Отандық өнімнің орны қашанда ерекше екені белгілі. Шағын және орта кәсіп иелерінің қанатына қуат, шабытына шуақ беретін мемлекеттің берекелі бағдарламалары, жарқын жобалары жетерлік. Осыған орай, мемлекеттік қолдаумен кәсіпкерлігін кеңейткен «Престиж» жиһаздар салоны саусақтарынан бал тамған шеберлерге шығармашылығына шабыт, ісіне ілгерілік сыйлау мақсатында бейкоммерциялық әлеуметтік жоба – «Қазақстанда жасалған, Маңғыстауда жасалған – «Өнер Land» ғимаратын ашты.


IMG_1317

Бұл ерекше жоба – жергілікті қолөнершілерге үлкен жәрдем, демеу. Жаңа ғимарат және шығармашылық алаң арқасында шеберлер өнерін көрсетіп қана қоймай, табысқа кенеле алады. «Өнер Land» іші қолмен жасалған, көздің жауын алар бұйымдарға, ойыншықтарға, көрпе-төсектерге, ыдыстарға толы. Оның ішінде сондай-ақ қолөнершілердің шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, шеберлік сабақтар өткізілетін бөлме және демалатын орын бар.

Жоба ашылуына қатысып, ғимарат ішін тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова өнерлі жандарға мол мүмкіндік сыйлаған «Престиж» жиһаздар салонына алғысын білдірді:

-«Бизнес жол картасы-2020», «Даму өндіріс», «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламалар аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдаумен ерекше жоба іске қосылды. Бұл ғимарат өнерге ғашық, бірақ қолынан шыққан туындыларын халықпен бөлісе алмаған мүмкіндігі шектеулі жандарға, шығармашылық адамдарға арналған. Жоба 150 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Осындай ілкімді істі жүзеге асырған мекеменің бас директоры Ирина Беляеваға ризашылығым шексіз,-деді ол.

Алаңы 400 шаршы метр «Өнер Land»-те 255 сөре бар. Кез келген шебер сөрені не толық қатарды жалға ала алады. Жалға беру бағасы – 1000-нан 3500 теңгеге дейін тұрады. Астана, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстаудың қала-аудандарынан жиналған 60 қолөнерші бұйымдарын халық назарына қойған. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтарға кіретін жандар да бар. Бұл адамдарға жәрдем ретінде өнімдерін тегін қоюға мүмкіндік берілген.

-Маңғыстау қолөнершілері әрдайым жәрмеңкелерде бас қосатын. Бұл қаржы әрі уақыт жағынан қиындық туғызатын. Бұл орталық арқылы жалдама, жарнамаға алаңдамай, қолөнермен айналысуға уақыт табылды. Қала тұрғындары да қайталанбас, ерекше бұйымдар сатып алуға мүмкіндікке қол жеткізді. Біз шеберлермен бірігіп, шеберлік сабақтар өткізіп, акциялар жасап, тәжірибе бөліскіміз келеді,-деді қолөнер шебері Инна Петросян.

Ал ақтаулық қолөнерші Шынар Өтепова сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік берген жоба ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіруде. «Жас кезімнен қыздарға арналған әсемдік бұйымдар жасаймын. Бірақ кәсіпке айналдырып, тұрақты қолөнермен айналыса бастағаныма 3 айдай ғана болды. Халық көңілінен шығатын сырғалар, білезіктер, алқа-моншақтар ұсынамын. Бұл жобаға дем беріп, іске асырған барша жандарға алғысымды білдеремін»,-деді ол.

Өлкенің шеберлеріне қолдау көрсеткен «Престиж» жиһаздар салоны «Отбасы мен үйге арналған орталық. Бақытты отбасы – сәтті қоғам» деп аталып, мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін жандырып, үй ішіне қажетті жиһаздар сатумен және құрастырумен айналысып келеді.

Маңғыстау облысында мемлекеттік қолдаудың құралдары үлкен беделге ие. Бүгінде Маңғыстауда 48 165 шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілері жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 5,1 пайызға өскен. Қазірде оның саны – 103 969 адам.

Сондай-ақ «Жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бағдарламасы щеңберінде Өңірлік үйлестіруші кеңеспен 3 845,4 млн. теңге құрайтын 105 жоба қабылданған. Өткен жылы 53 жоба ғана қабылданған еді. Оның 79 пайызы – Жаңаөзен қаласы және аудандық кәсіпкерлердің жобалары.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Қуаныш Исмаилов

IMG_1325

IMG_1307

IMG_1297

IMG_1287

DSC_1790

DSC_1795

DSC_1810