Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы  музыкалық драма театрында –  театр  және кино режиссері, Саха Республикасына еңбегі сіңген  өнер  қайраткері,  «Золотая маска»  театр  сыйлығының  лауреаты Быйаман  уола Сэргэ Обокуун  (Сергей Потапов) Ә.Кекілбаевтың  «Шыңырау»  повесінің  желісі  бойынша   жаңа  премьераны  сахналауға дайындық үстінде.

Сергей Потапов
   Суретте Сергей Потапов

Әуелі «Кекілбаевты сахналауға жүрегі дауалаған қайдан шыққан мықты?» деп, сахалық режиссерді қомсынғанымызды жасыра алмаймыз. Бірақ батыл жүректі Быйаман ұлының өмір-деректеріне көз жүгіртіп шыққан соң, қорқынышымыз сейілейін деді. Қырықтың қырқасына енді шыққан Сергей жиырма жылдың ішінде актерліктен – қоюшы-режиссерлікке дейінгі жолды бос өткізбепті.

10 шақты рөлді сомдап, актерлік шеберлігін шыңдап алған ол, 20-ның үстінде түрлі халықаралық байқауларған қатысып бақ сынапты. Саха, Мәскеу театрларында 40 шақты қойылымды сахналаған, 30 театрландырылған қойылымдардың авторы. Саха және Қиыр Шығыс аумағында бірде-бір спорттық және мерекелік салтанатты жиын Сергейдің қатысуынсыз өтпеген деуге болады. 10 көркем және қысқа метражды фильм түсірген.

Бұл қырық жастағы өнер иесі үшін аз ба, көп пе? Біздіңше, аз еңбек емес. Өзіне сенбеген кісі Кекілбаевтың ең бір қиын да, күрделі шығармасын сахналауды қолға алмас еді. Алған адам әрине, көрермен көңілінен шығуға талпынады. Сол талпыныстың шет жағасын көріп те қайттық. Прозалық мәтінмен тікелей жұмыс істеу үстіндегі Сергейдің театрдың жас әртістерімен тіл қатысуы мен өзара ортақ түсіністік табуы көп жайды аңғартқандай болды. Жұмыс жүріп жатыр! Қыркүйектің 11-інші жұлдызында премьерасын ұсынғалы отырған жаңа қойылым маңғыстаулықтар үшін мәдени жаңалық болады деп сенеміз. Енді сол сенімді ақтауға талпынып, Жантөрин театрында тер төгіп жатқан сахалық режиссердің өмірдерегімен таныс болыңыздар:

Сергей 1975 жылдың 22 маусымында (Якут) Саха Республикасының Сунтар ауданына қарасты Сунтар ауылында туған. Республикалық мәдениет және исскуство колледжінің актерлік бөлімін бітірген. 1996-99 жылдар аралығында Саха театрында актерлік қызметпен айналысып, Саха және Мәскеу театрларында А.Софроновтың «Уйбаанысы» мен «Тина жизниінде» — Хаалдьыт пен Уйбааныстың, М.Каримнің «Ночь лунного затмениясында» — Диванның, В.Шекспирдің «Сон в летнию ночь» спектаклінде – Негіздің, М.Горькийдің «На днесінде» — Актердің, А.Пушкиннің «Каменный гость» спектаклінде — Дон Жуанның, А.Чеховтың «Юбилей» және «Вишневый сад» қойылымдарында Фирс пен Хириннің ролдерін сомдаған.

2003 жылдан Саха театрында қоюшы-режиссер қызметін атқара жүріп, 2004 жылы ГИТИС-те көпке танымал Марк Захаровтың  шеберханасынан режиссерлік факультетті тәмамдады. 2007 жылдан Саха театрында бас режиссер. 2010 жылдан сол ұжымда қоюшы-режиссер бола жүріп, ұстаздық қызметті қоса атқаруда.

Сергейдің өз мүмкіндігін ашуға көбірек талпынатын өнерпаз екені байқалады. 2005 жылы Э. Ионеско «Макбет» спектаклі үшін «Золотая маска» Ұлттық театр сыйлығына ие болған. Осы қойылым үшін республикалық «Желанный берег» театр фестивалінің, 2006 жылы Нь.Аргуновтың «Дети бога солнца» қойылымы үшін «Сата» республикалық театр фестивалінің жеңімпазы атанды.

2007 жылы Чурапчада өткен «Кинополюс» кинофестиваліне  «Дыши» фильмімен, 2004 жылы Каир қаласында өткен «ХV халықаралық театрлардың эксперименттік фестиваліне» «Предчувствие», 2006 жылы мәскеуде өткен Ресейдің «Новая драма» театр фестиваліне В.Сигаревтің «Пластилин», 2005 жылы Франция астанасы Париж қаласында өткен «Новая русская волна» халықаралық жобасына авторлық «Мечта мира» қойылымымен қатысты.

XXIX Мәскеу кинофестиваліне қатысып, «Перспектива» байқауынан «Дыши» фильмімен бақ сынады. Сондай-ақ Сергей  осы фильммен 2006 жылы  Владивостокта өткен халықаралық кинофестивальға, 2007 жылы Анапада өткен халықаралық «Киношок» кинофестиваліне қатысты. 
 2009 жылы Мексикада өткен ІІ халықаралық фольклорлық фестивальдің,  2011 жылы Хакасия Республикасының Абакан қаласында өткен жас режиссерлар зертханасында «Дорога в вниз» спектаклімен көзге түсті.

Сонымен бірге, С. Ермолаевтың «Одинокая сосна», Н. Лугиновтың «Ворон»,  Л. Толстойдың «Анна Каренина», А. Чеховтың «Три сестры», Н. Садурдың «Чудная баба», Б. Брехттің «Мамаша Кураж и ее дети»,  А. Дойдудың «Сын вечного неба Василий Манчаары»,  В Шекспирдің «Тит Андроник», П.Ойунскийдің «Иирбит Ньукуус»,  М.Башкиров-Нерюнгринскийдің «Поля Ярости», А.Китцбергтің «Оборотень» т.б. көптеген туындыларды сахналаған.

Сергей Потапов «Кито-мото», «Дыши», «Однажды в Якутске», «Причуды дождя», «Покуда будет ветер», «Осень», «Дойду», «Подснежники» көркем және қысқа метражды фильмдердің авторы.

Үміт ЖӘЛЕКЕ