Қарақия ауданы құрлық бойынша көршілес жатқан Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерімен шектессе, Каспий теңізі арқылы Ресей, Иран, Әзірбайжан елдерімен байланысып жатыр. Сондықтан орын алуы мүмкін түрлі жағдайлардың алдын алуымыз  үшін шекара кілтін нық ұстау алдыңғы орынға шығып отыр.

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына кеңес мүшелері толық құрамда қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Қ. Беков ашып, жүргізіп отырған жиында шекара маңында орналасқан тұрғындарға Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік шекара туралы» Заңын түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастыру және бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялау, ауыл әкімдерімен бірлесе отырып шекараны күзетуге өздерінің қалаулары бойынша кандидаттарды тарту үшін үгіт- насихат жұмыстарын жандандыру сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар Қ. Беков кеңес мүшелеріне теңіз айдынын шарлаған

балықшылар мен дала кезген аңшылар арасында түсінік жұмыстарын жетілдіре түсу, туындаған мәселелермен хабарласып, оның уақтылы шешілуіне жұмыстану қажеттілігін баса айтты. Алғашқы сөз кезегі берілген Болашақ ауылының әкімі Ж. Мұқанов жергілікті жерде 600 тұрғынның есепке алынғандығын , келімді- кетімді кісілермен тұрақты байланыс орнатылғандығын, деректі орган басшыларымен жиындар ұдайы өткізіліп тұратындығын жеткізе отырып, жағдайдың  қалыпты екендігін айтып өтті.

Талқыға түскен мәселе бойынша сөз алған   Құрық ауылы әкімінің орынбасары  Қ. Гафаров, Мұнайшы ауылының әкімі Р. Джулбаевтар ауыл аумағына келіп жеке секторда үй салуға жалданған немесе басқа салаларға  жұмыс жасауға келген көршілес республика азаматтарымен тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтып, жағдайдың  толық бақылауда екендігін жеткізді. Заңсыз жұмыс жасаушыларды құрықтау мақсатында  ішкі істер бөлімі тарапынан  рейдтер жүргізіліп , тексеріліп жатқандығы көпшілікке аян. Соған қарамастан кезегін күтіп тұрған  істер де көп. Келімді- кетімді адамдар легінің аумақтық мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы жүзеге асырылатындығы белгілі. Осы бағытта түсінік жұмыстарын берген басқарма өкілі Н. Төлегенов науқандық жұмыстарға  келушілердің мерзімі   жиырма күннен артық болса заң жүзінде тіркеуге алынып, жергілікті бюджетке қаржы аударылып отырғандығын  тілге тиек етті.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары шекаралық аймақтар айқындалмағандықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, шет елдерге кететін қаржыға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды жетілдіре түсуге шақырды. « Келесі жылы ауданымызда бірнеше жаңа жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде. Сол себепті біз туындауы мүмкін мәселелерге тастүйін дайындықта отыруымыз  қажет»-деді сөзінің соңында Қ. Беков. Өткен жиын қорытындысымен арнайы хаттама толтырылып,лауазымды тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

 Жалғас  БЕРДІМҰРАТҰЛЫ