Қыркүйектің 28-29-ы күндері Маңғыстау ауданына қарасты «Ақ ой» жерінде ауыл шаруашылығы қызыметкерлерінің облыстық кеңесі өтті. Қыр үстінде күннің күрт салқындап кеткендігіне, мезгіл-мезгіл бүркіп өтіп тұрған жаңбырға қарамастан іргелі шараны тамашалауға келген халықтың қатарында есеп болмады.

Ауылдан түс әлетінде шыққан біздер межелі жерге көз байлана жеттік. Жол үстінде өткізген төрт сағатта сәл шаршасақ та, бір сәтке дамылдамай-ақ, той әзірлігіне кірісіп кеттік.Біраз үй  келген қонақтарды қарсы алуға арналып тігілген болса, орталық сахна жанынан көркем өнерпаздарға арналған алты қанатты  боз киіз үй бой көтеріпті. Сахна төрінде өнер көрсетіп жатқан аудан көркемөнерпаздарының әсем әуендері мерекенің салтанатын аша түскендей. Елді мекен  аттарынан тігілген үйлер  жанындағы ошақтар астында от шалқып, адамдар күйбең тірлікке кіріскен. Қазан көтеріліп, су құйылған титан кернейлері дағдылы әуеніне басқан. Қатарымызда саудамен жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің дүңгіршектері көрінеді. Түн ортасы ауса  да, ертеңгі өтетін аламан бәйгеге жүйрік  жаратушы атбегілерде  мігір жоқ. Ат тұяғының дүрсілі түнгі даланы дүбірлетіп тұр. Тамақтанып алған соң ертеңгі күнге дайындық  жұмыстарымен айналыстық. Ауылдан он төрт шақырым жерде, айдалаға жан бітіріп, ертеңгі той қамына бел шеше кірістік. Өзімізбен бірге жеткізген ВЛМ-100 қондырғысын іске қосып, еншімізге жазылған  үйлердің ішіне жарық берудің қамын жасадық. Үй іші самаладай жарыққа бөленген соң қанаттас қоныс тепкен үйлердегі  тойшылармен таныстық. Іргелес қоныс тепкен он сегіз қанатты темір ұстынды тоғыз үй Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен аудандарынан екен.Біз   «Сай Өтес» ауылына барып тынығып, күн көтеріле оралдық.

Түнде сіркіреп өткен жаңбыр толастапты. Таңғы сегізден бастап ат бәйгесіне қатысушы аттар тіркеуден өткізіле бастады. Кешікпей аламан бәйге де басталып кетті. Қазақтың қанын қыздыратын  төл өнері – ат бәйгесін тамашалау үшін көрермендер ат жіберілетін орынға жаппай ағылды. Жалпы қашықтығы 31,5 шақырымды құрайтын, 7 айналымнан тұратын  аламан бәйге басталып кетті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, әркім өзі таңдаған аттарына қиқу қосып, онсыз да еліріп тұрған  сәйгүліктердің делебесін  одан әрі қоздыруда. Бес айналымда түйдектеле шапқан қылқұйрықтардың қатары кем- кемнен сөгіле түсті.  Айтулы жарыстарда жүлде алып жүрген Бейнеу ауданы атынан қосылған сәйгүлік басқаларынан оқ бойы озық келіп «Лада Гранта» маркалы автокөлікті қанжығасына байлады. Мәре сызығына текіректей жеткен Маңғыстау ауданы атынан қосылған пырақ  иесінің қанжығасына қос камералы тоңазытқышты бөктерсе, үшінші болып жеткен Түпқараған ауданының атбегі  тұрмыстық бұйымдар жиынтығын  алдына өңгерді.

Ұлы той марапатсыз өткен бе?! Сахна төріне көтерілген облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалар ауыл шаруашылығы саласында еңбек көрігін қыздырып жүрген алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерді ( жалпы жиынтығы-70 адам) кезек- кезегімен ортаға шақырып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Олардың қатарында Қарақия ауданынан Т. Жалмұрат, И. Жолдасов, Т. Мұхамбетов сынды ел ырысын тасытып жүрген ардагер

кәсіпкерлер болды. Еңбек адамдарына тоңазытқыш, кір жуатын машина, теледидар сынды тұрмыстық бұйымдар табысталды.

Осымен қатар жақын орналасқан спорт алаңқайында қазақша күрес, арқан тартысудан жарыстар басталса, ипподромда тартысқа толы көкпар ойынына кезек берілді.

Анда- санда сіркіреп өтіп тұрған  жаңбыр түс мезетінде толассыз құйып берді. Аспан түнеріп, қара жаңбыр нөсерлете жауды. Өтіп жатқан шараларды қызықтаумен жүрген жұртшылық  құрылған үйлердің ішіне кіріп бой тасалауға тырысты. Көппен бірге ішке енсек түскі тамақ дайын болған екен. Арамызға келген облыстық филармонияның әншілері шырқаған  әсем әуендер көпшілікті бір желпінтіп тастады.

Сағат 15.00-ге дейін нөсерлете жауған қалың жаңбыр  кейбір шаралардың толыққанды өткізілуіне кері әсерін тигізгені рас. Сонда да ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің тойы өзіндік ерекшеліктерімен есімізде жатталып қалды.


Жалғас АЙТҚҰЛОВ

%d0%b0%d2%9b-%d0%be%d0%b9-02