Халық әндерінің абыройын асқақтатып, туын биікке ұстап, өрнегін бұзбай тыңдарманға жеткізіп жүрген әншілердің бірі — Лаура Жұмаханова. Біраз жылдар облыстық М. Өскінбаев атындағы филармонияда еңбек еткен өнерпаз бүгінде «Оқушы» орталығында вокальдан сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Маңғыстау ауданы Қызан ауылында Мырзабай мен Нағиманың отбасында дүниеге келген бойжеткен жастайынан өнерге жақын болып өседі. Әкесі Мырзабай-ұстаздық салада қызмет жасағанымен ән мен жырдан кенде болмаған. Қазақтың ұлттық аспаптарында еркін ойнап, ән салғанды жаны сүйетін.

— Әкем-аспаптарда керемет ойнайтын, ал анам үй шаруасын жасап жүрсе де, тігін тіксе де, қазақтың халық әндерін айтып отыратын. Сондықтан да болар менің табиғатым халық әндеріне жақын болды. Отбасында бес ағайындымыз. Бүгінде барлығы мұғалім болып жұмыс жасайды, мен өнер саласындамын. Бала кезімнен әнші болып, сахнада ән айтқанды армандайтынмын. Кішкентай кезімде көрші балаларды жинап алып, өзімше сахна жасап, концерт қоятынмын. Мектеп қабырғасында да түрлі мәдени шараларға қатысып, бірнеше байқаулардың жеңімпазы атандым. Әнші боламын деген арманыммен, өнер саласында білім алмақшы болып облыс орталығына келдім. Алайда, ата-анам мені эколог мамандығы бойынша оқуға түсірді, — дейді Лаура Жұмаханова.

Лаура өз қалауымен эколог мамандығына оқуға түспесе де, оқу ордасында белсенділігімен көзге түсіп, мәдени-шаралардың бел ортасында жүрген. Жастайынан ән мен жырға құмартып өскен қыз өзінің әртістік қабілетімен, бұлбұл даусымен үлкен сахналарда ән шырқап, қазақ өнерін насихаттағысы келеді. Сондықтан да оқу орнын «үздік» бітіріп, ата-анасынан рұқсат сұрап, батасын алып, өнерге біржолата бет бұрады. Маңғыстау облыстық филармониясына жұмысқа орналасып, әншілік қызметіне қызу кіріседі. Филармония ұжымымен ауыл-ауылды аралап, талғампаз тыңдарманның құлақ құрышын қандырған халық әндерін құйқылжыта орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп, үлкендердің батасын алады.

— Сол кездегі облыс басшысы Қ. Көшербаевтың қолдауымен Мәскеудегі жоғары оқу орнына құжат тапсырып, джаз және эстрада бөлімінде оқып, тәжірибелі мамандардан тәлім алдым. Кейін Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетін вокал мамандығы бойынша тәмамдадым. Білімімді жетілдіріп, өнер жолында тәжірибе жинақтау үшін өнер ордасы Алматы қаласына барып, еңбек еттім. Кейін сол білімімді туған жерімде кәдеге жаратып, өзгелермен де бөлісейін деген ниетпен ауылға қайта оралдым. Мен эстрадалық бағытта, джаз жанрында қанша ән айтсам да, жан-дүнием бәрібір халық әндеріне жақын. Халық әндері-менің жан-дүниемнің өзегі, нәрі десем болады. Халық әнінің тұғыры қашан да биік ғой. Ол-мазмұнымен де, берер нәрімен де, сәнімен де әлдеқайда жоғары, құнды, — дейді Лаура Жұмаханова.

Лаура бүгінде Ақтау қаласындағы «Оқушы» орталығында вокальдан сабақ беріп, 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп, әнге құштар жастарға тәлім беріп жүр. Алдағы уақытта сол шәкірттерімен бірге халық алдында есеп беру кешін өткізбекші. Кешті бас айналдырар даңғаза әуенмен емес, өзгеше үрдіспен, ұлттық нақышта ұйымдастырмақшы.

— 2003 жылы менің ән айтып жүргенімді көріп, сазгер Есенбай Құлиев «Тәтті елес», «Мәжнүн тал» әндерін сыйға тартты. Жалпы қоржынымда бір концерт беруге лайық әндерім бар. Бұйыртса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай патриоттық тақырыпта жаңадан ән жаздыруды қолға алып жатырмын. Шәкірттеріммен бірге келер жылы үлкен сахнада халық алдында есеп беру кешін өткізгім келеді. Сол мақсатта репертуарымды да жаңалап жатқан жайым бар, — дейді алдағы жоспарларымен бөліскен әнші Лаура Жұмаханова.

Ән өнерінде өзіндік үнімен танылып жүрген Лаураға халық әні деген биікке ұмтылған қанатың талмасын, шарықтай бер, шырқай бер дегіміз келеді. Алдағы шығармашылық кешіне шабыт, жаңа бастамаларына табыс тілейміз.

Венера МИРЛАН