шаруа қожалығы қарбыз

Жаз келгелі қарбыз-қауындар да саудаға түсе бастады. Базарларда жасылды-сарылы болып, домаланып, үйіліп жатқан шәрбатты жемісті сағынып қалғанымыз рас. Көргеннен-ақ сілекей шұбыра жөнеледі. Қасыңда балалар болса, қыңқылдап алдырады. Үйіңе қонақ келер болса да жүгіріп барып, қауын-қарбыз сатып аласың. Көкейде «әй, осы пісе қойды ма екен?» деген күдік тұрса да, сөйтетініміз өтірік емес.
Алайда, мамандардың айтуынша, ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс көп болады. Ең тез пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуі тиіс.

-Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы мерзімі–шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл–өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға ығады. Тағы бір ескертетін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынған дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді. Шыны керек, бұл дақылдардың нитратсыз өсуі қиындау. Сол себепті шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында–90 мг/кг, қарбызда–60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн,-дейді Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Баян Сатқанбаева.

Қазіргі таңда жіті-ішек ауруларының және тағамнан уланудың алдын алу үшін Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қала, аудан басқармаларының қызметкерлері зертхана мамандарымен бірлесе тұрғындар арасында жеміс-жидектер мен көкөністердің қауіпсіздігі мен сапасын анықтау мақсатында «Нитратсыз өмір», «Нитратсыз тағам», «Қауіпті, нитарттар!» «Қауіпсіз және таза өнімді таңда» тақырыптармен акциялар өткізуде. Акция аясында қалалар мен аудандардағы сауда нүтелерінің жанында барлығы 213 сынама зерттеліп, оның ішінде 23 өнімде нитраттың нормадан артық екендігі анықталды.

-Қазақта «ауру–астан» деген сөз бар,-дейді Баян Төлеубердіқызы.-Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану жағдайлары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі—бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады. Өнімді көп және тез арада жинау мақсатында жеміс-жидек пен көкөніске тыңайтқыштар қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы–нитраттар. Тыңайтқыштың аз мөлшері біздің ағзамызға зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс мөлшері өте қауіпті. Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттердің нитраттардан айырмашылығы, олар қан эритроциттеріне кері әсер етеді. Эритроциттердің құрамындағы гемоглобинмен нитриттер байланысып, метгемоглобин құрайды, бұл оттегін тіндерге тасымалдау қабілетін қиындатады да нәтижесінде адам ағзасының оттегімен тыныс алуы нашарлайды. Бұл, әсіресе, балаларға, егде жастағылар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Сондай-ақ, нитраттар аллергияға себеп болып, қалқанша безі, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады.

Маманның айтуынша, қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар екен. Мысалы, егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға саласыз. Егер су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал.
Кейде жолда келе жатып, жол шетіндегі сауда орындарынан қауын-қарбыз сатып алатынымыз бар. Бұл да дұрыс емес көрінеді. Өйткені, оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Ал мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына, улануға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

-Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн,-дейді Б.Сатқанбаева.-Алайда елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы. Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын да, шағынаудандардағы көше бойын да жағалап, сатуды әдетке айналдырған. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты жоқ десек те болады. Тұтынушы үшін ең қауіптісі де осы. Мұндай сауда орындарында қауын-қарбыздың басым бөлігі жерде домалап жатады. Ал бұл сауда талаптарына мүлдем қайшы.

Тұтынушы құқығын қорғайтын мекеме жабайы сауда нүктелерінің барлығына бірдей тексеру жұмыстарын жүргізе алмайды. Маманның айтуына қарағанда, тек шағым түскен орынға алдын ала ескерту беру арқылы ғана тексеруге мүмкіндік бар екен. Олай болса, әркім өзі мен отбасының денсаулығы үшін өзі жауапты болғандықтан сақтана білгеніміз жөн болар.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА