Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Қарақия ауданына жұмыс сапарымен барды. Ол жұмысын Жетібайдың өндірістік аймағындағы су тазарту зауытынан бастады.

«Еділ суын тазарту өндірістік бекеті «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ қаражатымен 1997 жылы салынған болатын. 2015 жылы «Тұрмыс-Сервис» МҚК қарамағына берілген. Жетібай және Мұнайшы ауылының тұрғындарын және өндірістік мекемелерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «ЕСТӨБ»-не жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 54,8 млн.теңгеге сметалық құжаттама жасақталған. Ал 2019 жылға 40,0 млн.теңге бөлінген.. Қуаттылығы тәулігіне 3500 м3 су тазартатын өндірістік бекетке «КББ Групп» ЖШС мекемесі жөндеу жүргізуде.

Маңғыстау облысының әкімі Қарақиядағы құрылыс нысандарына барды

Аймақ басшысы 75 орындық «Жетібай педагогикалық-психологиялық түзеу орталығына» келді. Ғимарат жаңа оқу жылында ашылады деп жоспарланған. Бос тұрған бұрынғы кәсіптік лицей ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Жетібай мен Мұнайшы ауылдарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықпен бірге жаңадан 25 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар ескі тұрғын үйлер мәселесі де талқыланды.

Жұмыс сапарында облыс әкімі Құрықтағы су тұщыту зауытының құрылыс жұмысымен танысты.

«Маңғыстау облысындағы тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыту зауыты» жобасы Құрық ауылының Жыланды мүйісінде салынып жатыр. Жобаны “Шанхай Safbon Water Service” компаниясы орындайды.

Маңғыстау облысының әкімі Қарақиядағы құрылыс нысандарына барды

Олар аймақ басшысына «теxникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары жағынан қиындықтар болғанымен, тез арада шешімін тауып, уәделі уақытта сапалы, экологиялық таза, технологиялық жағынан озық, заманауи су тұшыту зауытын міндетті түрде аяқтаймыз», -деген уәде берді.

Содан кейін Серікбай Өтелгенұлы Құрықта салынып жатқан төрт қабатты, жалдамалы бес тұрғын үй құрылысының жұмысымен танысты. Жалпы сметалық құны – 861,182 млн.теңге. Оны «Ақ жол-Құрылыс» ЖШС мекемесі салып жатыр. Бұл пәтерді ең алдымен Құрық ауылындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар және үй кезегіне тұрған азаматтар алады.

Маңғыстау облысының әкімі Қарақиядағы құрылыс нысандарына барды

«Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанның аумағындағы аула жұмыстары жасалып жатыр. Енді сыртқы инженерлік инфрақұрылымын толық аяқтау үшін жетпей жатқан 172 млн теңгені республикалық бюджеттен бөлуге өтінім берілген. Қаражат мәселесі шешілсе, нысан қабылдауға дайын»,— деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.

Тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысқан облыс әкімі Құрықтағы кәріз жүйесінің жай-жапсарымен де танысты. Ол аудандағы әр нысанның жұмыс барысын бақылаған соң нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ аудан орталығына жақын орналасқан «Ерсай» ЖШС-іне де барды. ТШО «Болашақ кеңею жобасы» аясында жұмысқа орналасқан жергілікті тұрғындарды қысқартпау жөніндегі мәселелерге тоқталды. Осы орайда «Ерсай» ЖШС мен аудан әкіміне тапсырмалар берді.

Шынар КЕНДІН

 Суретке түсірген С.МАЙЕМЕРОВ