Ақ маңдайлы адай қыз,
Ай мен Күнге балаймыз.
Өзіңді ойлап өтті ғой,
Талай көктем, талай күз…

Бұл өңірімізге ғана емес, исі қазаққа танымал «Адай қыз» әні. Көпшіліктің көңілінен көрікті орын алып, жүректерді жауһар жылылықпен баурап алатын әннің сазын Ғайнет Қуандықов жазған. 2002 жылы ақтөбелік ақын Орал Байсеңгіров Жаңаөзен қаласына қыдырып келеді. Ойламаған жерден кездесіп, «Адай қыз» атты өлеңге көзі түседі. Өлеңді оқыған Ғайнет аға «Мынау жолдар ән болып төгіліп тұр ғой» деп қуанып кетеді. Бір күннің ішінде әсем ән туады…

Ғайнет ағамен мен осыдан бірнеше жыл бұрын таныстым. Аса сыпайы да байсалды жанмен бірден тіл табысып, шығармашылық байланысты бастап кеттік. Ғайнет аға ән десе жанын жұлып берердей еңбекқор екен. Шығармашылық қарым-қатынасымыз ағалы-қарындасты жақындыққа айналды. Екеуміз «Каспий – достық теңізі», «Өзіңсіз күндер», «Анамның тілі», «Жаса, құрылысшы!», «Жол сақшылары», «Ауған ызғары» сынды әндер жаздық. Ғайнекеңнің бұл ғажап туындыларын қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, маңғыстаулық Рамазан Ақтаев, Баймұрат Жолдасбаевтар орындап жүр.

Ғайнет Шорабатырұлының өмір жолы туралы айтсам, ол 1950 жылдың 20 мамырында түрікмен жеріндегі Бекдаш елді мекенінде дүниеге келген. 1967 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, оны электрохимия өндірісінің технологиясы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас жігіт 1972 жылы Қарабұғазсульфат өндірістік бірлестігінде аппаратшы болып еңбек жолын бастайды. Бұл мекемеде 34 жыл тапжылмай жұмыс істеген сазгер 2006 жылы облыстық Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас инженері қызметіне кіріседі. Бүгінде театрда негізгі қызметімен қоса, Алладан берілген табиғи таланты-сазгерлікпен де айналысуда. Жүрекжарды алғашқы туынды «Бекдашым менің» 1969 жылы жарық көрді. Ол кезде сазгер 19 жаста болатын. 1 жылдан соң көпшіліктің көңілін жаулаған «Жымиясың қарындас» әні шықты.

Сазгерлік — менің тағдырым дер едім. Саналы ғұмырымда жүрегімнен жарып шыққан әндерім 40-тан асады. Менің ойымша, жүректен шыққан дүние ғана келесі жүрекке жетеді. Өз туындыларымның адам жанын тербеп, әсемдік пен адамдыққа, мейірімділік пен жақсылыққа шақырғанын тілеймін. Адам жанына жақсылық сыйлай алған ән ғана жылдардан жылдарға жетеді деп сенемін,-дейді Ғ.Қуандықов.
Сазгердің төл туындылары халық арасында танымал атандырып, жұрттың сүйіп тыңдар әндеріне айналған. Әсіресе, «Сәлем саған, Астана!», «Біз бұрғышы» атты әндері үшін алғыс алып, облыс, қала әкімдіктері тарапынан марапатқа ие болған. «Каспий» тобының орындауындағы «Стюардесса қарындас», Ералхан Әбішевтің репертуарындағы «Қарай берші, қарындас», Бауыржан Исаев орындайтын «Неліктен?», «Жайна далам!» әндері халық арасында кеңінен таралып, үлкен сахналарда шырқалады. «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Маңғыстау облысының құрылғанына 40 жыл» төс белгілерінің иегері ізденуден ешқашан шаршамайды.

«Жол сақшылары» әні көпшілікке көзайым болып, «Қазақ радиосындағы» республикалық әндер шеруінде І орын алса, «Ауған ызғары» әні республикалық әскери – патриоттық әндер байқауында жүлдеге ие болды. Әр әнімнің өз тарихы бар. Бірде, ақын сөзіне саз шықса, кейде жүрегімде жатталып, әуелеген әуенге сөз іздеймін. Қазаққа әрқашан ән керек, әнсіз тіршілік көріксіз көрінеді,-дейді Ғ.Шорабатырұлы.
4 баланың әкесі, ондаған немеренің асыл атасы, отбасының тірегі, Маңғыстау өнерінің белді өкілі, сазгер Ғайнет Қуандықовтың қазіргі қазақ эстрадасы, бүгінгі сахна төрінен түспейтін жас әншілердің орындауындағы шығармалар туралы өз ойы бар. Талантты да дарынды әншілер жетерлік, Шәмшінің өзі болмаса да, ізін қуған сазгерлер де бар. Танымал болу қиын да оңай. Ал, жеңіл әуенді, сезімсіз сөздерге құралған әндердің болашағы жоқ. Уақыт өнер маржандарын өз мәртебесіне көтереді. Дегенмен, қазақ әнінің абыройын асқақтатып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, мәңгілікке елге қалдыру үшін көп еңбектену керек. Қазақ әніне деген шынайы сүйіспеншілік пен талмас ізденіс қана мұратқа жеткізер.

Анар Шамшадинова