3 наурыз күні АҚ « Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қытай төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесті.

Ұлттық компания басшысы Қытай павильоны көрмедегі ең ауқымды әрі үздік павильоны болатынын атап көрсетті.

«Жуырда Халықаралық қатысушылардың III жиналысы өтті. Жиналыста көрменің дайындық және ұйымдастыру жұмыстарына жоғарғы баға берілді. Көрмеге небәрі 99 күн қалды. Халықаралық көрмелер бюро басшысы Висенте Лоссерталес осы ЭКСПО 25 жылда ең үздік көрме болатынын айтып өтті. Біз Қытай мемлекетінің көрме өткізуге көрсеткен барлық қолдауларына қуаныштымыз»,- деді Ахметжан Есімов.

Ханьхуэй мырза, өз кезегінде, Қытайдың баламалы энергия көздеріне аса мән беретінін айтты. Әлем бойынша «Жасыл экономика» саласында Қытай бірінші орын алады. Сондай-ақ, Елші ЭКСПО-2017 ұйымдастырушыларына қытайлық павильонның дайындық және ұлттық секциясын дайындауда көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Қытай ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі серіктестерінің бірі. ҚХР көрмеге қатысуға бірінші болып ниет білдірген елдердің бірі. Сонымен қатар, көрмеге Аспанасты елінен туристерді жұмылдыруға Қытай өз үлесін қосады.

«Біздің ел ЭКСПО-2017 көрмесіне аса назар аударады жәнеәлемдік аренада Қазақстанның беделіне оңтайлы әсерін көрсететініне сенімдіміз. Осы арада халықаралық көрмеге қытайлық инвесторлар мен туристерді жұмылдыруға қызығушылық білдіреміз»,- деп атап өтті ҚХР Елшісі.