Аты-жөнін атамауды өтінген жаны жайсаң, жүрегі жомарт, қолы ашық маңғыстаулық азамат облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 20 кереует сыйлап, дәрігерлерді қуантты. Құны 2,5 млн.теңге тұратын медициналық мақсаттағы кереует балаларды сауықтыруға арналған.

-Есімін атамауды сұраған бұл азамат өткен жылы бізге келіп, балаларға не сатып алсам болады деп айтқан болатын. Ауруханаға қажетті аппараттарды алдырғым келген. Алайда әріптестеріммен ақылдаса келе қымбат тұратын медициналық мақсаттағы кереуеттердің қажет екенін айттым. Өткен жылы 10 кереует сатып әкеліп берсе, бүгін тағы 10 кереуетті сыйлап отыр. Мұндай кереуеттер түрлі аурулармен ауыратын 13 жасқа дейінгі балаларды сауықтыруға өте қажет болатын. Бүгін біздің қуанышымызда шек жоқ. 20 кереуетті өзі әкеліп беріп, ұжымға тарту еткен қола ашық, жаны жайсаң, пейілі кең азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді ата-аналар балалары үшін алаңдамайтын болды. Екі жағы көтерілетін кереует өте ыңғайлы, балалар ұйықтап жатқанда да, құлап кетпейді. Аурухана ұжымы, ата-аналар мен балалар жомарт жанға қамқорлығы үшін ризашылығын білдіреді. Елімізде осындай азаматтардың қатары арта берсін,-дейді Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сару Ермұханова.

Дәрігерлердің айтуынша, кереует науқасқа ем-дом жасауға өте ыңғайлы. Төрт дөңгелегі бар кереуеттің алдыңғы және артқы жағы тізеге дейін түсіріледі. Жамылғысы да гигиеналық өңдеуге сай әрі өте төзімді.

Венера МИРЛАН

02

 

1 ПІІКІР