Тұңғыш Президент Н.Назарбаев биыл Жастар жылы деп жариялады. Осыған орай Жыңғылдыда ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауыл төрін ән сазымен әлдилей білген жалынды жастардың басын қосып, «Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» атты ұлттық тәлім-тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптейтін алтыбақан ойын-сауық кеші болып өтті.

Алтыбақан – қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, 3 арқан керек екен. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп, үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге, төменгі арқан табан тіреуге арналады. Қыз бен жігіт бір-біріне қарама-қарсы тұрып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да, оған тамашалаушылар қосылып, думандатып алып кетеді. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең тараған. Ойын көпшілікке арналған. Жастардың басын қосып, бірін–бірі құлай сүйген ғашықтарды кездестіруге, ұнатып жүргендері болса, бір-бірін табуға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алады.

Мінекей, біздің ауыл тұрғындары да орталық дала сахнасында болған алтыбақан ойын-сауық кешінің куәсі болды. Алтыбақанға көршілес Шайыр ауылының өнерпаз қыз- жігіттері әннен шашу шашса, Тұщыбек ауылының жастары қыран баптап, тазы ұстап, жүйрік мініп, саятшылық ұлы өнерімізді насихаттап, ортаға алып келді. Алтыбақан аясында қайны мен жеңге арасындағы әзілге толы айтыс көрерменді бір көтеріп тастады. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, жеңіліс тапқандары айыбына өз өнерлерін көрсетті. Осындай жыңғылдылық жалындаған жастардың басын қосып, тамаша кештің бастамасы саналған әдемі сазды кеш алдағы уақытта да жалғасын табады.

Л.СӘДУОВА,
Жыңғылды селолық мәдениет үйінің
көркемдік жетекшісі