Маңғыстауда 4-6 мамыр күндері қазақтың Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы халықаралық гран-при турнирі өтіп жатыр. Жақсылық Үшкемпіров – 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы, еңбек сіңірген жаттықтырушы және Қазақстанның Еңбек ері. Ардагер спортшы Маңғыстауға келіп, спорт саласымен бірге, өзі айналысып жүрген мал кәсібі жайында да әңгіме қозғады.

— Еліміздегі грек-рим күресінің даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?

— Қазіргі халықаралық турнирдің деңгейін байқап отырсыз. Грек-рим күресінен қазақ елінің атын шығарған спортшыларымыз көп. Бәріміз де ірі спорт түрін өзімізге серік еттік. Қай чемпион болсын, осы үлкен жүкті арқалап жүру оңай емес. Мұндай нәтиже ауызбіршілік болмаса, келмес еді. Елдегі спортшылардың, жаттықтырушылардың ауызбіршілігі, татулығы керек, ең алдымен.

— Биылғы турнир Маңғыстауда өтеді. Өзіңіздің атыңыздағы халықаралық турнир қай жылдан бастап өткізіліп келеді?

— Қазір республика көлемінде грек-рим күресіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Бәріміз де ауылдан шықтық. Сол себепті ауылдың, облыстың деңгейіндегі спортты көтеруіміз керек. 26 жыл бұрын спорт саласы қалай еді, қазір қандай? Спортта үлкен өзгерістер болды. Маңғыстау елі де біршама өзгеріпті. Ақтау ерекше әдемі қалаға айналған. Бұрынғы Ақтаумен мүлде салыстыруға келмейді. Сіздер — киелі жердің ұрпағысыз. Біз осы киелі топырақта халықаралық турнирді тұңғыш рет өткізіп жатырмыз. Осы турнирді алғаш рет 7 жыл бұрын күресті бастаған мекенім – Шығыс Қазақстанда өткізген едім. Кейін Шымкент облысы, Алматы облысы, Алматы қаласында өтті. Биыл Маңғыстауда өтетіндігімен ерекше. Келесі жолы Атырауда, Батыс Қазақстанда, өзге де облыстарда өткенін қалаймын. Алматы, Талдықорғанмен шектелген дұрыс емес. Турнир жер-жерде өтсе, өлкедегі жастарға үлкен мүмкіндік болады.  Спорттан жеңіске жеткен азаматтарды көріп, жастар жігерлене түседі деп ойлаймын. Маңғыстау сияқты киелі мекеннен әлемді мойындатқан спортшылар шықсын деп тілеймін.

— Ауыл шаруашылығын кәсіп қылып жүргеніңізді білеміз. Қазір шаруа қалай болып жатыр?

— Ауылда дүниеге келгенімді айттым ғой. Спорттан үлкен жетістікке жетіп, өз мақсатыма жеткен соң, үйлі-баранды болдым. Осыдан 15 жыл бұрын Алматы облысы, Жамбыл және Балқаш аудандарынан жер алып, мал шаруашылығына ден қойдым. Малды асылдандыру жұмыстарын бастап кеттім. Мен қиын кезеңдерде ата-бабамыз айналысқан дәстүр мен еңбекті жалғастырушымын. Алматы облысынан 3 жыл бойы малды экспортқа тек мен ғана шығардым. Айтарлықтай қоржынымыз толы болған жоқ, бірақ жастарға үлгі болайын дедім. Алғашқы кезеңде мал өсіріп пайдаға кенелгенім жоқ. Киелі жерде кәсібімді жалғастырып жатырмын. Ірі қара, жылқы малына тәжірибе жасап, асыл тұқымды мал алу үшін бар жағдайды жасадық. Өз қаражатыммен мал бағып жатқан ауылыма газ тартып бердім, сол маңға балалар үшін спорт кешенін салдым, балабақша тұрғыздық, қолжетімді пәтер болу үшін 50 отбасыға тұрғын үй салдым, 100-ден аса адамға жұмыс бердім. Мал ата-баба кәсібіндей жазда жайлауда, қыста қыстауда  жүретіндей мүмкіндік жасадым.

— Неліктен бұл кәсіпті серік еттіңіз?

— Мен мал бағу кәсібіне тектен-тек келген жоқпын. Біріншіден, бұрынғы мамандығыма қайта оралдым деп айтуға болады. Екіншіден, жеріміз мал бағуға жаралған. Құнарлы қасиетті топырақтың киесі бар. Ата кәсіппен айналысу – ұрпақтардың міндеті. Мұнай таусылса да, мал қырылып қалмайды. Сол себепті жастарды ата кәсіппен айналысуға итермелеу керек. Мен қаншама шығынға баттым, бірақ өз миссиямды жалғастырып келемін, шама келсе жастарға осыны үйреткім келеді. Ауылды көтеру керек. Әрбір қазақ азаматы өз ауылына көмек беруі тиіс. «Туған жерге туыңды тік» деген қазақта тәмсіл бар. Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Сондықтан ұлттың жанашырлары ата кәсіпті игеріп қана қоймай, малдың санын көбейту керек. Қазақ сонысымен өзге ұлттардан ерекше болады.

Айгүл ДӘДЕН
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ