Бүгін Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында шымылдығы түрілетін Олимпиада ойындарының жеребесі тартылып, қазақ былғары қолғап шеберлерінің алғашқы қарсыластары кім болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

Жеребе тарту рәсімі аяқталғаннан кейін, 81 келіде ел намысын қорғайтын Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов өз әсерімен бөлісті, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат»

«Жеребе тарту рәсіміне боксшылар барған жоқ. Оған бас бапкеріміз Мырзағали Айтжанов барған болатын. Жеребе тарту көп уақытқа созыла қоймапты. Баруынан келуі тез болды. Келді де қай елдің боксшыларымен жұдырықтасатынымызды айтты. Мен бірінші айналымда бос екенмін. Ширек финалда Украина және Әзербайжан боксшыларының қай жеңгенімен жекпе-жекке шығамын. Қарсыластарымның барлығын жақсы білемін. Сондықтан аса бір қобалжып тұрған жоқпын», — деді Ниязымбетов.

Ол сондай-ақ, қарсыластарының ішінде мықтылары бар екенінде атап өтті.

«Жартылай финалға аман-есен жетсем өзбек боксшысы Эльшод Расуловпен жолым түйісуі мүмкін. Бұл боксшы да маған жақын таныс. Осыған дейін талай кездестік. Оның қалай жұдырықтасатыны маған мәлім. Ал үш дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио ла Круз екінші себетке түсіпті. Онымен финалда жолыққым келеді. Бұл боксшының да қалай бокстасатынын жақсы білемін. Алла қалап, финалға жетсем аянып қалмаймын», — деді Әділбек Ниязымбетов.