Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялаған кезде-ақ, бұл бағдарламаның жүзеге асуы барысына  партиялық бақылауды күшейтуді тапсырған. Осы тапсырманы орындау аясында, мәжілістен мәслихаттарға дейін, барлық фракцияларда аталған бағдарламаны бақылау бойынша комиссиялар құрылып, жұмыс атқаруда. Жалпы, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламадағы жобаларды орындамаған жауапты тұлғаларға тіпті,партия тарапынан  жауапкершілік те қарастырылған. Еліміздің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуында  елеулі орны бар Қарақия ауданында, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан  құрылыс нысандары да партиялық бақылаудан өтеді.

Өткен сәрсенбіде, «Нұр Отан» ХДП  Қарақия аудандық филиалының мәжіліс залында, «Нұр Отан» партиясының республикалық желілік кестесіне сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде атқарылған жұмыстары  туралы   мәселелерді  талқылау   мақсатында  кеңейтілген  отырыс  өткізілді.

Отырысқа «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңес бюросының құрамы,ауданға қарасты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары және Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің консультанты Жеткізген Досан Жеткізгенұлы қатысты. Жиынды аудан әкімі, аудандық көшбасшы партияның басшысы Ә.Дауылбаев басқарып, күн тәртібімен  таныстырды. Күн тәртібі бойынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  атқарылған жұмыстары және қаражаттың тиімді игерілуі туралы құрылыс бөлімінің басшысы Г.Қылаубаеваның баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Бұдан кейін, негізгі мәселелер бойынша «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының  ұйымдастыру-бақылау бөлімінің кеңесшісі  Жеткізген Досан Жеткізгенұлы сөз кезегін алып, партияның атқарып жатқан жұмыстары мен алға қойған мақсаттарына тоқталды. Аталған баяндамалар бойынша сұрақтарға  нақты жауаптар берілді.

Шынар КЕНДІН