1-Қазан халықаралық қариялар күні. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 1990 жылы желтоқсан айының 14- жұлдызындағы отырысында белгіленген болатын. Содан бері, елімізде қариялар күнін атап өту дәстүрге айналды.

Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі   інілеріне   ізеттігін  көрсетіп,  ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше. Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді.Қарты бар ауылды  жұрт қазыналы ауыл деп білген. Міне, осындай теңеуге лайық қарияларымыздың мерекесі еліміз көлемінде  қазан айының  алғашқы күндері тойланды. Қариясын құрметтеп, оны бағалай білетін Бостан ауылы  атаулы мерекені арнайы ұйымдастырып өткізді. Ауыл әкімдігі, мәдениет үйі, кітапханасы, ардагерлер кеңесі болып бір ғимаратта шоғырланып ғана қоймай, бірлесіп береке құруда. Бұл күні Бостан әкімшілігінің ғимараты да салтанатқа  сай безендіріліпті.Жиналған қауым да  мерекелік көтеріңкі көңіл күйде болды.  Өткен жұма күні  ауыл әкімі Шаттық Асанов  ауылдың барлық қарияларын мәдениет үйіне жинап, оларды мерекелерімен құттықтап, сый-сиясат көрсетті. Бостан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарақия ауданының  құрметті азаматтары, Алпамыш  Жұмалиев пен Бегалы Озғанбаевқа осы ауылдың өркендеп дамуына қосқан ағалық үлестері, ақыл кеңестері үшін «Алғыс хат» табыс етсе,ауылдың  барлық қарияларының  иығына шапан жауып,( ақшалай, шапанның құны) ақ дастархан жайып, қонақасы берді. Қариялар мерекесіне орай, ауыл көркемөнерпаздарының концертін тамашалаған қариялар бір серпіліп қалды.Шүкір делік, бұл өлкенің айбынды аталары мен ақжаулықты әжелері әлі де баршылық екен.Осы ауылдың өнерлі, өнегелі, білімді, білікті жастары әрине, осы қарияларымыздың ұрпақтары.Әсем әнмен әрленіп, шаттық бимен шалқыған кеш сыйлаған рухани қуанышқа ауыл қарттары атынан алғысын білдірген Бегалы ағамыз, өзіне жабылған шапанының құнын «Адай» биін билеген балабақша бүлдіршіндеріне табыс етіп,жиналған қауымға жомарттық, үлкендік және көрегендік үлгісін  көрсетті-ау, шамасы, ағалар мен апалардың барлығы ауыл әкімі берген ақшалай сыйлықтарын, кішкентай  көркем өнерпаздарға тарту етті. Қариялар бірінен соң бірі шығып:

Бізді елеп-ескерген әкім баламызға, демеуші болып жатқан депутатымызға алғысымыз шексіз.Алайда, біздің жолымызды, жасымызды осы жас ұрпаққа берсін, осы қаражатқа оқуына,өнеріне қажет затын сатып алсын!- десіп жатты. Неткен, көрегенділік! Бергені де, алғаны да жомарт.Көңілдің қуанышына жетер байлық бар ма, деңізші! Бірлігі жарасқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен көреген елді көріп:

Боз далада Бостан дейтін ауыл бар
Болашағын ботасына балаған.
Жүздерінен нұр төгілген қауым бар
Берекені басты мақсат санаған!- дегіңіз келеді екен.

%d0%b1%d0%be%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-01

Әкім болсаң, халқыңа жақын бол!-деген аталы сөзді берік ұстанған Ш.Асановтың  бұл игі бастамасына осы ауылдан сайланған депутат Қуанышбек  Әбдірахман мырза, «Алтын құрық» ЖШС-нің  Жаңаөзендегі  филиалы және кейбір кәсіпкерлер мен мекемелер қолдау көрсетіпті.Сондай-ақ, бұл мерекеге Қарақия аудандық «Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі» басшысы М.Сәрсенғали,  «Нұр Отан» ХДП Қарақия ауданы филиалының өкілі және аудан газетінің редакторы арнайы қатысты. Иә, қазыналы қарттарымызды көзі тірісінде бағалай білейік! Өйткені, олар — тарихымыз, берекеміздің бастауы. Тәуелсіздігіміздің негізін қалауға өзіндік үлестерін қосқан ардагерлер. Қарты бар үйдің қазынасы бар. Берекелі елдің – болашағы жарқын!

Шынар КЕНДІН