үй пәтер Шебір ауылында төрт
Көрнекі сурет сайттың архивінен

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады», – деп халқымыз орынды айтқан. Бар жақсыны балаға арнаймын деген кеңпейіл жандар көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай білдіріп жатады. Ондайлардың арамызда барына шүкіршілік етемін. Қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілін таныта білетін жандар туралы сөз етпекпін.

Менің 2015 жылдың қараша айында алғаш рет мектепке келген кезім болатын. Ол кезде 7 сыныпта оқитынмын. Қоңырау соғылды. Оқу ісінің меңгерушісі: «Сынып жетекшің осы кісі болады», – деп таныстырды.

Сынып жетекшім керекті құжаттарды түгелдеп алып, маған мейірімге толы жүзбен қарап: «Сені қазір сыныппен таныстырамын, өзіңмен кейінірек кеңірек таныса жатармын», – деп ұзын коридорға шықтық.

Иә, сыныптастарыммен таныстырып, сол күннен бастап менде жаңа орта, жаңа достар пайда болды. Әр жүздескен сайын «Берік жағдайың жақсы ма, сабақ нашарламау керек, сен мықтысың!» деп үнемі адамға деген жылы сөзін арнап, жаныма жігер бергені әлі күнге дейін жадымда. Сыныпқа келіп түгендеудің өзі қимас көріністер. Ол әзілмен «Аппақтарым менің, жағдайларың қалай?» десе, ал менен ерекше хал-жағдайымды сұрайтыны бар. Кейде сыныптастарыма: «Берікке көмектесіп тұрыңдар, бақылау, диктантқа» деп шығып кететін. Сол қимас сәттер әлі күнге көз алдымда.

Қазір колледждің 2 курс студентімін. Менің балалық шағымның көбі жетімдер үйінде өтті. Өзімнен кейін 5 қарындасым бар. Олар қазір мектепте оқиды. Сынып жетекшім Гүлнұр Ерланқызы Айтбекованың біздің отбасына көмегі көп тиді. Қарындасым Фариданың Италияға лагерьге барып келуіне мектеп директорымен бірге көмегін аямады. Өте жанашыр, мейірімді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға» демекші, бар білгенін жан-тәнімен үйретіп, бойындағы бар жақсы қасиетті балаға арнаймын деген ұстанымын ерекше құрметтеймін. Ұмытпаймын сол асыл қасиетін.

№8 орта мектептің биология пәні және әлеуметтік педагогі, көп балалы ана, сүйікті жар, әрі менің жанашырым әрдайым сынып жетекшім болып мәңгі қала бермек. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», – дегендей, қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстаған жандардың арқасында Наурыз мейрамы қарсаңында Маңғыстау ауылындағы жаңадан салынған көп қабатты үйлерден баспаналы болдым. Бұған мен қатты қуандым. Асыл жандардың қайырымдылығына өте ризамын. Солардың қатарында жүрген ұстазыма да шексіз алғыс айтамын.

Баспаналы болу қуанышыма сыныптастарым, ата-аналар комитетінен Әлия апай және ұстазым келіп, үйіме шашу шашқанда қуанышымды сөзбен емес, көз жасыммен жеткіздім. Осындай жандардың барына шүкіршілік етіп, алғысымды айтамын.

Берік ЮСУПОВ,
энергетикалық колледжінің 2 курс студенті