Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік сот төрағасы Жақсылық Аланов, сот судьялары Нұртуған Тұржанов және Айжан Молбаеваеың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Биыл судьялардың 6-сьезінде 21-ғасырдағы ұлттық дамудың маңызы, сот төрелігін тиімді жүзеге асыру тетіктері мәелесі көтерілді. Елбасы еліміздегі сот жүйесін жетілдіру бағытында алдағы уақытта атқарылатын бірқатар міндеттерді айқындап берді. Оның ішінде 2015 жылы мамыр айында Елбасы ұсынған «Ұлт Жоспары – бес институтционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» стратегиялық құжаты сотқа берілген тапсырмалар орындалысын нығайта түскені анық. «Сабақты ине сәтімен» демекші, осы уақыт аралығында бес сатылы сот жүйесін үш сатылы сот жүйесіне алмастырдық. Халықтың уақыты мен қаражатын үнемдеу мүмкін болды. Судьялардың еңбек жүктемесі азайды. Бұрын аудандық сот шешіміне риза болмаған халық облыстық сотта екі рет, яғни аппеляциялық,  кассациялық шағым беретін. Істің бір сотта орналасқан  аппеляциялық және кассациялық сатыда қаралуы сот процесінің уақытын ұзартып, бірнеше күн емес бірнеше айлар халықты әуреге салып, тараптар соттың шешімін күтіп шаршайтындығы шындық еді. Әсіресе бұл қаладан тысқары  жатқан ауыл-аймақ тұрғыны үшін өте тиімсіз болатын. Бүгінде аппеляциялық саты облыстық сотта, ал кассация Жоғары сотта орналасқан. Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшуіміз сот саласындағы басты жетістігіміз. Сондай-ақ соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормалары жүйелі түрде жетілдірілді. Заман талабына сай жаңа Азаматтық процестік  кодекс, Қылмыстық кодекс және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер қабылданды. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды  бітістіруге және заманауи технологияларды кең қолдануға бағытталған. Жаңа Азаматтық процесстік кодекс тараптарды татуластыруға ерекше мән беріп, істерді бітімгершілікпен аяқтауға аса назар аударады. Аталған Кодекстердің дер кезінде қабылдануы және жүзеге асуы сот төрелігінің сапасы мен  жеделдігін арттыруға зор үлес қосуда»,-дейді  Маңғыстау облыстық сот төрағасы Жақсылық Аланов.

Жаңа заңнамаға сәйкес, судьялар бес жылда бір рет біліктілік комиссиясынан өтуге міндеттеледі. Сынақтан сүрінген судья бір жылдан кейін тағы бір мәрте аттестациядан өту құқына ие. Бұдан өзге мүмкіндік берілмейді. Екі кезеңде де білім-біліктілігін дәлелдей алмаған судья лезде жұмыстан босатылады. Бұдан басқа судьялар кандидаттарын іріктеу, судьялар лауазымына тағайындауға ұсыну, лауазымын жоғарылату  Президент әкімшілігі жанынан құрылған жаңа орган — Жоғары сот Кеңесі құзіретіне кіреді. Ендігі ретте аудандық және қалалық сот төрағаларын бұрынғыдай Жоғары сот төрағасы ұсынбайды. Олар Жоғары сот кеңесі арқылы сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысу кезінде анықталады.

«Өңір бойынша 40 сот залы арнайы бейне-дыбыс жазу құрылғыларымен толық қамтылған.  Арнайы құрылғыларды қолдану арқылы сот отырысын өткізу, сот талқылау барысында жазба материалдарды пайдалану сот мәдениетінің белгісі деп білемін. Бұл сотқа қатысушылар тарапынан судья мен сот қызметкерлеріне дегген сенім тудырып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеді. 2016 жылдың 9 айында өңір бойынша 1182 қылмыстық іс бейне-дыбыс жазу құрылғыларын қолдану арқылы қаралған. Яғни бұл көрсеткіш 98,6 пайызды  құрайды»,-деп атап өтті Ж.Аланов.

Сот жүйесіндегі жаңашылдық

Маңғыстау облысының аудандық және  оған теңестірілген соттарымен 2016 жылдың 9 айында барлығы 1402 тұлғаға қатысты 1199 қылмыстық іс қаралып, аяқталған екен. Оның  ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 11 іс, онша ауыр емес қылмыстар 189 тұлғаға қатысты  — 180 іс, ауырлығы орташа  қылмыстар 307 тұлғаға қатысты — 250 іс, ауыр қылмыстар 347 тұлғаға қатысты  — 250 іс, аса ауыр қылмыстар 58 тұлғаға қатысты  — 37 іс қаралған. Қылмыстық істер бойынша  901 іс үкіммен аяқталған.

Ағымдағы жылдың 9 айында 220 қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралған. Оның ішінде жәбірленушімен татуласуына байланысты 183 іс  қысқартылды. ҚР Қылмыстық процестік Кодексінің 35 бабымен 26 іс және басқа да негіздермен 11 іс қысқартылған. Ал, медиация тәртібімен 80 іс қаралған.

Былтырмен салыстырғанда мемлекеттік тілде істерді қарау көрсеткіші артқан. 2016 жылдың 9 айында 1199 қылмыстық істің 984-і мемлекеттік тілде қаралған. Ал,  былтыр 652 іс ғана  мемлекеттік тілде  жүргізілген екен.

«Бірінші сатыдағы істер қаралған кезде арыз-шағым қандай тілде  берілсе, сол  іс жүргізу тілі ретінде белгіленеді. Кей жағдайларда орыс тілді заңгерлер мен қорғаушылар көмегіне жүгінгендіктен  сот құжаттары ресми тілде ресімделіп жатады. Сол себепті іс барысында бірін-бірі түсінбей жатады. Бірақ біз алдын-ала тараптардан істі қай тілде жүргізілуін қалайтындарын сұраймыз. Арыздары негізінде іс жүргізу тілін өзгерту ұйғарымын шығарамыз. Кей жағдайда бір тарап қазақ, ал екінші тарап ресми тілде іс жүргізуді талап етеді. Бұл жағдайда штат бойынша аудармашы қызметіне жүгінеміз. Іс құжаттарының барлығы екінші тұлғаға ресми тілде аударылып беріледі»,-дейді Маңғыстау облыстық сотының аппеляциялық сот алқасының азаматтық істер жөніндегі судьясы Айжан Молбаева.

0030

Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген соттармен 2016 жылы 9 айында қаралған азаматтық істер саны 14 437, оның ішінде шешімі шыққан істер 7187 құрады. Неке бұзумен 1486 іс, медиация тәртібімен  384 іс, бітімгершілікпен  144 іс аяқталған. Бейне-дыбыс жазбамен 4073 азаматтық іс, оның ішінде бейне жазбамен – 2033 азаматтық іс, дыбыс жазбамен – 2040 іс жүргізілген. 2016 жылдың 9 айында 12080 әкімшілік іс, оның 11833-і мемлекеттік тілде, ал медиация тәртібімен – 127 іс қаралған.

Соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысы, олардың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сайтына, облыстық соттың веб-сайтына материалдар, сондай-ақ республикалық және жергілікті газеттерге мақалалар мен хабарламалар жариялауларынан, теледидар мен радиода сұхбат берумен және БАҚ өкілдерінің соттар жөнінде жазған жарияланымдарынан көрінетіні белгілі. Соған орай,  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өңірлік соттардың жұмысын бағалаудың жүйесін бекітті. Жоспарлы көрсеткіш ұғымы енгізілді. Ендігі ретте Жоғарғы Соттың және облыстық соттың веб-сайттарындағы баспасөз хабарламаларының саны, республикалық және жергілікті БАҚ-тағы материалдар саны секілді көрсеткіштер бар. Бұған қоса жергілікті соттар қызметін бағалау барысында судьялар мен кеңсе қызметкерлері әзірлеген сот қызметі туралы авторлық материалдар да есепке алынады. Сонымен қатар бағалау кезінде соттардың БАҚ-тағы сыни материалдарға ден қоюы шараларының жеделдігі мен сапасы да ескеріледі.

0426

Маңғыстау облыстық сотының жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесінде 2016 жылдың 9 айында республикалық және жергілікті БАҚ-та соттардың 1991 материалы жарияланған. Бұл көрсеткіш 2015 жыл 1710 болған. Яғни 281 ақпаратқа артып отыр.

Ж.Алановтың мәлімдеуінше қазан айына жоспарланған  Судьялар Одағының 7-сьезі белгілі бір мәселелерге байланысты қараша айына шегерілген. Сьездегі басты меже – судьялардың жаңа әдеп кодексін қабылдау, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту.

 

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік Майемеров