benzin перинаталдық орталық

Перзентті болғанына қуанған әке өзінің достарымен түн ішінде Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының аумағына келіп от жаққан. Ол өзінің жұбайын осылай құттықтамақ болыпты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 5 маусымға қараған түні Ақтауда болған. Қызметкерлердің айтуынша, «Тойота 50» көлігіне мінген  15-20 жас жігіт түн ішінде шлагбаумның ашылған кезін пайдаланып, «Ана мен бала» Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының аумағына өтеді. Жігіттер сигнал беріп, көлікпен ғимаратты айналып шығады.

«Содан соң ғимараттың терезесінің түбіне келіп, асфальтқа бензин төгіп, от жаққан. Олардың ешқайсысы жас босанған аналардың, сәбилері мен дәрігерлердің қауіпсіздігі туралы ойламады», — дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Орталықтың күзетшісі отты сөндіріп, түн тыныштығын бұзып, шулатқан жігіттерді аумақтан шығарып жіберуге тырысқан. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де келеді.

Перзентхананың аумағында от жаққан жігіт пен достарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 бабына (ұзақ бұзақылық) сәйкес хаттама толтырылды.

Суретті МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды