Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Маңғыстау облысының «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі журналистерге арналған «Алтын қалам» және үкіметтік емес ұйымдар арасында «Көшбасшы үкіметтік емес ұйымдар-2016» байқауын ұйымдастырған-ды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған байқаудың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталып, құрметке бөленді.

– Құрметті салтанатты шараға қатысушылар! Баршаңызды еліміз үшін ең ұлық мереке Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын. Облысымызда өтіп жатқан әртүрлі маңыздағы шараларды баспасөз бетіне жазып, телеарнада көрсетіп халыққа насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат өкілдеріне алғыс білдіремін. Тындырымды, нәтижелі еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Мемлекет пен қоғам арасында байланыс орнататын үкіметтік емес ұйым өкілдерінің де қызметіне ризашылығымды білдіремін. Екі байқауда үздік деп танылған жеңімпаздарды құттықтаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева.

Журналистика саласының ардагерлері Петр Долматов пен Есберген Іңірбайұлы қызығы мен қиындығы мол саланың қазанында қайнап, бір терінің пұшпағын илеп жүрген қауым өкілдерін әртүрлі аталымдар бойынша марапаттады. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Дені cay ұлт – ел болашағы», «Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным» аталымдары бойынша облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшілері Фарида Мұңалқызы, Венера Мирлан және Голрох Жеменей жеңімпаз деп танылды. Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің тілшісі Милана Елеусінова «Менің елім – Мәңгілік ел», Маңғыстау жаңалықтар жаршысы 7292info.kz сайтының редакторы Айгүл Дәден «Экология» аталымы бойынша марапатталды. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тағылымы – ұлт тарихы» номинациясы бойынша апталық «Тумба» газетінің тілшісі Нұрғаным Имашева жеңімпаз атанса, «Ауылым –алтын бесігім», «Тұлға», «Туған жерім– тірегім» аталымындарында Қазақстан-Ақтау телеарнасының тілшілері Ақсындар Шораева, Жұмазия Оразай және Әйгерім Ашықбаева үздік шықты. Жеңімпаз журналистерге алғыс хат, алтын қалам мүсіні және қаржылай сыйлық пен гүл шоқтары табысталды.

– «Алтын қалам» облыстық байқауына ағымдағы жылдың тамыз бен қараша айларында қазақ, орыс тілді баспа және электрондық БАҚ-та, телеарналарда шыққан журналистердің авторлық жұмыстары қабылданды. Әрбір үміткер байқауға қатысу үшін ережеге сәйкес сұраныстарын рәсімдеді. Байқауға 10 номинация бойынша 25 журналистен 53 жұмыс келіп түсті. Жеңімпаздарды журналистика саласының ардагерлерінен және қоғам қайраткерлерінен құрылған комиссия анықтады, – деді Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ президенті Жібек Ахметова.

Салтанатты сәтте көпшілік назарына кәсіпкер Рима Жаңабайқызы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтың құрметіне арналған «Адока» киім үлгісінің көрсетілімін ұсынды. Мерейлі шараның сыйлы қонақтары жайылған дастархан басында жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әсем әндерді тыңдады.

– «Алтын қалам» байқауына өткен жылы қатысып, жүлделі орынды иеленген болатынмын. Биыл да үздік журналистердің қатарынан көріндім. «Маңғыстау- Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты газет пен сайтта еңбек ететін журналистер 5 аталым бойынша үздік деп танылды. Бұл – біздің ұжымымыздың жетістігі. Біздің осы жетістігімізде бас редакторымыздан бастап, бет құрушы дизайнерлердің, қате түзететін корректорлардың да үлкен еңбегі жатыр. Барлық әріптестерімді қуанышымен құттықтаймын, – деді әріптесім Голрох Жеменей.

Облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева 2016 жылдың сала көшбасшысы атанған Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігін, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымын, «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігін, «Жастар жетістіктері», «Шаңырақ», «Алас құқық қорғау орталығы», «Мейірім», «Ұрпақ-Next» қоғамдық қорларын, «Жас Отан» корпоративтік қоры, «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы жеке меншік мекемесін дипломмен марапаттады. Маңғыстау облысының «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Жібек Аманбайқызы бірлестіктің серіктестеріне алғыс хат табыстады.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ