үшем

Ақтау қаласында тұратын Ермек пен Гүлдананың жас отбасы бақыт құшағында.
Олардың 7 жасар ұлы бірден үш бауырлы болды.
5-маусым күні «Ана мен бала» перинаталдық орталығының мамандары Гүлдана Мұсағалиеваға жасаған ота сәтті шығып, екі ұл мен бір қыз бала өмірге келді. Салмағы аз, әлсіз туған шақалақтар орталықтың балалар бөлімшесінде бір айға жуық уақыт жатып, жақында үйіне шықты. Біз орталыққа барғанымызша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облысындағы «Коғамдық келісім» мекемесінің директоры Амангүл Жайылханова «Қазақстан халқы Ассамблеясынан 7 қасиетті домбыра» шарасы аясында «Бір анадан туған көп бала» аталымы бойынша Г.Мұсағалиеваға құттықтау хат пен домбыра тарту етіпті.

-Перинаталдық орталықта күніне шамамен 30-ға жуық әйел босанады,-деді пациенттерге қолдау көрсететін қызмет жетекшісі Ақмарал Ізмұратова.

-Жыл басынан бері туған сәбилердің арасында 15 егіз болған еді. Өткен айда Жаңаөзен қаласынан бір келіншек үшем туды. Гүлдана—үшем туған екінші ана.
Нәрестелерді жетілдіру 2-бөлімшенің меңгерушісі Гүлзада Сарбалаеваның айтуынша,бөлімшеде 500-ден астам нәресте жатып шыққан.
-Бөлімшеде шала туған балалардың денсаулығын тексеріп, жетілдіріп, салмақ қосқан соң омырауға салып, үйлеріне жібереміз,-деді ол.-Мына балалардың дендері сау. Туғанда біріншісінің салмағы 1 кг 690 грамм, екінішісі 1 кг 520 грамм, ал үшіншісі 1 кг 750 грамм болған еді. Қазір балалардың барлығының салмағы 2 кг 100 грамнан 2 кг 332 грамға жетті.
Бірден көп балалы болып, бақыттан жүзі бал-бұл жанған Гүлдана қала мектептерінің бірінде мұғалім. Әли, Асылым, Әмір есімді бөпелердің әкесі де бюджет саласында жұмыс істейді. Барлығы 1 бөлмелі пәтерде тұрады.

-Бюджет саласының қызметкері ретінде қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрмын,-дейді
төрт баланың анасы.-Жақында барып қарағанымда 524-ші болып тұр едім. Енді әкімдіктегілер біздің жағдайымызды ескерер деген үміттемін.
«Бір қозы туса,  бір түп жусан артық шығады» деп, өмірге келген жан иесінің өз несібесі болатынын аталарымыз меңзегендей, бұл отбасының да тұрмысы артып, балалары білімді де, тәрбиелі болып өсіп-жетілгей деп тілейік.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА