mangystau ауыс-түйіс
  1. Маңғыстаудағы ең үлкен ауыс-түйіс облыс әкімінің тағайындалуы болды. 3 жылдан аса өңірді басқарған Алик Серікұлы Айдарбаевтың орнына 14 наурыз Амал күні Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов келді. Осыған дейін Ералы Лұқпанұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ал Алик Айдарбаев Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі қызметіне ауысты. Бір қызығы, кеткен әкім мен келген әкім түйдей құрдас, екеуі де 54 жаста.
  2. Көптің назарын аударған ауыс-түйістің бірі – Ақтау әкімінің ауысуы. Серікбай Трұмов қала әкімі қызметінен босап, орнына Ғалымжан Ниязов тағайындалды. Ғалымжан Мұқырұлы бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және инновация мәселелері бойынша кеңесшісі қызметін атқарып келген. Ал Ақтаудың экс-әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстау облысы мәслихатының хатшысы қызметіне кірісті. Жаңа әкімнің жасы – 44-те, ал экс-әкім 53 жастан асқан. Серікбай Трұмов бұған дейін Түпқараған ауданы мен Жаңаөзен қаласында әкім болды.
  3. Өлкеміздегі ең қызық тағайындаудың бірі – Бейнеу ауданы әкімінің ауысуы. Биылдан бастап Бейнеу ауданының су жаңа әкімі Бейнеубек болса, экс-әкімінің аты Басшы. Өңір тұрғындары әкімдердің есімі қалай дәл қойылғанына таңғалады. Сонымен ауданды 1992 жылдан бері тура 25 жыл басқарған Басшы Әзірхановтың орнына 42 жастағы Бейнеубек Әбілов әкім болып келді. Ал Пайғамбар жасқа жеткен Басшы Айжанақұлы облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
  4. Биыл облыстық әкімдікте ауыс-түйіс аз болған жоқ. Солардың бірі — облыс әкімінің орынбасарларының тағайындалуы. Атап айтсақ, Руслан Сакеев, Мақсат СқақовСерік Аманғалиев тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың тамыз айында Маңғыстау облысы мәслихатының бұрынғы хатшысы Бекмұрат Жүсіпов Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын.
  5. «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясының басшысы қызметіне Сүйіндік Тасеменұлы Алдашевтің келуі де маңғыстаулықтар үшін жаңалық. Бұған дейін Сүйіндік Тасеменұлы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
  6. Биыл Ақтаудағы ең ірі оқу ордасы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры тағайындалды. Бұған дейін 4 жыл Есенов университетін басқарған Әділбек Ботабековке айтылған арыз аз болған жоқ. Ал су жаңа ректор Берік Ахметов еңбек тәжірибесінде бірінші рет оқу орнының басшылық қызметіне отырды. Бір таңғаларлығы, 2001-2005 жж. Есеновті өзге Ахметов (Әшімжан Ахметов) басқарыпты. Ректорлыққа тағайындалмас бұрын Берік Ахметов Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі вице президенті қызметін атқарды.
  7. Қалмұратова қала әкімдігіне қайта оралды. Нақтырақ айтсақ, Гүлмира Мұратқызы Қалмұратова Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне келді. 2003-2007 жж. Гүлмира Қалмұратова дәл осы қызметте болған. Бұған дейін ол басқарған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Есбергенова Звира Түгелқызы келді.
  8. «Маңғыстау» арнасына жаңа директор ақын, журналист Әнуарбек Бимағамбеттің келуі де үлкен жаңалықтың бірі. 1980 жылы дүниеге келген Әнуарбек Қосымұлы бұған дейін Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, баспасөз хатшысы, «Шерқала», «Әбіш әлемі» журналдарында редактор қызметтерін атқарған.  Айта кетейік, 47 жылдық облыстық арна тарихында оны алғаш рет жерлесіміз басқарып отыр.

P.S. 20 шақты күн ішінде тағы да өзгерістер болмаса, әзірге бұл жылдың ең ірі ауыс-түйістері осы. Біз айтпаған ұсақ-түйек өзгерістер болуы бек мүмкін. Ендеше, кімді ұмыттық? Пікір қалдырыңыз!

Айгүл ДӘДЕН
Коллажды құрастырған Талант ҚҰСАЙЫН