіп, бұрынғы ардагер аға- апаларымыздың орнын басты. Атап айтсақ, Гүлнәр Сармысова, Күлән Оразмағанбетова, Базар Нысанбаева және тағы да басқа жас мамандарға бағыт- бағдарымды, ақыл- кеңесімді беріп, кәсіптің қыр-сырына баулыдым.Өндіріске озық үлгідегі, жетілген технология ензілместен бұрын жұмыстың дені қол еңбегімен атқарылатын. Сонда да қайсарлық пен жігерлік танытып, ерлермен бірдей еңбек етуге тырыстық. Заман ағымына қарай өндірісте автоматтандырылған, жетілген құрал-жабдықтар қолданысқа енгізіліп, жұмысымыз едәуір жеңілдеді, – деді кейіпкеріміз Нұрбибі Ертілиева.

Мұнайшы Мұханбет Ертілеуовтің отбасында дүниеге келіп, 8 баланың ортасында өскен Нұрбибімен қатар оның бауырлары да мұнайшы мамандығын меңгерген. Әкенің ғибратты ғұмырынан тәлім алған балалары бүгінде ел байлығын еселеуде үлестерін қосып жүр. Нұрбибі Мұханбетқызының өмірден өткен жолдасы Серік Әлібеков те мұнай саласының маманы болыпты. Мамандығын мақтан ететін, абырой мен адамгершілік қасиеттерді ұлағат ететін Нұрбибі Ертілиева 2 ұл тәрибелеп отыр. Қазақ мұнайының өркендеуінде өзіндік қолтаңба қалдырып жүрген маман «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның алғыс хаттарымен, төсбелгілермен марапатталған.

Еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік- экономикалық жағдайының жақсаруында Нұрбибі Ертілиева сынды нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Асыл ана, білікті маман Нұрбибі Мұханбетқызын Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, қызметте табыс, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз!

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ