Ақтауда консалтинг күні өтіп, «Бизнес шеберхана» тақырыбында семинар болып өтті. Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының ұйымдастыруымен өткен жиынға маңғыстаулық кәсіпкерлер, компаниялар мен «Даму» қорының өкілдері қатысты.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобы өкілдерінің ұйымдастыруымен облысымызда өткізіліп отырған бұл екінші консалтинг семинары. Мақсаты – отандық бизнеске тарту, сату және қаржыны басқару, HACCP және ISO халықаралық стандарттарын енгізу және дамыту, өз ісін ашып, кәсібінен табыс табуға ұмтылғандарға Қазақстандағы франчайзингтің ерекшеліктерінен хабардар ету.

Банктің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының ұйымдастыруымен Алматы, Ақтөбе және Оралдан арнайы шақырылған кеңесшілер «ЕҚДБ Қазақстандағы шағын бизнесті қолдау бағдарламасының мүмкіндіктері», «Тұрақсыз экономика жағдайында сатуды басқару қағидалары», «Тиімді көшбасшылық: Басқарудағы коучинг» және «Ұйымның қаржысын басқару» тақырыптарында мағлұматтар берді. Жанды қарым-қатынас форматында өткен семинардың маңғыстаулық кәсіпкерлерге берері мол болды деп санаймын,-дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының менеджері А.Қасымова.
Алма Қасымованың айтуынша, мұндай жиындар еліміздің аймақтарында тұрақты түрде өткізіліп жүр. Кәсіпкерлердің консалтинг қызметтерінің заманауи нарығы туралы және оның бизнесті дамытуға тигізер пайдасын білулері маңызды. Кеңесшілер қазақстандық және тек қана отандық тәжірибеге негізделген кейстермен бөліседі.

Еуропалық қайта құру және даму банкі еліміздегі ірі инвесторлардың бірі саналады. Банк Қазақстан экономикасына күні бүгінге дейін 6,5 млрд. еуро көлемінде инвестиция жасаған. 2016 жылы бұл қаржы 700 млн.еуроны құраған.

Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

01

03

02

04

05

06

07

08