сайын аға

Қазақтың біртуар ұлтжанды азаматы, кезінде өзі құрған «Парасат» қоғамының төрағасы болған, Сайын Нәдірұлы Шапағатов ағамыз жайлы есте қалған кейбір жайларды айтсам деп едім.

Сәкеңмен 80-жылдардың аяғында өзі құрған «Парасат» қоғамының қызметі барысында танысып, пікірлес болып, сол қоғамның мүддесіне, ел мүддесіне бірге қызмет жасап едік.

Ол кезде мен үлкен автокәсіпорында ауысыммен жұмыс істеп, тәуліктік кезекшіліктен кейін аз тынығып, Сәкеңнің жанынан табылатын едім. Жеке көліктің де қат кезі, дегенмен Сәкең сұраса бәрі де табылар еді, бірақ ол кісі биліктен, басшылықтан өзі үшін ештеңе сұраған емес. Сондықтан менің ескі «Москвич» көлігіммен де жолға шығып жүре беретінбіз. Алайда Сәкең ешқашан жалғыз жүрмейтін: жанымызда белгілі жырау Жақсылық Елеусінұлы, Сержан Шәкіратұлы, Ізбасар Шыртанұлы, Күріш Тасболатұлы, актер әрі режиссер Ізтілеу Сарсенғалиев аға т.б. өнерлі әнші-күйшілермен қатар Жаздырхан Сейдалыұлы, Рахмет Лұқманұлы, Данияр Аралбаев, Сабыр Адай, Матай Төлемісов, Қожахмет Демеубергенұлы, Ізтұрған Ахметов, Ордалы Мұқанов, Шәрелхан Әленов, Қоңырғазы Аяғанов және «Парасат» қоғамының сан қырлы өмірін суретке және таспаға түсіріп, есте қалдыруға бірден – бір атсалысқан кинофототележурналист Бейбіт Нұрсейіт т.б.сияқты қоғам мүшелерімен қоғамның әр деңгейдегі жиындарында бірге болатынбыз. Сол жолда кейде Жаңаөзенде, кейде Құрықта, кейде Жетібайда, тағы бірде Ақшұқырда, тағы бірде Қызылтөбеде түстене жүріп, ел аралайтынбыз. Сол жүрген жерлерінде Сәкең халықпен кездесіп, жергілікті жердің әлеуметтік жағдайымен жете танысып, мұң-мұқтажын тізіп алып, билікке жеткізіп, заңды талаптар қоятын. Жиын соңында жыр мен күй тыңдатып, елді риза қылушы еді.

3 «б» шағынаудандағы училище ғимаратында сол кезде директор Дәуіт Нүкеновтің және көркемдік жетекші Нұрлан Әміровтың қолдауымен «Парасат» қоғамының көркем өнерпаздар ұжымын құрып, марқұм режиссер Ізтілеу ағаның басшылығымен жұмыстан кейін кешке немесе демалыс күндері әртүрлі концерттердің және «Ажар мен ажал» спектаклінің дайындықтарын жүргізуші едік. Ізекең әрқайсымызға лайықты рольдер бөліп берген. Тағы бірде 13 шағынаудандағы жас өнерпаз Марат Жариевтің пәтерінде, артынан 22 шағынаудандағы біздің үйде де дайындық жүргіздік. Осылайша Сәкең «Парасат» қоғамы жанынан мықты жергілікті өнер ұжымын қалыптастыра бастап, оған өзі «Тамшалы» деп алдынала ат та дайындап қойып еді. Әттең, денсаулығы сыр бере бастаған, уақыты тығыз, өмірі қысқа Сәкең бұл шараларды аяғына дейін жеткізе алмады. Алайда 8 наурыз және Амал мерекесі қарсаңында Абай сарайында мықты қазылар алқасын құрып, «Әжелер сайысын», «Келіндер сайысын» және «Ынтымақ» алаңында Наурыз тойларын керемет қылып өткізген.

Бұдан бөлек Сәкең өлкеміздегі жер, су, экология мәселелеріне де арнап бірнеше жиындар өткізіп, билікке талай Үндеулер жіберген. Осындай алқалы жиындарға белгілі жырау Жақсылық Елеусінұлын, қаладағы жалғыз мешіттің бас имамы Ахметхан қажыны, соғыс және еңбек ардагерлерін қатыстырып, пікірлерін тыңдап, елді ылғи да имандылыққа, шариғат жолына бағыттап отыратын. Ол кезде қала маңы қазіргідей тығыз емес, Қызылтөбе, Өмірзақ, Ақшұқыр, Тельман сияқты қадау-қадау 3-4 ауыл ғана болатын. Соның ішінде Қызылтөбе ең алысы еді. Жақсылық жырау алғашқы жылдары сол Қызылтөбе аулында тұрған. Оның үстіне, Жәкең отбасымен сол ауылдың ең қия шетінде, іші сыз, өте жағдайсыз бір уақытша баспанада тұратын. Жәкеңді әр жиыннан кейін үйіне жеткізу, әрине, менің міндетім. Сонда ол кісі әр жолы:«Тарт, бала, адресті білесің ғой: Транспортная, 7, Қызылтөбенің шеті» деп ылғи да барғанша өлеңдететін. Сонда Сәкең марқұм қала билігіне әлденеше рет хат жолдап, Жақсылық жыраудың отбасына сол кездегі қаланың ең жаңа, 29 шағынауданнан жылы да жайлы 3 бөлмелі пәтер алуға ықпал еткен еді.

Айтпақшы, сол азғантай ауылдардың бірі – Тельман ауылы, «Парасат» қозғалысының ұсынысымен және қазіргі төрағасы Данияр Аралбайұлының табандылығымен өзгертіліп, Сайын ауылы аталады.

Сонау 1991 жылдың сәуір айында қалалық автобус паркіне қоғам атынан хат жолдап, 8 дана автобуспен Шопан Ата және Оғландыдағы Бекет Ата басына Маңғыстаудың қарапайым тұрғындары үшін зиярат ұйымдастырып, сауапты іс атқарғанын қалай айтпасқа. Мен де осы жолы өзім жұмыс істейтін авто кәсіпорыннан отын-суға, малға бірнеше ірі көлік сұрап алып, соларды өзім бастап барған едім. Сол сапарға бір келінімді (інімнің келіншегін) ала кетіп, біраз уақыт бала сүйе алмай жүрген келініміз келер 1992 жылы ұлды болып, сол баламыз, құдайға тәуба, қазір жасы 25-тен асқан, үйлі-баранды. Бұл да болса, әуелі Алла, сосын Бекет Ата, қала берсе, Сайын Шапағатовтың шапағаты деп білеміз. Сәкеңнің Жаңаөзен оқиғаларына араласуы, «Парасат» қоғамын құруы дүйім жұртқа онсыз да мәлім. Бұдан бөлек, ол кісінің сол кезде қаланың жаңа 13 шағынауданда жаңадан салынып жатқан №21 мектептің тағдыры үшін қатты алаңдағанын білеміз. Өйткені сол кездегі саясат бойынша мектеп не орысша, не аралас мектеп болуы керек еді. Алайда Сәкең қала билігімен айтысып жүріп, мектептің таза қазақ мектебі болып ашылуына қол жеткізу жолында халықтың және өзіміздің қоғам мүшелерінің қолдауына да сүйенген еді: сол кезде әрқайсымыз үй-үйлерді аралап, ата-аналармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенбіз. Сәкең сонда мектеп басшылығына білгір педагог, сол кездегі облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры Ерболат Нұрмағанбетовты ұсынған. Сол мектептен, құдайға шүкір, 1990 жылдан бері қаншама шәкірттер түлеп ұшты. Бұл күнде сол мектепті тәжірибелі ұстаз, қалалық мәслихат депутаты Сәуле Сансызбайқызы Шудабаева ханым басқарады. Енді осы мектепке Сайын Шапағатов есімі берілуіне атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Осы бағытта Данияр Аралбайұлы Сайын Шапағатов 70 және 75 жасқа толу құрметіне байланысты, мектеп ұжымының қолдауымен облыс және қала әкімдігіне арнайы ұсыныс хат жолдағаны да есімізде. Бірақ әлі осы мәселе шешуін таппай келеді. Оның үстіне, көзі тірісінде 5-ші шағынауданда өзі тұрған үйге таяу, теңіз жағалауына жақын алаңқайдан Сәкеңе еңселі ескерткіш тұрғызылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлі есімде, бір күні Сәкеңнің ұзын коридордың ең шетіндегі аядай ғана жұмыс кабинетінде тағы да бір кезекті шараларды талқылап отырғанымызда: «Ассалаумағалейкум, Саке», — деп өзінің шалалау қазақшасымен сол кездегі облыс басшысы Федор Афанасьевич Новиковтың өзі сәлем беріп кіріп келгені бар. Бұл да болса, ағаның қоғам алдындағы, билік алдындағы асқан беделін көрсетсе керек-ті…

Сәкең ылғи да ой үстінде, ылғи да толғаныста жүретін: Жаңаөзенге дейінгі ұзақ та кедір-бұдыр жол бойында сол толғаныспен қатар, ыңылдап, қазақи әуенмен қоңыр дауыста жайлап әндетіп отырушы еді. Ол кісінің шетте жүрген қандас бауырларымыздың елге, ата-жұртқа біртіндеп оралуына да атсалысқанын білеміз. Бұған соның бастамасы ретінде қаламызда Иран Ислам Республикасының футбол командасымен ойын ұйымдастыруы — нақты дәлел. Оның үстіне, сәл кейін, өзім облыстық көші-қон бөлімінде қызметте болғанда Сәкеңнің арманы орындалғанын мен өз көзіммен көрдім: маған қызмет бабымен теңіз айлағынан бірнеше рет алып су кемелерімен, бірнеше рет ұшақпен ата жұртқа жаппай, түпкілікті қоныс аударған қандас ағайындарды күтіп алып, елге, жерге бейімделгенше олардың арасында болу бақыты бұйырған еді. Ал Сәкеңнің тамаша саясаткерлік қырын облыс орталығына өзінің бұрынғы, тарихи «Ақтау» атын қайтарып алудағы еңбегінен тағы да таныдық. Өйткені ол кісі де өлкеміздің басқа да көзі ашық азаматтары сияқты, түбектегі бас-аяғы 3 қаланың 2-нің «Шевченко» аталуына көңілі қаяулы еді. Өзінің онсыз да сирек алатын жеке еңбек демалысын, денсаулығын сарп етіп, сол кездегі астанамыз Алматыда Елбасының қабылдауына кіріп, өлкеміздің жер, су, экология т.б. қордаланып қалған әлеуметтік мұң-мұқтаждарын жайып салған еді. Олардың арасында облыс орталығына өзінің бұрынғы тарихи Ақтау атын қайтару мәселесі де бар болатын. Осыған байланысты, жер-жердегі мекемелерде жиналыс, митингілер өтіп, халықтық қолдау көрсетіліп жатты. Мен де өзім істейтін автокәсіпорында, сол кездегі партия ұйымының хатшысы ретінде, жиналыстар өткізіп, хаттамаларын «Парасат» қоғамына жолдап, облыстық газеттерге 2 тілде мақалалар шығарып отырдым (олар менің жеке архивімде сақтаулы). Ақыры Сәкеңнің халықпен бірлескен табанды еңбегінің арқасында ақмаржан қаламызға «Ақтау» аты қайтарылды. Алайда осы туралы шыққан Үкімет Қаулысының мәтініне көңіліміз толмап еді-ау сол шақта. Өйткені онда «Шевченко қаласы Ақтау болып аталсын» деп қысқа қайырылған. Құдды бір жер бетінде бұрын «Ақтау» деген қала болмағандай! Ал біз болсақ, Үкіметтен «Облыс орталығына бұрынғы, тарихи төл атауы «Ақтау» аты қайтарылсын» деген қаулыны сұрап едік…

Сайын ағаның әкесі, халық мұғалімі, Маңғыстаудағы алғашқы ұстаздардың бірі Нәдір атаны да көріп, Сәкеңе мазар салынған мезгілдерде аз-кем сұхбаттас болғанбыз. Сәкеңнің жары Фарида жеңгейдің де қолынан шай ішкен едік. Ол кісі сол 1990 жылдың қоңыр күзінде марқұм Фариза апаның елге бір келгенінде, екеуі біздің үйден де дәм татқаны бар. Екеуін 22 шағынаудандағы өзім тұратын жатақхана үйіме алып келгенде, менің жұбайым Лала оларды сәлем етіп қарсы алып, марқұм Фариза апам Фарида жеңгейге қарап: «Кейбір әкім-қаралар да үйіне шақыруға бата алмаушы еді, шақырғанмен бәріне бара да бермеймін ғой, бірақ мына бір баланы қалай тыңдап қалдым екен?!. Охо, өздері жатақхана дейді, кітаптарын қараңыз», — деп бірден менің үлкен кітап сөрелеріме келіп: «Тіпті бұлар поэзия да оқиды екен», — дегенде: «Иә, апай, Сіздің де кітаптарыңыз бар», — деп арасынан апаның «Шілде» өлеңдер жинағын суырып алғанымда риза болып, дереу қолтаңба жазып беріп еді–ау! Ол күнде жұбайым Лала кенже ұлымызға жүкті еді. Оған да екеуі игі тілектерін айтып, баталарын беріп еді. Сол ұлым Хамит қазір, аллаға шүкір, жасы 27-де, Алтын келініммен отау көтеріп, қазір қолымызда, екеуі де мамандықтары бойынша қызметте. Сонда Фариза апаның тағы бір айтқаны: «Мен ел аралағанда ең алдымен қазан-ошақ жаққа бұрылып, сондағы қызмет жасап жүрген келін-кепшіктермен амандасам, ал кетерде тағы барып, ризашылығымды білдіріп, қоштасып кетем. Өйткені, қонақ күтуде басты еңбек солардыкі, ал көрмесе олар ертең: «Кеше пәленше деген біреу келіп кетіпті ғой» демей ме?!.. Сол бойда мен де апайдың мұнысы кез келген адам үлгі алатын қасиет екен деп түйдім өзімше.

Мен бұл жерде өзім білетін, өзім көрген, өзім тікелей жуан ортасында жүрген жайттардың бір парасын ғана айтып отырмын. Ал жұмысбастылықпен немесе пендеуи күйбің тіршілікпен мен қатыса алмай қалған шаралар, игі істер қаншама дерсің. Осының бәрі әлі егемендіктің орнамаған, аумалы-төкпелі, алмағайып кезеңнің оқиғалары екенін ескерсек, бұл үшін асыл ағаға қаншама батылдық, қаншама іскерлік пен жүйке және ерік-жігердің қажет болғанын бағамдау қиын емес шығар.

Алайда қайран ағаның ғазиз жүрегі сол бір 1991 жылдың 1-желтоқсанында мәңгілікке тоқтап, мейірімсіз сұм ажал арыстай азаматымызды арамыздан мезгілсіз алып кетті. Еліміз елуді енді еңсерген еңіреген ерінен осылайша айрылып қала берді…

Осы естеліктерге қоса, марқұм Сәкеңмен «Парасат» қоғамында бірге үзеңгілес болған сол ұмытылмас, қайталанбас, жарқын күндердің белгісі ретінде өзім 27 жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап келген 40 дана фотосуретті де қоғамға аманаттап отырмын. Осы орайда «Парасат» қоғамында үзеңгілес, пікірлес болған басқа да азаматтар аталмай қалса, бәрінен ғафу өтінем…

Қуатбай ЕРЖАНҰЛЫ