Форт-Шевченкода көрме

Форт-Шевченко қаласының 170 жылдығы аясында Форт-Шевченко қалалық әкім аппараты мен «Хазірет» жастар қоғамдық қоры бірлесе қала орталығындағы «Аққу» мейрамханасында суретші, фотостудия кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер Фархад Абдрахманов, Ізденова Марал және еркін форматта, еркін тақырыпта сурет салуды ермек еткен Берекет Қуан есімді оқушы қатысуымен «Мәңгілік ел құндылықтары» атты фотосуретшілер көрмесін ұйымдастырды. Шараға Түпқараған аудандық өлкетану мұражайынан Тарас Шевченко суреттері көшірмелерінен арнайы көрме қойылды. Көрмеге фотосуреттер арқылы жасалған бұйымдар мен кәде сыйлар, естелік сыйлықтар мен түрлі бұйымдар қойылған. Қала тарихымен ұштастырып жасаған Фархад өнімдері мен Маралдың туған күн, атаулы күндерге арнайы жасаған сусын, тәттілердің қораптары  жастарды қатты қызықтырды. Шара соңында қала әкімі Мұратбек Дощанов қатысушыларды мерекемен құттықтай отыра, алғысын білдірсе, «Хазірет» ұйымының жетекшісі сыйлықтарын табыс етті.

— Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысының аясында «Түпқараған ауданында үкіметтік емес ұйымдарының ресурстық орталығының қызметін ұйымдастыру» лоты бойынша Форт — Шевченко қалалық әкімдігі және аудандық өлкетану мұражайымен бірлесе отырып «Мәңгілік ел құндылықтары» атты фотосуретшілер көрмесін ұйымдастырып отырмыз.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Форт — Шевченко қаласының 170 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылып отырған шараға 47 жылдық өмірінің 7 жылын өлкемізде айдауда өткізген Тарастың суретшілік өнерін насихаттайтын Есбол Өмірбаев зерттеулері негізінде жасалған көрнекіліктер қойылып отыр. Ауданымыздағы жас фотосуретшілердің шығармаларын таныту және насихаттауды мақсат еткен көрмеміздің көрермендерінің көріп тұрғаныңыздай көбісі жастар. Көрмеге Тарас Шевченконың Маңғыстау өңірінде айдауда болған кездегі салған суреттері мен жас болсада өз кәсібімен танымал фотосуретші Фархад Абдрахманов, қаламызда өз еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіпкер Марал Ізденова қатысып отыр. Жас суретші Қуан Берекеттің суреттері қандай тамаша! Осындай көрмелер жалғасын табатыны сөзсіз.

Қорымыздың атынан Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Дощановқа және әкімдік қызметкері Жартықова Жаннаға көрме ұйымдастырудағы үлкен көмектері үшін зор алғысымызды білдіреміз!- дейді ұйым атынан Күрең Медеуова.

Көрмені тамашалауға аудандағы кейбір бюджеттік мекеме қызметкерлері, жастар келіп, тамашалап, көрмеден алған әсерлерімен бөлісті. Соның бірі Ауғанова Оңайгүл «мұндай көрмелердің жиі ұйымдастырылуы ауданымыздағы талантты жастарды жұртшылыққа танытуда және олардың шығармашылығын шыңдауға көп көмегін тигізері сөзсіз» десе, Айгүл Бекежан өскелең ұрпақ үшін мұндай көрмелердің жиі ұйымдастырылып тұруы қажет деп есептейтіндігін жеткізді. Есбол Өмірбаев мектебінің оқушысы Айгүл Жүсіп өзінің көрмеден ерекше әсер алғанын, осындай пайдалы шараларды ұйымдастырған ұйымдатсырушыларға алғысын білдірді.

Жас суретші Қуан Берекет:

— Еркін тақырыпта бос уақытымда сурет салғанды ұнатамын. Сурет көрмесі болады дегенді естіп, осы жерге арнайы өз еңбегімді әкеліп тұрмын. Алдағы уақытта да жақсы суреттер салуға тырысамын, – дейді.

Көрме еркін сұқбат форматында, арнайы жайылған дастаханнан дәм ұсына ұйымдастырылған.

 Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суретке түсірген автор